«Отандастар қоры» мен Мәдениет және спорт министрлігі шетелде тұратын қазақтарды қолдау шараларын бірлесіп өткізеді. Осы мақсатта «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың президенті Нұртай Әбіқаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды мәдениет және спорт саласында қолдауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды нығайту туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды қолдауға бағытталған бірлескен мәдени және спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша екі тарап арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуды мақсат етіп отыр. Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, меморандум шеңберінде бірқатар жоба жүзеге асады.
– Елбасы шетелде тұратын қандастардың жағдайын жасауды үнемі басты назарда ұстайды. Биыл бірқатар мәдени іс-шараларды бірлесіп өткіземіз. «Қасиетті қазақ елі» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі, Ресейде қазақ музыкасының концерттері, Қазақстанның киелі жерлеріне экспедициялар және тағы басқа да мәдени іс-шараларды өткізуге келістік. «Отандастар» кітапханасында отандық баспа басылымдары мен қазақ диаспорасы туралы шетел әдебиеті мен шетелдегі қандастардың шығармалары көпшілікке ұсынылады», – деді министр.
«Отандастар қоры» ҚҒАҚ президенті Нұртай Әбіқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қиырдағы қазақтарға жан-жақты жағдай жасалып жатқанын айрықша атап өтті.
– Елбасының бастамасымен құрылған қордың бүгінде атқарған жұмысы жетерлік. Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі қандастарға байланысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Оларды жан-жақты қолдау, елге көшіп келген ағайынның бейімделуіне көмек беру үшін «Отандастар қоры» 2019-2022 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Мақсатымыз – ұлттық бірегейлікті сақтау. Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі қазақтарды қолдау жоспарын даярлады. Қазіргі кезде тек қана квота арқылы елге ораламын деген қандастарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Міндетіміз – шетелдегі қандастар туралы мәліметтерді жүйелеу, зерттеу жүргізу. Алыстағы ағайынның тұрмыс-тіршілігінен ұдайы хабардар болып отырмыз. Елге келгендердің арасында спорттық, мәдени шараларды министрлікпен бірлесіп өткізуді қолға алып жатырмыз. Елбасы шетелде тұратын 5 миллион қазақтың оралуына жағдай жасау керегін ұдайы айтып келеді. Биыл – Жастар жылы. Біздің қор жастарға да ерекше назар аударып отыр. Күзде «Отандастар» форумын өткізу жоспарда бар. «Киелі Қазақстан» жастар слетін өткіземіз, – деді Нұртай Әбіқаев.
Меморандум аясында халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шараларды бірлесіп өткізеді. Шетелдік этникалық қазақтар үшін оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеп, шығарады. Интернет-ресурстармен қамтамасыз етеді. Ұлттық академиялық және Ұлттық кітапханасы бірлесіп, шетелдегі қандастар туралы кітаптардан «Отандастар» кітапханаcын жасақтайды. Шетелде тұратын отандастарды мемлекеттік шығармашылық оқу орындарында және Олимпиадалық резерв мектептерінде оқыту үшін квоталар немесе гранттар бөлу мәселесі шешімін табады.