Карантин режимінде адамдардың оқшаулануы, бір сарынды өмір жүйке жүйесіне ауырлық түсіргені бар. Осындай жағдайда қалайша жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға болады? Өзіңді қалай ұстау керек? Не білу керек? Бұл сұрақтарға психолог Ольга Шихова ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді. Ольга Шихова жаңа өмірге бейімделудің әдістемесін көрсететін «Ақылды әйел» кітабының авторы. Психологтың айтуынша, қазір адамдардың барлығы әдеттегі өмір сүру ритмі бұзылған соң күйзеліске түскен. Дәмханалар, балалар демалатын жерлер жабық. Сондықтан отбасыларда көңіл қалу, өкпе реніш, көңіл толмаушылық болатыны қалыпты жағдай. Алайда адамдар негативті ойлармен күресуі керек. Жағымсыз ақпаратты ішінде жинамауы керек. Себебі адам эмоциясын ішіне жинаған сайын арты ірі дау-жанжалға әкеп соғуы ықтимал. Психологтың айтуынша, жағымсыз эмоциямен күресуге біздің халыққа жеңімпаз гені көмектеседі. «Біздің ата-бабамыз көп соғысты, аштықты, репрессияны басынан кешірген. Барлық сынақтан халқымыз жеңіп шықты. Біз сондай халықтың ұрпағымыз. Сол үшін біз бұл жолы да батырлық танытуымыз керек. Барлығымыз санитарлық талаптарды сақтай отырып, бірге күресеміз. Карантиннің тек жаман жағын көрмейік, жақсы жағы да жетерлік», - деді Ольга Шихова. Оның айтуынша, қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда балаларға ата-аналарының сөйлесуі, қарым-қатынасы жетіспейді. «Карантин кезінде осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туып отыр. Балалармен ашық сөйлесіп, бірге армандап, бірге болашаққа жоспар құру керек. Бірге фильм көріп, ойын ойнаған дұрыс. Дәмді тамақ жеу де адамның көңілін толтырады. Барлық адам балмұздақ жақсы көреді. Көтеріңкі көңіл күй, жақсы эмоция адамның иммунитетін көтеретіні анық», - деді ол.