Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты КА-168/1 мекемесінде жазасын өтеп жатқан жігіт бір айлық жалақысын мүмкіндігі шектеулі балаларға аударлы, – деп хабарлайды Polisia.kz. Жазасын өтеуші – Мейрамбек Боранбаев. Тергеу кезінде қамауда отырып түсірген бейнебаянында ол – елдегі төтенше жағдай кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға бір айлық жалақысын аудару арқылы қайырымдылық жасағысы келгенін айтады. Осы ойын құптаған мекеме мен департамент басшыларына алғысын білдірген ол басқа азаматтарды да қиын жағдайда бірге болуға шақырады. Мейірімді Мейрамбектің қайырымдылық көмегін Ақтөбе қаласындағы “Ғажап” мүгедек балалар қоғамдық бірлестігі алды. Мекеме басшысы Ботагөз Дүйсекова сотталған азаматтың тосыннан болған сыйына мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған барлық ата-ананың атынан алғыс айтты. Мейрамбектің атынан түскен қаражатқа бірнеше отбасыға азық-түлік алынған.