Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева биыл 75 жастың биігіне көтеріліп отыр. Осынау мерейтойға орай, ақынның туған жері Теректі ауданының Ақжайық ауылында тұңғыш рет облыстық Ақұштап оқулары өтті.
Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов жерлестерінің атынан ақ жаулық жауып, қамзол кигізіп, құшағын тағы да гүлге толтырды.
– «Мен Оралды үш қызы арқылы жақсы танимын. Біріншісі – аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батырға айналған Мәншүк, үшіншісі – өзіндік мінезі мен үні бар ақын Ақұштап. Ендеше, бұл елдің қыздары мықты-ау деп ұғынам» деп академик Зейнолла Қабдолов атап өткендей, өзіңізді тек Жайық жұрты ғана емес, күллі қазақ елі мақтан тұтады, – деді аудан әкімі Ә. Жоламанов.
Өз кезегінде ақын Ақұштап Бақтыгереева да ризашылығын жеткізіп, жерлестеріне алғысын жаудырды.
– Сендердің араларыңнан болашақта қазақтың сөзінің қасиетін түсінетіндер, ұлтын сүйетіндер өссе, Жайықты менше сүйетіндер қалыптасса, сонымен бақыттымын. Сендердің өлең түсінгендеріңе бақыттымын. Себебі, өлеңді түсіну – кез келген адамға бұйырмаған бақыт, – деп ағынан жарылған ақын бірнеше өлеңін жатқа оқып берді.
Теректі ауданы әкімдігі мен аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен облыста тұңғыш рет өткен облыстық Ақұштап оқулары 3 кезеңді қамтып, онда қала мен барлық ауданнан келген 80-ге жуық жас талант бақ сынады.
Әдеби байқаудың «Мені оқитын халық бар» атты ақын жайында эссе жазу кезеңі бойынша Қаратөбелік Гүлмайра Ерғожина бас жүлдеге ие болды. Оралдық Ақнұр Миханова І орын иегері атанса, Шұғыла Амангелді, Гүлсана Мақсұтова, Сәуле Дүйсенбаева, Жәнел Бақытова, Аида Оразова ІІ және ІІІ орындарға тұрақтады.
«Жырлау үшін, сүю үшін елімді, Мен қайтадан таңдап алам Жайықты» деп аталатын ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан бас жүлдеге ие болған жаңақалалық Ерсұлтан Құрмашев Ақұштап апасының 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі екен. Тізім бойынша кез келген өлеңді сұрасаңыз мүдірмейтін ол осылайша бәйгеде дара келді. Бұл кезең бойынша І орынға оралдық Жібек Досымова лайық деп танылды. ІІ орынды Фатима Әділова мен Гүлназ Асқарова, ІІІ орынды Жанерке Ерменова, Айзада Жайлыбаева, Даяна Нұрланқызы бөлісті.
Ақұштап апаларының ізін қуып, қаламды жанына серік еткен талаптылар арасында өткен «Жырымды саған арнаймын» кезеңінде берілген тақырып бойынша белгілі бір уақыттың ішінде өлең шығару басты талап болды. Бұл кезеңде Жаңақала ауданынан келген Ізбасар Бақытов бас жүлдені қанжығасына байлады. І орынды Аслан Ысмағұлов, қалған орындарды Жұлдыз Тантыбаева, Дархан Мақсатов, Ақарыс Романқызы, Әдемі Күнқақова, Балсұлу Мәдениетова жеңіп алды. Ал Теректі ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне Ақсай қаласынан келген Жанар Өмірзақова мен тасқалалық Інжу Қалбаева ие болды.
Сондай-ақ кеш барысында ақжайықтық жас ақын Айбек Әбілқалым Ақұштап Бақтыгерееваға арнауын оқыса, әнші Гүлнұр Қаражанова ақынның сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы» әнін шырқады. «Назерке» би ансамблі ақынның «Ана жүрегі» өлеңінің желісі бойынша арнайы композиция орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Енді Ақұштап оқулары келесі жылдан бастап республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Батыс Қазақстан облысы