Әлішер балуан Әулиеатаға оралды
Әлішер балуан Әулиеатаға оралды
Әлішер Ерғалиді білмейтін адам кемде-кем. Ұлттық құрама сапындағы ең жас балуанның ел және әлем біріншіліктерінде бағындырған биігі аз емес. Ал ең үлкен толайым табысы – ол әрине Нұр-Сұлтан қаласында өткен лицензиялық жарыста Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алуы. Жамбылдық өрен бұған дейін Алматы өңірінің атынан өнер көрсетіп жүрсе де, жерлесіміздің әрдайым тілеуін тілеп жүрдік. Енді күні кеше ақжолтай хабар жетіп, Әлішер Әулиеата намысын қорғайтын болып шешілді. Мұндай сүйінші хабарды естіген бойда ең алдымен балуанның өзіне хабарластық. – Иә, енді Жамбыл облысының атынан боз кілемге көтерілетін боламын. Алматы қаласындағы спорт мектебім де, жаттықтырушыларым да бұл шешімімен келісті. Қазір туған топырағым Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылындамын. Әлемдік пандемияға байланысты жаттығуларымды үйде жасап жатырмын. Бұйыртса, бәрі жақсы болса, Жамбыл облысының намысын қорғайтын боламын. Менің түпкі арманым осы еді, – дейді мемлекет мақтанышы. Жалпы, Әлішер бұған дейін де Жамбыл облысы атынан күресуге ниетті екенін айтқан болатын. Алайда 97 келіде Токио Олимпиадасының жолдамасына ие болған спортшыны алматылықтар жібергісі келмеген. Бұл іске Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың өзі бел шеше кірісіп, жампозымызды облысқа алдырып отыр. Әлішер Ерғали – Әлішер екеуіміз бір ауылдан болған соң, бұл іске бей-жай қарай алмадым. Т.Рысқұлов ауданынан түлеп ұшқан талай толағайлардың ізін басып келе жатқан жерлесімізді кері қайтаруға бар күшімді салдым. Бастапқыда алматылықтар жібергісі келмеп еді, алайда кейіннен келісті. Енді міне, бауырымыз өз ортамызға қосылып отыр. Бұйыртса, Әлішердің әлі талай биіктерді бағындыратынына бек сенімдімін, – дейді Ақжүрек. Осы орайда «Бала кезден баптаған балуандарын алматылықтар қалай ғана бере қалды. Әлде, Токио Олимпиадасы кейінге қалдырылғаннан кейін келісе кетті ма?», – деп Таңатаровқа сауалымызды төтесінен қойдық. – Мен тек жәрдемші болып жүрген жанмын. Барлық келіссөздерді жүргізіп, балуанымыздың өңірге келуіне себепкер болған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы. Алайда анық айта аларым, Әлішердің Әулиеатаға оралуы Токио Олимпиадасының кейінгі қалдырылуымен еш байланысы жоқ. Біз өз толағайларымызға құрмет көрсете білуіміз керек. Ал алматылықтар Олимпиада жолдамасының иегеріне айлық жалақысын төлей алмады. Бұл мәселені өз өңірімізде көтеріп, балуанға лайықты айлық жалақысын қойып бердік. Оған енді Олимпиада ойындарының үшінші орын жүлдегерлерімен теңдей жалақы төленетін болады. Біз қай кезде де өз мақтаныштарымызды көтере білуіміз керек. Ертең-ақ Әлішер осы құрметімізді еселеп қайтарып, кейінгі қалдырылған болса да Олимпиада ойынында мерейімізді үстем ететін болады, – деп Таңатаров жерлесіне деген үлкен сенімін сездірді. Қалай алып қарасаңызда бұл Жамбыл спорты үшін үлкен олжа. Әлемнің алпауыттарымен теңдей белдесіп жүрген Әлішердің өңірге оралғанынан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Ал жерлесіміз өзінің қабілеті мен шеберлігін Нұр-Сұлтан қаласындағы лицензиялық жарыста айқын көрсетті. Енді жампозымызға Жамбыл өңірі де құтты мекенге айналып, жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілейміз.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.