Көше атауы үшін күрес
Көше атауы үшін күрес
382
оқылды
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толмақ. Бірақ бү­гінге дейін әлі қа­зақ ті­лінде сайрап, ойын айт­пақ тү­гілі, ана тілінде сөй­­леуді на­­мыс көретіндер жетер­­лік. Ал көше, қала, аудан, ауыл атау­­ла­ры бұрын­ғы Кеңес дә­уі­рін­дегі ма­ғынасыз атау­лар­мен ата­луда. Дегенмен ал­ға жылжу бар болса да, бұл та­қырыптағы мә­селе жетер­лік. Көше атауы үшін күрес жалғасып келеді. Қарағанды қаласында жыл­дар бойы арман болып келе жат­қан орталық көшелердің бірі Ленин атауын биыл ғана қаза­қы­ландырды. Ол отыз жылдай жүр­гізілген жұмыс­тың жемісі десе де болғандай. Мы­салы, сол көше атауын өзгерту ту­­ралы жиында кө­ше атауын қазақ­шалауды қол­да­ғандар саны мол болды. Қарсы болған­дар да жетіп артылды. – Қазір Қазақстан – мүлде бас­қа мемлекет, өз тарихы бар ұлт, идеологиясы да бөлек. Сондықтан Ленин көшесінің атауын өзгертуді дұрыс көремін. Бұрын билік бәріне жақсы боп көрінгісі кел­геннен көше атауы өзгеріссіз қалды. Ал қазір қоғамдық пікір айту­шылардың қа­тары жаңарып, халық ояна бастады. Мәскеуде 1991 жылы бір жылда 600 көшенің атауын өзгертті. Ешкім қарсылық білдірмеді. Бұл тақырыпта қоғам­дық тыңдау да өткен жоқ, – дейді азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов. Қазақ жігіттерінің мәрттігі, еліне деген сүйіспеншілігі де осы сың­дарлы сағатта білінгені де бар. Жиналған қауымның ішінен бұрынғы атауды қалдырсын деп жүргендердің бірі: «Көше атауларын өзгертуге қыруар ақша кетеді. Оған кететін қаражат менің төлейтін салығымнан ұсталады. Одан да сол ақшаға қаланың басқа мәселелерін шешкеніміз дұрыс» дегенінде, кәсіпкер, «Нәтиже» сүт компаниясының басшысы Ерлан Әшім атауларды ауыстыруға кететін шығынның бәрін өзі басқаратын кәсіпорынның көтеріп алуға дайын екенін айтты. «Сіздер салық туралы айтып жатырсыздар. Мен кәсіпкер ретінде республикалық бюджетке жыл сайын 250-300 млн теңге, ал об­лыстық бюджетке 50 млн тең­ге кө­лемінде салық төлеймін. Егер көше атаулары өзгеретін болса, бұдан да көп соманы төлеуге дайынмын. Көше бойындағы тақтай­шаларды ауыстыру шығын­дарын өз мойныма аламын», – деді Ерлан Әшім. Жиын соңында қараған­ды­лықтардың бірауыздан дауыс беруі­мен Ленин көшесінің атауы – Абай Құнанбайұлы, Приканальная – Сарыарқа, Кривогуза – Қасым Аманжолов, Защитная – Григорий Потанин, Зональная – Александр Затаевич, Олимпийский – Нар­манбет Төлепов, Волочаевская – Камали Дүйсембеков, Кувская – Қазыбек Нұржанов және Аманжолов Балқантау көшесі болып өзгеретін болды. Дегенмен облыс орталығы Қарағанды қала­сына қарасты Октябрь ауданына «Алашорда» үкіметінің негізін қалаған, ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханның атын беру туралы сөз 2016 жылы шыққан болатын, бірақ бұл әлі сөз жүзінде қалып қойды...    width=

Арқалыққа да қазақша атау керек

 «Қазағы қалың Арқалықта ауыл, көше атаулары әлі орысша» дейді қала тұрғыны Марат Қай­сарбекұлы. – Мысалы, қалаға жалғасып жатқан Родина, Новый, Западный, Дорожник, Камышы, Северный елді мекендерін алайық. Тәуел­сіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл атаулардың еш­қайсысы өзгермеді. Таяуда Қарағандыда 10 көшенің атауы өзгеріп, қала орталығы әжептәуір қазақыланып қалған-ды. Сол игілікті істі Арқалық қаласында да жасауға болады ғой. Ескі атау­лардан арылайық, – дейді Марат. Ол «Арқалық қаласының әкімдігі, мәслихаты, Ақсақалдар кеңесінің осы бағытта жасаған жұмыстары мардымсыз» дейді. – Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл атаулардың ешқайсысы өзгер­меді. Көше аттарын ауыстыру әлде­қашан жүруі тиіс еді. Өкінішке қарай, ол мәселе де кешеуілдеп тұр. Енді уақыт өткізе берудің жөні жоқ. 2021 жылы егемен ел болға­нымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Соған орайластырып биыл және келесі жылы аймақтағы елді мекен мен көше атауларын жаппай өзгерту қажет. Бұған жергілікті ха­лық дайын деп ойлаймын. Торғай жерінде атын көшеге беруге бо­латын тарихи орындар да бар. Екідің, Дулығалы мешіті, 1916 жыл­ғы ең үлкен ұлт-азаттық көте­ріліс өткен Татыр, Доғал-Үрпек секілді тарихи орындарға лайықты көше атын беріп жатсақ, бұл да аталған жерлердің халық жадында сақталып, біліп жүрулеріне сеп болар еді, – дейді белсенді.  

Павлодар да көзге түсті

Жақында «Ертіс-Баян өңірі­нің тұрғындары, құтты болсын! Қоғамдық тыңдаулардың нәти­жесінде облыстың бас қаласында бірқатар көше атаулары өзгер­тіл­мек. Маркс, Короленко, Крупская, Киров, Чкалов және та­ғы басқа кеңес-коммунистік тұлға­лармен мәңгі қоштастық. Тариxи әділдік! Өмірдің қызығы – олардың орнына кеңес империясы қырған ұлттық руxани және саяси көсемдер келіп тұр. Әлиxан, Ермаxан, Мәшһүр, Жүсіпбек аға­­ларымыздың аруақтары риза болсын! Желтоқсанның аты да, өзі де ерекше», – деп Максим Споткай жұртшылықтан сүйінші сұрады. Жөні бар, өйткені басқа ұлт өкілдері көп шоғырланған Павлодар қаласында 13 көшенің атауы ресми өзгерді. Тіпті, ғима­раттар маңдайшасына көше атауы жазылған тақтайшалар қойылып үлгерген. Енді 1 Май көшесі бұдан былай Мәшһүр Жүсіп Көпеев деп аталады. Ал бұрынғы Көпеев көшесіне Ақбеттау деген атау берілді. Сондай-ақ Короленко – Бұқар жырау, Крупская Едіге би көшесі болып өзгерді. Көшелердің жаңа атауына қатысты құжаттар әділет органдарында 12 сәуірде тіркелген. Қазір мамандар басқа да көшелердегі ғимараттарда ілінген тақтайшаларды ауыстырып жатыр. Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімі басшысы Батырбек Қайыр: – Кезінде көнеден келе жатқан дәстүрмен қойылған тарихи атау­ларымызды қалпына келтіру мәсе­лесіне енді бүгінгі күннің көзі­мен қарауымыз қажет. Өйткені төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық, – деді. Бұл елімізде жүргізіліп жат­қан атауларды қазақыландыру жұмыстарының бір парасы ғана, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатынына сенім мол. Өйткені бізде Рыбачий, Приканальный, Раздольное, Трансформаторное және тағы басқа атаумен көшелер, Октябрь сияқты аудан, Павлодар, Петропавлск сияқты ескілікті жыр қылып тұрған қала атаулары әлі бар.  

 width=   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ