Теріскейге табан тірегендер неге көбеймей тұр?
Теріскейге  табан тірегендер неге көбеймей тұр?

Иә, көш көлікті болмай тұр. Бұл көш қыстауға немесе жайлауға бет түзеген көш емес. Шет елден атажұртқа ат басын бұрған ағайынның да әңгімесі емес. Бұл – кәдімгі оңтүстігімізден солтүстігімізге бет алуға тиіс ішкі көштің мәселесі.

Дәл қазір Қазақстанда бір шаршы шақырым аумаққа 6,8 адамнан келеді екен. Бұл біздегі адам санының аздығын біл­діреді. Соған қарамастан тұрғындардың орналасуында бірелкілік және жоқ. Ауа-райы жанға жайлы оңтүстікте тұрғын көп болса, керісінше солтүстікте тым аз. Кі­нә­ні климатқа артқаннан пайда жоқ. Өйткені солтүстік өңірлердегі тұрғын санының аздығынан, елге жұмыс күші жетпей жа­тыр. Бұл ахуалды реттеу үшін мемлекет бірнеше жылдан бері ішкі көші-қонды қолға алды. Халықты күнгейден теріскей­ден көшіруге, орналастыруға бел байлады. Осы жоспар жасалғалы жүзеге асқан жұ­мыстың нәтижесі қандай? Теріскейге табан тірегендердің саны неге көбеймей тұр?

1992-2018 жылдар арлығында ел ішінде халықтың ең көп көшкен өңірі Алматы қаласы (900 мың адам) болып отыр. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласына 845 572 адам қоныстанған. Көші-қон бойынша көш соңына тұрақтағандар ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бар. Мұнда 103 173 адам ғана көшіп келген. Керісінше бұл өңірден біржола көшіп кетіп жатқандардың саны көп. Ресейге қоныс аударып жатқандардың артуына байланысты солтүстіктің тұрғындары соң­ғы жылдары азайып барады. 2050 жылға қарай мұндағы халық саны тағы 1 мил­лион­­ға қысқаруы мүмкін. Оңтүстікте керісінше. Өсім қарқыны өте күшті. Бұл ба­ғыт­пен кете берсе, алдағы 20 жылда адам саны бұл өңірде 5 миллионға жетуі мүм­кін. Осы себепті оңтүстік облыстардың тұр­ғындарын солтүстік аумақтарға ерікті негізде қоныстандыруға арналған жұ­мыс­тар осыдан алты жыл бұрын басталды. Алайда аса маңызды істің жергілікті жер­лерде орындалуы көңілден шықпай отыр.

«Солтүстікке көшіп келуі керек тізімде тек 4-5 облыс қана бар. Соларға ғана жеңілдіктер беріледі. Осы жері түсініксіз. Егер осы жағдайды елдің барлық өңірінен көшіп келушілерге жасаса, жағдай басқаша болады. Солтүстікке оңтүстікте жұ­мыс­сыз жүрген жастар көптеп келсе, өз бизнесін бастаса, жақсы болар еді», – дейді әлеуметтанушы Нұрсәуле Бошай.

Ал Солтүстік Қазақстан об­лысына осы жоба аясында көшіп келушілерге арнап 2021 жылға дейін 3 мың отбасылық тұрғын үй салынбақшы. Үкіметтің көші-қон саясатының 2017-2021 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бойынша ішкі көші-қонды рет­теу жоспары бекітілген. Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі 2018-2022 жылдары сол­түстік аймақтарға (СҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай, Ақ­мола) 59 мың отбасын көшіру жоспары барын мәлімдеген. 2018 жыл осы межені орындаудың алғашқы жылы болды. Бірақ бұл көштің жүрісі өте шабан. Былтыр Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан об­лыс­тарынан 414 отбасы көшіп келген. Алайда мамандар сол­түс­тік облыстарға көшуге ниет­ті­лердің қарасы көп екенін айтады. Тиісті анкетаны толтырып, кезек күтіп отырғандар баршылық. Демек, халықтың көшуге ниеті бар. Онда неге бұл бағдарлама өте баяу жүріп жатыр? Айта ке­тейік, қоныс аударушыларға көшіп-қону шығындары үшін отбасындағы адамдардың әр­қай­сысына шаққанда 35 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде жәр­демақы төленеді. Тиісті жұмыс­пен қамтылады. Баспана жалдау үшін 1 жыл бойы субсидия бе­ріледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Бірақ бұл көшіп барушы үшін ауыз тол­тырып айтарлықтай көмек дей алмас едік. Сол тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекеше­лендіру құқығы берілуін қарас­тыру керек. Сондай-ақ жергілікті қалталы азаматтар бұл көшке қолдау білдіріп, бір адам бір отбасыны көшіру жұмысына атсалысуы қажет.

Солтүстікті қазақылан­ды­рудың қамымен 2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мем­лекеттік әлеуметтік бағдарлама­сы да жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан елі­міздің оңтүстік аймақтарындағы (Ал­маты, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. 

Қоныс аударуға ниеттенген бірнеше отбасы жағдай ұнамаған, климат жақпаған, отбасылық себептер кедергі болған деген сынды бірнеше себептермен ол жақты жерсінбей, қайта ора­лып­ты. Осы жерде жеке отбасыны ғана емес, бүкіл ауылды, көрші-көлемімен, ағайын туысымен бірге көшіруді қолға алу керек сынды. Олар бір ауылға қоныс­танса, ағайыннан алысқа кетіп қалдым деген уайымсыз жүрер еді. Жаңа ортаға бейімделуі оңай болар еді. «Туған жердің топы­рағы бұйырсын, сүйегім басқа жерде қалғаннан сақтасын» дей­тін қазақ үшін бұл да үлкен мә­селе болып отыр. «Менің бала­ла­рым жұмыссыз, қатты қина­лып қалатын кездеріміз жиі болады. Бірақ ағайыннан алыс­тағым жоқ. Бәрімізді бірге апаратындай жағдайды неге жасамайды екен?» дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қызыл дала ауылының тұрғыны Жабал Есіркеп қария. Бағдарламадан нәтиже шығара алмай, қалай жүзеге асыруды ойластырып отырған министрлік мұны да қарастыруы керек сынды. Бұл көштің астарында тек қана көшу емес, солтүстікті қазақы­лан­дырып, мектептері мен ба­лабақшалары балалардың азды­ғынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеп, түтінін түтету тұрғандықтан, көшудің жүйелі жүргені жақсы. Сонда ғана жұмыс күшіне тапшы болып отырған шаруашылық­тардың беті бері қарап, жағдай түзелер еді.

Осы жерде ішкі урба­низа­ция­ның реттелмей отыр­ға­нын айт­пай кетуге тағы болмай­ды. Елі­міз­де «Халықтың көші-қоны ту­ралы» заң қабылданған. Деген­мен бұл заңда ішкі көші-қон туралы баптар аз. Негізінен, сырт елге шығатын немесе өзге елден келетін азаматтардың мәселесін қамтитын заң еліміздің өз ішін­дегі урбандалу, орын ауыстыру, басқа да сұрақтарға нақты жауап бере алмай отыр. Осыған дейін Арал өңірінің экологиялық ахуалына немесе Семейдегі по­лигон зардаптарына байланысты жергілікті халық­тарға көптеген жеңілдік жаса­л­ған болса, қазір олардың дені алып тасталған. Міне, осы мәселеде де заңымызға нақтылық керек сияқты. Ішкі миграцияның осалдығынан осы мәселелер туындап отыр. Мықты бағдар­лама мен салмақты заң ғана бұл мәселені түбегейлі шеше алған болар еді. Елбасы жастар­мен биылғы кездесуінде де осы мәселені ерекше атап өтіп: «Ур­банизация процесінің қарқы­нына қарамастан ауыл жаста­рының үлесі 43 пайыз болып отыр. 2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастар­дың саны 222 230 адам ғана. Үкі­мет пен әкімдіктер олардың білім алуына, жұмысқа орнала­суына күш жұмылдыруы керек» деді. 

Солтүстікті қазақылан­ды­рудың қамымен 2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мем­лекеттік әлеуметтік бағдарлама­сы да жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан елі­міздің оңтүстік аймақтарындағы (Ал­маты, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Игі бастаманың ұйымдастыру жұмыстарымен «Серпін» әлеуметтік ұлттық даму қоры» тұрақты айналысып жа­тыр. «Мәселе – сонда, отандық жо­­ғары оқу орындарының дип­ломы бар 1,5 миллионнан астам түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. «Серпін» бағ­дарламасы бойынша да жоғары оқу орнын бітірген шамамен 50 пайыз түлек жұмыссыз қалды. Биыл да 5 000 маман түлеп ұша­ды. Оларға жұмыс тауып беру мә­се­лесі бар. Неге біз онда дип­ло­­мы бар жұмыссыздардың са­нын өсіруге күш салып жүрміз? Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Дәл қазір осы мә­се­ле­ні көтеріп, шешімін іздеп жатырмыз», – дейді «Серпін – 2050» әлеу­меттік жо­басы үйлес­тіру кеңесінің төра­ғасы Мұрат Әбе­нов. Осыған қарап, бұл мә­селенің ушықпаса, шешілмейтін тағы бағамдаймыз.


P.S:

Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны, болжам бойынша, 5,2 млн адамға жетеді. Бұл солтүстіктегі тұрғындар санынан 4 есе көп болып кетеді екен. Бұл – «тезірек қимылдайық» деп байбалам салуға тұрарлықтай факт. Қараңыз, қазіргі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келсе, солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындап отыр.

Былтыр сыртқа көшкен­дердің ішіндегі 71,3 пайыз – орыстар. Сол орыстардың дені осы солтүстік өңірлерден өз елдеріне қоныс аударғандар екен. Ұлттық және халықаралық сарапшылармен және ұлттық экономика министрлігімен бірігіп, халық санына зерттеу жүргізгенде, қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар екені белгілі болған еді. «Екі көшкен бір таланғанмен бірдей» демекші, халықтың көшіп барып, қайтып кетуін емес, сол жерде тұрақтап қалуын қадағалап, құнттайтын нақты қадамдар жасалмаса, біз айтып отырған қауіптің іргесін сөгу мүмкін болмай қалады.