Түркістан облысында жаңа хатшылық меңгеруші тағайындалды
Түркістан облысында жаңа хатшылық меңгеруші тағайындалды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі болып Ғани Рысбеков тағайындалды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұжымына, облыстық этномәдени бірлестіктер және облыстық ассамблея жанындағы құрылымдар жетекшілеріне жаңадан тағайындалған хатшылық меңгерушісін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қ.Төлендиев таныстырды.

Рысбеков Ғани Құрмашұлы 1962 жылы сәуір айының 8 жұлдызында Түркістан қаласы, Үшқайық ауылында дүниеге келген.

1986 жылы Ауыл шаруашылық Целиноград университетін, 2005 жылы Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Мамандығы агроном және қаржы саласының бакалавры.

Ғани Рысбеков еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған.

1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас ауданындағы жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балхаш ауданы Веселовский совхозының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм бөлімінің бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы және Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болып қызметтер атқарған.

2015 жылдан бастап Ғани Құрмашұлы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары және Кентау қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған.

Ұжымға таныстырылымнан соң Ғани Құрмашұлы облыстық ассамблея жанындағы құрылым жетекшілерімен алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыс барысын талқылады.