Алматы төңірегін заңсыз құрылыс жайлап алған
Алматы төңірегін заңсыз құрылыс жайлап алған
200
оқылды

Ару Алматы мен оның маңында табыс табудың жолдары баршылық. Соған сай облыстың оңтүстік астана төңірегінде орналасқан аудандарында халық саны алға жылжыған жылдармен бірге артып қана қоймай, заңды-заңсыз құрылыс нысандары да қаптап кеткен. Әсіресе, күре жолдар бойында, өзен-сулардың жағалауларында бос орын қалмаған. Осынау аса күрделі мәселенің күрмеуін тарқату мақсатында Қарасай, Талғар, Іле, Жамбыл аудандары әкімдерін арнайы шақырып, облыстық деңгейдегі жауапты тұлғаларды қатыстыра отырып, кеңес өткізген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірқатар кемшіліктер мен заңсыздықтарды көзге шұқып көрсетіп, оларды тез арада жөндеуді қатаң талап етті.

Өзінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың аталған аудандардағы заңсыз құрылыстарға қатысты есебін тыңдағаннан кейін алдағы кезде осы саладағы былық-шылыққа көз жұма қарағандар мен жол бергендерге аяушылық болмайтынын ес­кертті. Әсіресе, тура жанынан өтетін күре жол қайта құрылымдалып жатқан «Алтын Орда» базары маңындағы аумақтың таза­лы­ғына баса назар ауарған облыс басшысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Дал­бағаевқа аталған аумақта жиналып қалған қоқысты дереу тазалауға, жоспарлы түрде бұзылатын нысандарды тез арада сүріп тастауға, аумақты тиісті талапқа сай етуге бір апта уақыт берді.

Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев­ке Алматы – Бішкек халықаралық автотрас­сасы бойын тез арада ретке келтіру тапсы­рылды. Бұл жолдың екі жағында да заңсыз құрылыстар жетерлік. Сонымен бірге, тазалық талапқа сай емес. Ал Іле ауданындағы жағдай тіптен шектен шыққан. Басқасын айтпағанда, Үлкен Алматы айналма авткөлік жолының жанында ешқандай рұқсаты жоқ мұнаралы крандар жинастырып, металл құбырлар шығаратын кәсіпорынның заңсыз жұмыс істеп отырғаны анықталыпты. Өте­ген батыр ауылы жанынан индустриалдық аймақ құру жөніндегі қазақ-араб бірлескен жобасының жүзеге асуында кешеуілдеу бар. БАӘ индустриалдық аймақта жұмыс істеуге тиісті жеті бірдей заманауи зауыттың құры­лысына он миллиард теңгеге жуық инвес­тиция салуға дайын отыр. Алайда жер пай­далануға рұқсат алуда алдан шыққан ке­дер­гілер аяқтан шалуда. Талғар ауданы аума­ғын­да да жерді жөнсіз пайдалану, су қорғау ай­мақтары мен жолдар бойына ретсіз құрылыс салуға қатысты деректер толып жатыр.

Жалпы, облыс аумағында бір кездері су қорғау аймақтарынан, жолдар бойынан, ауылшаруашылығы мақсатындағы алқап­тар­дан заңсыз беріліп кеткен жерлерді мем­лекет мұқтаждығына қайтарып алу оңай бол­май тұрған көрінеді. Соған сай жолдарды қайта төсеп, кеңейтуде, халыққа қызмет ете­тін әлеуметтік-мәдени нысандар салуда қиын­дық туындап отыр. Осыған байланысты об­лыс басшысы өзінің бірінші орынба­са­рына, сәулет және қала құрылысы басқар­ма­сы бас­шысына, мемлекеттік сәулет-құры­лыс ба­қылау басқармасының жетекшісіне жүк­телген міндеттерді орындау кезінде қажет болған жағдайда сотқа да жүгіну қажеттігін ескертті.


Болат АБАҒАН

Алматы облысы