Карантин оразаға кедергі емес, ал садақаны Kaspi.kz-тен аударуға болады
Карантин оразаға кедергі емес, ал садақаны Kaspi.kz-тен аударуға болады
219
оқылды
Ораза айына санаулы күндер қалды. Әрбір мұсылман ораза тұтып, бұл айда құлшылық етуі – сүннет. Алайда әлемдік пандемияға байланысты ораза тұту, әлде тұтпауға байланысты бұған дейін көп пікірлер айтылып келді. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бірқатар сауалдарға жауап берді. Карантинге байланысты оразаны кейін өтеуге бола ма? – Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға, денсаулығы дұрысталған келесі жылдарда қарыз күндерін өтеуге шариғат рұқсат береді. Ал, ораза – әрбір ақыл-есі дұрыс пендеге парыз болғандықтан дені сау адам әлемде карантин болып жатыр деп бекерге оразаны тәрк етуі дұрыс емес. – Карантинде ауызашарды қалай беруге болады? Рамазан айында ауызашар берудің сауабын білмейтін адам жоқ шығар. Алайда бүгінгі жағдайға байланысты бұл сауапты амалды жасау тәртібін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жуырда айтып берді. Ол :«Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге болады. Бірақ көпшілік орындарда жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз. Біріншіден мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ таратуға болады. Екіншіден әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру да сауапты іс. Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беруге де болады», – деп төраға ауыз ашар тәртібін түсіндірді. Міне, осы кеңестерге жүгініп, ауызашар сауабынан құр қалмайық деген кісілер үйде отырып, осылай игілік жасаса болады. Үйде ораза ұстаушы адамның ауыз ашардағы суын дайындап берудің өзі сауап екенін ұмытпаңыздар! – Тарауық намазы карантинде қалай оқылады? – Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індеттің алдын аламыз. – Пітір садақаны қалай береміз? – Биыл пітір садақасы жан басына – 370 теңге болып бекітілді. Карантинге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мобильді қосымша арқылы пітір беру жолдарын қарастырды. Kaspi.kz пен діни басқарма бұл турасында келіссөз жүргізуде. Нәтижесінде, Kaspi.kz қосымшасында пітір-садақа бөлімі қосылып, ақша аударуға мүмкіндік туады. Ал биылғы фидия мөлшері оразаның әр күні үшін 1700 теңге деп бекітілді. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «бір міскіннің тамағын берсін» деген. Яғни, фидия дегеніміз – ораза ұстауға шамасы келмеген адамның бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру. Оны ақшалай да беруге де болады. Оның мөлшерін әр елдің мүфтияты нарыққа байланысты белгілейді. Фидия беруге шамасы келмеген кісі Алладан кешірім тілейді. Жұмыста жүрміз деп намазға кей кісілерде уақыт табылмаған болса, енді карантиндесіз. Намаз бастаңыз, оқып жүрген болсаңыз нәпіл намаздарын қосып, Алла алдында ұзағырақ болыңыз. Хадисте: «Алла екінті намазының алдындағы төрт бас намаз оқыған адамды мейіріміне бөледі» делінген. Алла Тағала Рамазан айын бізге өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.