«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаты Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Ақмола облысының Ерейментау ауданында үгіт-насихат кездесуін өткізді. Аудан орталығындағы №8 агротехникалық колледжде штаб жетекшісі Азат Перуашев оқытушылар мен студенттерді партия кандидатының бағдарламасымен таныстырды.
Оның айтуынша, бағдарламада ел экономикасының негізі саналатын кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Агротехникалық колледжде ауыл шаруашылығы мамандарын, сондай-ақ тігінші, құрылысшы және слесарьлар дайындалады. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие және болашағы зор мамандықтар. Себебі, осы мамандықты меңгергендер өз саласынан кәсіп ашуына болады. Д.Еспаеваның бағдарламасымен сонымен бірге, Ерейментау ауданының Малтабар ауылының тұрғындары да танысты.
Дания Еспаеваның өзі сайлауалды бағдарламасын таныстыру үшін алдыңғы күні Талдықорғандағы «Қайнар» аккумулятор зауытының жұмысшыларымен кездесті. Кәсіпорын цехтарының бірінде Дания Еспаева өзінің сайлауалды тұғырнамасындағы негізгі мәселелерді түсіндірді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдап, орта және шағын бизнесті дамытуға көңіл бөлу, сыбайлас жемқорлықпен күресіп, оффшорлық есепшоттардағы қаржыны елге қайтару сынды маңызды бағыттарды қолға алатынын жеткізді.
«Қайнар аккумулятор зауыты мемлекеттен 2,5 млрд теңге қолдау алған. Бүгінгі күнге дейін төленген салық 3,5 млрд теңгеден асқан. Ол біріншіден. Екіншіден, 800 қосымша жұмыс орны берілген. Менің бағдарламамда осындай зауыт, фабрикаларға, өндірушілерге мемлекеттен тек ақшалай көмек көрсетпей, оған қосымша салықты төмендету жайында жазылған», – деді Дания Еспаева.
Айдана БЕГІМ