Қазір барша адамзат баласы коронавируспен күресуде. Бұл дертке шалдыққандардың сәт сайын көбеюі, індеттен өлім құшқандар санының артуы дабыл қағарлық жағдай. Елімізде де вирусты ауыздықтау жұмыстары қолға алынып, сақтық шаралары күшейтілді. Ал шетелдегі қазақстандықтардың коронавируспен қалай күресіп жатқанын, олар тұратын мемлекетте карантин режимінде қандай өзгешеліктер барын білу үшін шалғайдағы отандастарымызды әңгімеге тарттық. Атап айтқанда, Түркия, Оңтүстік Корея және Өзбекстан мемлекеттерінде жүрген жастармен сөйлесіп, сол елдегі коронавирусқа қатысты ахуалға қатысты мәлімет алдық. Түркияның Денизлі қаласында тұратын, сол жақтағы жоғары оқу орнында білім алып жатқан Файзулла Төлтай коронавирус бүкіл республика бойынша тіркелгеннен кейін, Түркия үкіметі әр заң бұзушыға тікелей қолданылатын бірқатар заңды шешімдер мен рәсімдерді қабылдағанын сөз басында ерекше айтып өтті. Ол сондай-ақ бұл мемлекетте медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары бойынша ешқандай тапшылық жоқ екенін, өйткені қажетті фабрикалар мен тігін компаниялары жақсы жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.
– Түркияда халық тығыз орналасқандықтан, өкінішке қарай бұл жақта ауруға шалдыққандардың саны күн өткен сайын артып жатыр. Маскасыз жүрген адамдарға бірден ескерту жасалады. Карантин мерзімі эпидемияның таралуына байланысты ұзартылды. Тұрғындарға күндіз қажеттілік туындамаса, үйден шықпауды ескертуде. Коменданттық сағаттан кейін үйден полицияның жазбаша рұқсаты бар адамдар ғана шыға алады. Елдегі жағдайға байланысты адамдардың көпшілігі карантин режимін қатаң сақтауға тырысуда. Көшеде жұптасып, сауық-сайран құрап жүретін адамдар азайған. Дүкендерге кірерде арнайы қызметкерлер келушілердің қолына санитайзер себеді. Бірақ елдегілердің қатты дүрлігіп жатқанын байқамадым, – дейді Файзулла.Ол сондай-ақ бастапқы кезде де дүкен сөрелерінің бос тұрмағанын, қазір жағдайдың қалыпты екенін, бастысы азық-түліктің бағасы қымбаттамағанын айтты. Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Мөлдір Тастанбек «бұл елде қаңтар айында карантин жарияланды» деп бастады әңгімесін. Ол уақыттарда ешкімді сыртқа шығармапты. Мұның бәрі сақтық үшін жасалғаны белгілі. Оңтүстік Кореяда әр азаматтың жеке жауапкершілігі пандемиямен күрестің негізгі құралы саналады екен.
– Инчхонда өзге елдердегідей студенттер мен оқушылар онлайн оқып жатыр. Адамдар көп жиналатын туристік орталықтар мен саябақтар әлі ашыла қоймады. Бірақ қазіргі кезде мен тұратын қалада көптеген тамақтанатын орындар ашық тұр. Көптеген ірі кәсіпорындарда да жұмыс жалғасуда. Адамдардың көпшілігі маскамен жүр. Бастапқы кезде маскадан тапшылық болған. Кейін оларды дүкендерде де сата бастады. Карантиннің қатаңдатылған түрі, толық изоляция тек Тэгуда ғана болды. Көшеде маскасыз жүргендерге айыппұл салып жатқанын өз басым байқаған жоқпын. Ірі орталықтар жұмыс істеп тұр. Тек кіреберісте адамның қызуын өлшейтін аппараттар орнатылған. Ал автобустарда LED-экраннан вирустан сақтану туралы, тазалықты сақтау туралы жарнамалар көрсетіледі, – дейді Мөлдір.Гулина Егамбердиеваның айтуынша, Өзбекстанда қазіргі кезде 1 380 адам ауруға шалдығыпты. Індеттен 129 адам жазылып, 4 адам қайтыс болған.
– Ташкентте вирусқа қарсы сақтық шаралары қатты қадағалануда. Өзге қалаларда да төтенше жағдай режимі енгізілді. Бастысы, көшеде әрлі-берлі жүретін адамдар саны азайды. Халыққа дүкен мен дәріханаға ғана барып келуге рұқсат берді. Өзбекстанда да Қазақстандағыдай медициналық маскалардың жетіспеушілігі байқалды. Оның себебі сұраныстың күрт артуынан екені анық қой. Қазір көпшілігі үйде отырып-ақ жұмыс істейді. Барлық оқу орыны жабық. Облыс орталықтарындағы патрульдік қызметтер көшеде жүрген көлік иелерін тоқтатып, азаматтарға үйден шықпау туралы ескертеді. 3 адамнан артық жиналуға болмайды. Естуімше, көшеде жүрсеңіз немесе медициналық маскасыз көлікпен жүрсеңіз, жалпы карантин ережелерін бұзсаңыз, 1 миллион 100 мыңнан 11 миллионға дейінгі айыппұлмен жазаланасыз (1 теңге 22 сум). Ташкенттегі дүкендерде азық-түлік қоры жеткілікті болғанымен, бағалары сәл өскен.Полиция қызметкерлері әр үйдің арасын аралап, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалап жүр. Жұмыстан рұқсатнама алғандар ғана еркін жүріп-тұра алады. Зейнеткерлерге, мұқтаж жандарға азық-түлік пен керек-жарақтарды үйлеріне әкеліп береді. Өзбекстанда да төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін деп белгіленгенін айта кетейін. Бірақ елдегі жағдайға байланысты мерзімді ұзартуы да мүмкін, – дейді Гулина. Көріп отырғандарыңыздай, өзге мемлекеттерде де COVID-19 індетімен күрес қатаң режимде жүргізілуде. Біздің елімізде вирустың алдын алу шараларын әлдеқашан қолға алды. Ендігі кезекте мемлекеттің уақытша енгізген темірдей тәртібінің қуат-күші әр азаматтың қолдауы мен жауапкершілікпен атсалысуына тікелей байланысты.