COVID-19: Науқастарға тіл тигізгендер 9 миллион сом айыппұл төлейді

COVID-19: Науқастарға тіл тигізгендер 9 миллион сом айыппұл төлейді

Өзбекстанда коронавируспен ауырғандарға тіл тигізгені үшін жауапкершілік қарастырылған, – деп хабарлайды «Хабар 24». Карантинде жатқан науқастың не болмаса емделіп шыққан азаматтың ар-намысын қорлап, олардың жеке мәліметтерін жариялағандар әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұл көлемі – 9 млн сом. Бұл біздің валютаға шаққанда шамамен 400 мың теңге. Ойланбай сөйлеп, опық жегендер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгінде көрші мемлекетте 1380 коронавирус дерегі тіркелген. – Өкінішке қарай, кейбір дәрігерлер алаңғасарлық танытып жүр. Мәселен, Ташкентте бір азаматтың дене қызуы көтеріліп, ол 16 күн бойы қалалық емханаға барып қаралған. Ал дәрігерлер оған медициналық көмек көрсетіп, үйіне жібере салған екен. Науқастың денсаулығы қатты сыр берген кезде ғана медицина қызметкерлері анализ алып, нәтижесінде бұл адамның коронавирус жұқтырғанын анықтайды. Ал ол осы уақыттың ішінде 30 азаматпен байланыста болып үлгерді. Қазір олардан да вирустың белгілері байқалып жатыр, – дейді Өзбекстан Бас прокуратурасының басқарма бастығы Содикжон Бердиалиев.