Ақмола облысында Қазақстан президенттігіне үміткер Әміржан Қосановты қолдауға арналған жиын өтті. Степногорск қаласындағы Мәдениет сарайында үміткердің облыстық штабының мүшелері және сенімді өкілдері ел алдында сөз сөйлеп, кандидаттың сайлауалды платформасын таныстырды.
40-қа жуық адам қатысқан кездесу барысында платформаның негізгі бағыттары талқыланып, қоғам белсенділері, білім беру саласының қызметкерлері, жастар мен қарапайым тұрғындар өз пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, қатысушылар халықты рухани тұрғыда өркендету туралы тармақтарды атап өтті.
Пікірлесу барысында қатысушылар өздерінің өзекті сұрақтарына штаб мүшелері мен сенімді өкілдер тарапынан жауап алды. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Сондай-ақ Жамбыл облысы Байзақ ауданы Түймекент ауылында да Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының үгіт-насихат тобы жергілікті мәдениет залында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге Ә.Қосановтың аймақтағы сенімді өкілдері – облыстық штаб басшысы Бақытжан Мақашев, Білім беру ісінің үздігі, филология ғылымдарының кандидаты, Журналистер одағының мүшесі Темірбай Мұқашев, Мәдениет саласының үздігі, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы Бақыт Шағырбаев қатысты.
Кездесу барысында еліміздің ішкі және сыртқы саясаты, жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелері талқыланып, ең бастысы Ә.Қосановтың сайлауалды платформасы таныстырылды. Үміткердің платформасы кеңірек зерделеніп, түсіндіріліп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Кездесу соңында әнші Б.Шағырбаевтың орындауындағы әндер көпшілікке тарту етіледі.
Айдана БЕГІМ