Алматы облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бойынша күн сайын 121 «жедел жәрдем» бригадасы халыққа қызмет көрсетеді. Тәулігіне түрлі санаттағы 2 000-нан астам шұғыл шақырылымға барып, мүмкіндігінше медициналық көмек беруге тырысады. Еліміздегі коронавирус жұқпасына күрес кезеңіне байланысты жарияланған төтенше жағдай тәртібінде жұмыс істейтін «жедел жәрдем» қызметкерлері қазіргі кезде күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытты десек болады. Арнайы автокөліктердің барлығы төтенше жағдай талабына сай қажетті құрал-жабдықпен толық жарақтандырылған. Бригададағы мамандар да түгелімен жеке қорғаныс құралымен (арнайы қорғаныс киім імен) және дизенфекциялық керек-жарақпен қамтылған. Медициналық қызметкерлердің барлығы әрекет ету алгоритміне оқытылған. Күн сайын арнайы нұсқамалықтан өтеді. – Ел басына қатер төнген сыни шақта біз халықты аман алып қалу жолында алдыңғы шепте әріптестерімізбен бірге уақытпен санаспай қызмет етудеміз. Шынында, барлығы ақша немесе қосымша табыс табу үшін емес. Халық денсаулығы жолында қолымыздан келгеннің барлығын істеуге дайынбыз және сол мақсатта ант бергенбіз. Бірақ жанкештілігімізді, күн-түн демей еңбек етіп жүргенімізді біліп, материалдық тұрғыда көтермелегенді қоса алғанда, жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз өз міндетімізді алда да адал атқара бермекпіз. Халықтан күтер қолдауымыз – олардың төтенше жағдай талабын бұзбай, мүмкіндігінше үйде отырғаны. Біріксек алмайтын асу, жеңілмейтін қиындық қалмайды. Соны есте ұстайық, – дейді Алматы облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының фельдшері Д.Сейдембекова.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы