Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толмақ. Бірақ бүгінге дейін әлі қазақ тілінде сайрап, ойын айтпақ түгілі, ана тілінде сөйлеуді намыс көретіндер жетерлік. Ал көше, қала, аудан, ауыл атаулары бұрынғы Кеңес дәуіріндегі мағынасыз атаулармен аталуда. Дегенмен алға жылжу бар болса да, бұл тақырыптағы мәселе жетерлік. Көше атауы үшін күрес жалғасып келеді.
Қарағанды қаласында жылдар бойы арман болып келе жатқан орталық көшелердің бірі Ленин атауын биыл ғана қазақыландырды. Ол отыз жылдай жүргізілген жұмыстың жемісі десе де болғандай. Мысалы, сол көше атауын өзгерту туралы жиында көше атауын қазақшалауды қолдағандар саны мол болды. Қарсы болғандар да жетіп артылды.
– Қазір Қазақстан – мүлде басқа мемлекет, өз тарихы бар ұлт, идеологиясы да бөлек. Сондықтан Ленин көшесінің атауын өзгертуді дұрыс көремін. Бұрын билік бәріне жақсы боп көрінгісі келгеннен көше атауы өзгеріссіз қалды. Ал қазір қоғамдық пікір айтушылардың қатары жаңарып, халық ояна бастады. Мәскеуде 1991 жылы бір жылда 600 көшенің атауын өзгертті. Ешкім қарсылық білдірмеді. Бұл тақырыпта қоғамдық тыңдау да өткен жоқ, – дейді азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов.
Қазақ жігіттерінің мәрттігі, еліне деген сүйіспеншілігі де осы сыңдарлы сағатта білінгені де бар. Жиналған қауымның ішінен бұрынғы атауды қалдырсын деп жүргендердің бірі: «Көше атауларын өзгертуге қыруар ақша кетеді. Оған кететін қаражат менің төлейтін салығымнан ұсталады. Одан да сол ақшаға қаланың басқа мәселелерін шешкеніміз дұрыс» дегенінде, кәсіпкер, «Нәтиже» сүт компаниясының басшысы Ерлан Әшім атауларды ауыстыруға кететін шығынның бәрін өзі басқаратын кәсіпорынның көтеріп алуға дайын екенін айтты. «Сіздер салық туралы айтып жатырсыздар. Мен кәсіпкер ретінде республикалық бюджетке жыл сайын 250-300 млн теңге, ал облыстық бюджетке 50 млн теңге көлемінде салық төлеймін. Егер көше атаулары өзгеретін болса, бұдан да көп соманы төлеуге дайынмын. Көше бойындағы тақтайшаларды ауыстыру шығындарын өз мойныма аламын», – деді Ерлан Әшім.
Жиын соңында қарағандылықтардың бірауыздан дауыс беруімен Ленин көшесінің атауы – Абай Құнанбайұлы, Приканальная – Сарыарқа, Кривогуза – Қасым Аманжолов, Защитная – Григорий Потанин, Зональная – Александр Затаевич, Олимпийский – Нарманбет Төлепов, Волочаевская – Камали Дүйсембеков, Кувская – Қазыбек Нұржанов және Аманжолов Балқантау көшесі болып өзгеретін болды. Дегенмен облыс орталығы Қарағанды қаласына қарасты Октябрь ауданына «Алашорда» үкіметінің негізін қалаған, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атын беру туралы сөз 2016 жылы шыққан болатын, бірақ бұл әлі сөз жүзінде қалып қойды...
Арқалыққа да қазақша атау керек
«Қазағы қалың Арқалықта ауыл, көше атаулары әлі орысша» дейді қала тұрғыны Марат Қайсарбекұлы. – Мысалы, қалаға жалғасып жатқан Родина, Новый, Западный, Дорожник, Камышы, Северный елді мекендерін алайық. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл атаулардың ешқайсысы өзгермеді. Таяуда Қарағандыда 10 көшенің атауы өзгеріп, қала орталығы әжептәуір қазақыланып қалған-ды. Сол игілікті істі Арқалық қаласында да жасауға болады ғой. Ескі атаулардан арылайық, – дейді Марат. Ол «Арқалық қаласының әкімдігі, мәслихаты, Ақсақалдар кеңесінің осы бағытта жасаған жұмыстары мардымсыз» дейді. – Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл атаулардың ешқайсысы өзгермеді. Көше аттарын ауыстыру әлдеқашан жүруі тиіс еді. Өкінішке қарай, ол мәселе де кешеуілдеп тұр. Енді уақыт өткізе берудің жөні жоқ. 2021 жылы егемен ел болғанымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Соған орайластырып биыл және келесі жылы аймақтағы елді мекен мен көше атауларын жаппай өзгерту қажет. Бұған жергілікті халық дайын деп ойлаймын. Торғай жерінде атын көшеге беруге болатын тарихи орындар да бар. Екідің, Дулығалы мешіті, 1916 жылғы ең үлкен ұлт-азаттық көтеріліс өткен Татыр, Доғал-Үрпек секілді тарихи орындарға лайықты көше атын беріп жатсақ, бұл да аталған жерлердің халық жадында сақталып, біліп жүрулеріне сеп болар еді, – дейді белсенді.Павлодар да көзге түсті
Жақында «Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары, құтты болсын! Қоғамдық тыңдаулардың нәтижесінде облыстың бас қаласында бірқатар көше атаулары өзгертілмек. Маркс, Короленко, Крупская, Киров, Чкалов және тағы басқа кеңес-коммунистік тұлғалармен мәңгі қоштастық. Тариxи әділдік! Өмірдің қызығы – олардың орнына кеңес империясы қырған ұлттық руxани және саяси көсемдер келіп тұр. Әлиxан, Ермаxан, Мәшһүр, Жүсіпбек ағаларымыздың аруақтары риза болсын! Желтоқсанның аты да, өзі де ерекше», – деп Максим Споткай жұртшылықтан сүйінші сұрады. Жөні бар, өйткені басқа ұлт өкілдері көп шоғырланған Павлодар қаласында 13 көшенің атауы ресми өзгерді. Тіпті, ғимараттар маңдайшасына көше атауы жазылған тақтайшалар қойылып үлгерген. Енді 1 Май көшесі бұдан былай Мәшһүр Жүсіп Көпеев деп аталады. Ал бұрынғы Көпеев көшесіне Ақбеттау деген атау берілді. Сондай-ақ Короленко – Бұқар жырау, Крупская Едіге би көшесі болып өзгерді. Көшелердің жаңа атауына қатысты құжаттар әділет органдарында 12 сәуірде тіркелген. Қазір мамандар басқа да көшелердегі ғимараттарда ілінген тақтайшаларды ауыстырып жатыр. Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімі басшысы Батырбек Қайыр: – Кезінде көнеден келе жатқан дәстүрмен қойылған тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық, – деді. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан атауларды қазақыландыру жұмыстарының бір парасы ғана, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатынына сенім мол. Өйткені бізде Рыбачий, Приканальный, Раздольное, Трансформаторное және тағы басқа атаумен көшелер, Октябрь сияқты аудан, Павлодар, Петропавлск сияқты ескілікті жыр қылып тұрған қала атаулары әлі бар.