Әлеуметтік желіде өзендегі балықтардың көптігіне назар аударған бейнетүсірілім таралып жатыр. Бұл Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзеніндегі жағдай. Соңғы жылдары балықтардың қырылу оқиғаларынан үрейленіп қалған жергілікті тұрғындар, Қиғаш өзеніндегі балықтардың бір жерде шоғырланып өзен бойымен ағып жатқанын көріп таңданыс білдіруде. Құрманғазы ауданы арқылы өтетін Қиғаш өзенінің бастауы Еділ өзені алқабының сағасынан басталады. Биыл көктемде Қиғаш өзеніндегі су көлемі өткен жылғы деңгейден әдеқайда көп келуде. Осыған байланысты уылдырық шашатын балықтың саны айтарлықтай көбейгенін байқауға болады. Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Сәдібекұлы: «Ресей Федерациясындағы әріптестеріміздің мәліметінше, «Росводресурсов» (Су ресурстарының федералды агенттігі) нұсқауына сәйкес, Жигулев, Саратов және Еділ гидроэлектростанциялары Еділ-Ахтубинский алқабын суға толтырып, уылдырық шашуға қолайлы жағдай жасау үшін жіберілетін суды көбейтеді. Өзен алқабына жіберіледі деп жоспарланып отырған судың жалпы көлемі – 105 текше метр. Бұл өткен жылғы жіберілген судан әлдеқайда көп. Еділ-Кам каскадының соңғы стансасы саналатын Еділ ГЭС-і арқылы өтетін су біртіндеп ұлғая береді, сөйтіп 13 сәуірде ең жоғары шегіне – 25 000-25 500 м3/с жетті. Су өткізу бес тәулік бойы осы деңгейде тұрады. Одан кейін бұл көлем біртіндеп төмендеп, 22 сәуірде тәулігіне 16 000 текше метр болады» – деп өзендегі көп балықтың шоғырлануына түсінік берді. Дәл қазіргі уақытта су көлемі артуына байланысты балықтың жаппай қырылу қаупі жоқ.
Тұрсын Жұмабекқызы, Атырау облысы.
https://www.youtube.com/watch?v=FbwyzXjjnNM