Биыл азық-түлік бағасы 9,3%-ға қымбаттаған. Мұны кезекті Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді. Бағаның өсуіне мұнай динамикасы, науқан мен карантин кезіндегі сұраныс әсер еткен. Осыған сай әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді. Алайда шектеуді елеп жатқандар шамалы. Бұған бағаның көтерілмеуін қадағалайтын жауаптылар не дейді? Ерболат Досаев биыл наурызда инфляция 6,4%-ға көтерілгенін алға тартады. Негізі олар нысаналы дәліз ретінде 4,6%-ды белгілеген. Салдарынан қант 8,5%-ға, көкөністер мен жемістер 5,1%-ға, қарақұмық жармасы 2,5%-ға қымбаттады. Жағдайды уыстан шығармау үшін билік әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті баға белгіледі. Нәтижесінде, «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу» туралы бұйрыққа қол қойылды. Азық-түліктің шекті бағасы төмендегідей: күріштің келісі – 310 тг, ұн – 211 тг, қарақұмық – 339, ал макаронның келісін 211 теңгеден көтеруге болмайды. Сондай-ақ бір бөлке нан 80 теңгеден, жұмыртқаның ондығы – 367 тг, тұз – 59 тг, ал сұйық майдың бір литрін 434 теңгеден асыруға тыйым салынады. Ал етке келсек, сиыр етінің келісі 2 169 теңге деп бекітілді. Сауда орындарының аталған бағаны ұстап тұруын қадағалау Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика вице-министрлеріне жүктелді.
Шекті бағасы бекітілген 9 өнімнің бағасын көтергендер жазасыз қалмайды. Сондай жағдай болса, 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Яғни, кей тауардан пайда табамын дегенде, жарты миллион теңгеден айырылуыңыз мүмкін.Дегенмен бұйрыққа бағынып жатқандар аз. Бәрі жағдайды пайдаланып, жалғанды жалпағынан басқысы келеді-ақ. Сондықтан дүкен сөрелеріндегі бағаға көз үйрене бергенде өзгеріп сала береді. Тексеріс келеді дегенде бағасын ауыстырып қоятындарға не дерсің?! Қарапайым азық-түлік дүкенінен күріш келісін 310 теңгеге емес, 340-380 теңге аралығында сатып аласыз. Жұмыртқаның бағасы тіпті «ойнап» тұр. Белгілеген баға 367 теңге болғанымен, кей дүкеннен 380-450 теңгеге табасыз. Қарақұмық пен ұн бағасының хиякасы да осыған ұқсас. Ал сиыр етінің бағасы 2 169 деп белгіленгенімен, елорда дүкендерінде 2 300 теңгеден сатылып жатыр. «Шекті бағаны қайдам, осыдан 2 апта бұрын сиыр етінің келісін 2 300 теңгеге алдым. Қазір бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Карантин уақытын пайдаланып, әркім өзінше баға белгілеп жатыр. Жаңалықтардан рейд жүреді, баға тұрақтанады дегенді естігенімізбен, көзіміз көрген жоқ. Қайта еттің бағасы бұдан да өсе ме деп қорқамын. Сол кезде келісін көбірек алмағаныма өкініп-ақ жүрмін» дейді елорда тұрғыны Рысхан Бексұлтанқызы.
Иә, халық – көнбіс. Олар сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Өссе, бір қайыры болар десе, бағаның арзандағанын көргенде шын қуанады. Елордада азық-түліктің жеткілікті екені сан мәрте айтылды. Аймақтан «жасыл дәлізбен» жүк келетіні де хабарланды. Осыған қарамастан баға тұрақты емес. Әрине, науқан кезі мен карантин әсер етеді. Десе де, неге баға мұнша аспандап кетті?Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, елімізде әлеуметтік маңызы бар тауар қоры 1,2 миллион тоннадан асады. Адам басына шаққанда 5-6 айға елді азық-түлікпен қамтуға жетеді. Сапархан Омаров ұн, қант, ет, сүт және тағы басқа қажетті тауардың күн сайын өндірілетінін атап өтті. Мәселен, ұнды 3 миллион тонна өндіру ішкі нарықты 204%-ға қамтамасыз етуге жетеді екен. Ал күрішті 144 мың тонна өндіргендіктен, ішкі сұраныстан екі есеге артық. Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев та карантин кезінде тапшылық байқалмайтынын сан мәрте айтты. Карантин енгізілгелі елордаға жалпы көлемі 39 812,2 тонна болатын 3 776 жүк көлігі кірген. Оның ішінде азық-түлік өнімі – 14 315,2 тонна. Басқарма басшысының айтуынша, қазір бас қалада 19 бағдар бойынша 30 мың тонна әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бар. Оның 25 мың тоннасы қоймада болса, қалған 5 мың тоннасы қаланың тұрақтандыру қорында сақтаулы. Ал аталған тауарлардың бағасын белгілеу үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңге бөлінген.
Шекті бағаны белгілеу – еліміздің барлық өңіріне жүктелген міндет. Сондықтан әр өңір өзіне сай бағаны қояды. Нұр-Сұлтан мен Алматы дүкендеріндегі ахуал өзге аймақта да байқалады. БАҚ өңірлердегі бағаның қымбаттағаны жайында айтудай-ақ айтып жатыр. Базар нарығындағы тауар құны белгілеген бағадан асып кетпеуін қадағалау үшін мамандар сауда орындарына мониторинг жүргізеді-міс. Бірақ мониторингтің нәтижесі тұрақты хабарланып жатқан жоқ. Осы мерзімге дейін қанша дүкен иесінің жауапқа тартылғаны туралы жаңалық оқыдыңыз ба? Оқысаңыз да, бірді-екілі адамның айыппұл төлегенін көресіз. Алайда нақты цифр жоқ.Елорда әкімдігі де рейд жүргізетін мобильді топтың барын айтқан. Бірақ жұмыс нәтижесі туралы хабарлауды ұмытқан тәрізді. Базар мен дүкендегі сатушы қарап тұрсын ба, ыңғайы келген соң тауарды қалаған бағасына сатып жатыр. Халықтың бұған қауқары жетпейді. Сөреде барды алып, бағасына кейісе де, төлейді. Оның үстіне карантин де азық-түлік бағасына салқынын тигізді. Ел де үрейленіп, алдымен керек-жарағын түгендеуге кіріскен-ді. Халықтың күйін түсінген Президент наурыз айында Үкіметке азық-түлік бағасының қолжетімді болуы үшін жағдай жасауды тапсырған. Жалпы, жыл басынан бері бағаның тұрақтануын қалайтынын айтқан-ды. Ал Сауда және интеграция министрлігі 4 cәуірде шекті баға бекіткені туралы мәлімдеді. Бағаны көтергендерге шара қолданатынын да атап өткен. Алайда арада 15 күн өткенімен, дүкендегі бағаның «бірізділігін» байқамадық.