Қарағанды қаласында жедел жәрдем қызметкерлері төбесінен су ағып тұрған ғимаратта 24 сағат кезекшілік атқарған. Коронавирус жұқтырғандар саны қарқынды өсіп отырған қалада ақ халаттылар санитарлық жағдайы сын көтермейтін ғимаратта тозығы жеткен ағаш төсекте тынығып, бірреттік қорғаныс киімдерін жуып киген.
Октябрь ауданына қызмет көрсететін жедел жәрдем стансасы қызметкерлеріне матрасқа жатып демалуға да мұрсат бермеген. Олар өздері әр тақтайдың басын құрап төсек етіп, киімдерін жастанып, қабырғасы сыз бөлмеде қорғаныш киімдерін жуып, далаға кептіріп отырған. Олардың мүшкіл жайы туралы қоғам белсендісі Ермек Әбілдин 10 сәуір күні Facebook парақшасында жазды.
– Жедел-жәрдем қызметкерлері кезекшілік кезінде тозығы жеткен бөлмеде демалуға мәжбүр. Олардың барлығында бірдей қорғаныш құралы жоқ. Вирусқа қарсы киім 11 бригаданың тек үшеуіне ғана берілген. Оның өзінде оларды жуып киюге мәжбүр. Қалған бригадалардың қауіпсіздігі ескерілмеген. Олар да шақыртуларға барады. Жүргізушілерге күніне бір ғана бетперде беріледі екен. Ал бетпердені үш сағат сайын ауыстыруы тиіс, – дейді белсенді.
Облыстық жедел жәрдем қызметі әлеуметтік желіде жарияланған суреттеріне орай өз жауабын берді.
– Қарағанды қаласында коронавирус инфекциясымен күрес бойынша төтенше жағдай және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты «Облыстық жедел жәрдем медициналық көмек» КМК әкімшілігі нормативтік актілерге сәйкес кәсіпорынның қосалқы стансаларында эпидемияға қарсы шектеу іс-шараларын жүргізу туралы шешім қабылдады. Бетперделік режим, ғимараттарды дезинфекциялық өңдеу, кварцтау, желдету жүргізіледі. Осы іс-шараларды қамтамасыз ету үшін бөлмелерден бөгде заттар, оның ішінде персоналдың демалу бөлмесінен матрастар алынып тасталды. Суретте Октябрь ауданында ескі ғимаратта орналасқан Қарағанды қаласының екінші қосалқы стансасының бөлмесі ұсынылған. Қосалқы стансаның аумағында жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіледі, биыл да жөндеу жүргізілетін болады, – деп хабарлады облыстық 103 қызметі.
Стансаның суретін көрген қарағандылықтар тазалық сақталмаған жерде киім ауыстыратын дәрігерлердің өздері вирусты өршітпей ме деп күмән келтірді. Әлеуметтік желідегі резонанс облыс билігінен таса қалмады. Бір аптаның ішінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем стансасын шұғыл басқа ғимаратқа ауыстырды. Берілген ғимарат жайлы төсекпен қамтылды.
– Бұл – уақытша қоныстандыру. Бос тұрған ғимарат медициналық ұйымның бірінің балансында тұр. Мұнда санитарлық нормаларға сәйкес келетін жеке кіру және шығу жолдары бар. Дәрігерлерге тұрақты ғимарат бір жылдан кейін беріледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа қосалқы стансалар құрылысының екі жобасы әзірленді. Шартты түрде Октябрь ауданы шақыруларға жедел қызмет көрсету үшін екі бөлікке бөлінеді», — дейді Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Қазір жедел жәрдем қызметкерлері бетпердемен, қолғаппен, вирусқа қарсы костюмдермен, дезинфекциялау құралдарымен толық қамтамасыз етілді.
Осыдан үш күн бұрын станса қызметкерлері әлеуметтік желіде тағы наразылық білдірді. Майқұдықта орналасқан стансадағы 11 бригаданың тек үшеуі ғана коронавирус жұқтыру қаупіне байланысты үстемеақыға іліккен.
30 наурызда билік эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлерін ынталандыруды қолға алды. Еңбекақы төлемі 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін құралады. Үстемеақының мөлшері тәуекел дәрежесіне байланысты.
Қарағандылық жедел жәрдем қызметкерлері үстемеақылардың былай бөлінуіне наразы. Дәрігерлер мен фельдшерлер, жүргізушілер ақша бөлу тәртібін қайта қарауды ұсынды.
– Қазақстан Үкіметі эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысушы медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемеақы мөлшерін бекітті. Олар коронавирусты жұқтыру қаупін үш топқа бөлді, «өте жоғары тәуекел», «жоғары тәуекел» және «орташа тәуекел». Жедел жәрдем дәрігерлері екінші топқа, жүргізушілер үшінші топқа жатады. Алайда үстемеақыны коронавирусқа қарсы күреске тартылған санаулы қызметкер ғана алды, – делінген бейнежазбада.
Қарағандының Октябрь ауданында орналасқан бұл жедел жәрдем стансасында 11 бригада жұмыс істейді, оның ішінде 3 арнайы бригада COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес осы үшеуі ғана жалақысына үстемеақы қосылатын тізімге енгізілген.
Президент Қ.Тоқаев барлық медициналық қызметкердің ерен еңбегін атап өтіп, Үкіметке және жергілікті әкімдерге уақытылы және тиісті материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Ал тиісті тізімге қандай жедел жәрдем бригадалары енгізілетінін денсаулық сақтау ұйымының басшысы анықтайды. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына әкеліп соғады деп шағымданды наразы топ.
– Олардың жауабы бізді қанағаттандырмады. Бұл ретте, коронавирус жұқтырған науқасқа қанша сағат бөлдік, сол үшін ғана төленбек. Егер вирус осындай қауіпті болса, онда мұндай әңгіме мүлдем болмауы керек. Біз тәуекел аймағындағы мамандармыз. Онда коронавирусқа баратын арнайы бригада бізден бөлек орналассын. Ал егер біз өз жақындарымызға жұқтырсақ, не болмақ? Инкубациялық кезең 14 күнге созылады және кімнен кім жұқтыратынын білмейсің. Сондай-ақ адамдар жедел жәрдем шақырған кезде симптомдар туралы нақты айтпайды. Аз жалақыға жұмыс істейтін, несиелері басынан асатын қызметкерлер де қосымша ақы үшін осындай шақыртуларға баруға дайын. Осы арнайы бригадаға қосылғым келмейді, бірақ қажет болса барамын, – дейді жедел-жәрдем қызметкері Береке Жұмаділов.
Наурыз айында Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың бірінші жағдайын тіркей бастағанда, жедел жәрдем қызметі барлық шақыртуға бірдей жіберілген. Тек 4 сәуірден бастап қана симптомы бар науқастарға баратын арнайы бригада жасақталып, олар вирусқа қарсы киімдермен қамтылды. Осы наразылықтан кейін облыстық 103 қызметі барлық ниет білдірген маманды арнайы бригадаға кезекпен қосуға шешім қабылдады.
– Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері аталған бригаданың құрамына барлығы бірдей қатысуға ниет білдірді. Олар арнайы бригаданың жұмыс кестесіне кезекпен енгізіледі, – деді облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің араласуымен Қарағанды қаласындағы барлық жедел жәрдем бригадасы COVID-19 коронавирусымен күрес аясында үстемеақыға ілінді. Тәуекел тобына кірмеген қызметкерлер санатына үстемеақы беру үшін облыстық бюджет қаражатынан жалпы сомасы 69 миллион теңге бөлінді. Жедел медициналық көмек жүргізушілеріне 1 төменгі айлық жалақы, ал фельдшерлер мен диспетчерлерге 2 төменгі айлық жалақы ретінде үстеме қарастырылды.
Әлемді шарлаған қауіпті вирус отандық медицинаның күтпеген жағдайға дайын емес екенін көрсетті. Бір Қарағандының өзінде медицина қызметкерлерінің жұпыны жағдайда жұмыс істейтіні, жалақысының мардымсыз екені байқалып отыр.
Бүгінгі күні Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 1 498 жағдайы тіркелген. 285 адам емделіп, 17 адам қайтыс болды. Жұқтырғандардың 20 пайызы немесе 234 адам – денсаулық сақтау қызметкерлері. Оның төртеуі Қарағанды облысында анықталды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы