42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем төңірегіндегі тартыс қыза түсті. Бұған дейін белгіленген межелер сызбасы сызылып, күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жаңа қаулыға қол қойды. Бұл құжат әлеуметтік төлемге қатысты сауалдарды саябырсытады деп күтілген. Алайда артынша әлеуметтік желілерде «заңсыз төлемақы алғандар 4 000 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, 4 жыл бас бостандығынан айырылады» деген жазба желдей есіп, бұқараны үрей құшағына бүркеп қойды. Айыппұл мен абақтыдан қорыққан қара халық тіпті «42 500 теңгесі құрысын» деп кері қайтаруды бастады.
Негізі, заңсыз төлемақы алуға қатысты жазаның ресми көзі жоқ. Біреулер Uchet.kz сайтындағы дерекке сүйенсе, екіншілер Zakon.kz сайтындағы заңсыз әлеуметтік төлем алғандарға қаралатын жаза туралы ақпаратты алға тартты. Екі сайттың алғашқысындағы ақпар жұрттың жүрегін кәдімгідей шайлықтырып қойды. Uchet.kz сайты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 1 және 2-тармақтарын келтіріп:
«Бірінші бап бойынша өзгенің мүлкін жымқырған және алдау мен сенімін пайдалану арқылы өзгенің мүлкіне ие болған адамдар 1 000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал бір топ адам жасаған алаяқтық 4 000 АЕК көлеміндегі айыппұл немесе 4 жыл бас бостандығынан айырылу жазасына кесілуі мүмкін» деп жазды. Осыдан қорытынды жасаған Uchet.kz порталы «азаматтар немесе жұмыс беруші уәкілетті органға дұрыс ақпарат бермей, сол арқылы жәрдемақы төлеген болса, бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке апаратын алаяқтық бабы ретінде қаралады» деп тағы шегелей түсті.
Әлеуметтік желілердегі осындай ақпараттардан кейін бірқатар жамбылдық 42 500 теңгені кері қайтара бастады. Бұл жайында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрахмет Искаков облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ANTIKOR ORTALYGY алаңында мәлім етті.
– Жалпы, Жамбыл облысы бойынша 180 мыңнан аса адам 42 500 теңге алуға өтініш берді. 120 мың адамның өтініші құжатының дұрыс болмауына байланысты кері қайтарылып, қалғаны мақұлданды. 10 мың адамның өтініші қаралу үстінде.
Негізі, көптеген адам өтініш беру мен әлеуметтік төлем алудың заңдылықтарын түсінбеген. Сол себепті өтініштің дені қанағаттандырусыз қалдырылып жатыр.
Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпаратты көрдім. Алайда 42 500 теңгені ала алмай жүрген адам ертең заң күшіне енсе 4 000 АЕК көлеміндегі айыппұлды төлей алады деп ойламаймын. Сондықтан табысы жоғалмаған азаматтар тәуекелге бармай, әлеуметтік төлем алуға құжатын жолдамауы керек. Бұл біздің де жұмысымызды жеңілдетеді. Ал егер 42 500 теңгені кері қайтарамын дегендер болса, Kaspi және «Халық» банктерінде көрсетілген нұсқау бойынша төлемді кері жібере алады. Әзірге заңсыз төлем алғандарға ешқандай жаза қолданылмайды. Тек төлемін қайтарса болғаны. Бүгіннің өзінде мұндай құқықты 2 азамат қолданып, төлемдерін қайтарып берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгеге құжат тапсыруды әркімнің ар-намысына қалдырды. Алайда министр тиісті тексеріс те болатынын ескертті. Сондықтан кеш болмай тұрғанда, заңсыз әлеуметтік төлем алғандардың соманы кері қайтарғандары жөн. Бұл – олардың өздері үшін дұрыс шешім, – деген филиал директоры баршаны заң мен тәртіпке бағынуға шақырды.
Нұрахмет Сейдахметұлының бұл мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желілерде қаржысын кері қайтаруға ниеттілердің алғашқы легі байқалды. Гүлшат Манамбекова есімді тұрғын «Жұмыс істей жүріп 42 500 теңгеге өтініш беріп көріп едім, ол ақша түсіп тұр. Соны бірден қайтарса бола ма? Келесі айда тағы түспес үшін өтінішті қалай қайтарып алса болады? Қайтарған адам жауапкершілікке тартылмай ма?» деп филиал директорына сауалын жолдады. Осы сияқты өзге де WhatsApp мессенджеріндегі топ пен әлеуметтік желілерде әлеуметтік төлемді қайтару, қайтармау туралы әңгіме қыза түсті.
Ал бейсенбі күні Еңбек және халықты әллеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-тегі парақшасында 42 500 теңге үшін ешкім сотталмайтынын айтып, көптің уайымын басқандай болды. Бірақ министр сөзінің соңында: «Біраз заңгер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала, пост жазуда. Оны 42 500 теңгеге қатыстырып келтірген. Заңгер болған соң заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты» деп аяқтады. Сонда министр меңзеп тұрған алаяқтар кімдер? Егер ақиқатқа ашық қарайтын болсақ, жалған ақпарат пен өтірік құжат өткізіп, ақша алғандар алаяққа жатпай ма? Демек, министр бұқараны басу үшін әзірге «ешкім сотталмайды» деп, кейін бәрібір тексеріс болатынын астарлап жеткізіп отыр ма? Енді оны министр Біржан Нұрымбетовтің өзі білер. Ал жамбылдықтар министрдің жасаған мәлімдемесінен кейін тағы екіұдай пікірде болып қалғаны анық. Бұл 42 500 теңгені кері қайтарушылардың санын көбейте ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.