Қазақстандықтар өтініш берерде қандай қателіктер жібергені белгілі болды. Үй-үйді аралап, тексеріс жасалмайды. Оған ешқандай негіз жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қоғамда қызу талықаланып жатқан мәселеге қатысты осындай мәлімдеме жасады. Яғни мемлекеттік қолдауды алып үлгергендер алаңсыз жарата берсе болады деді. 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек 4 миллионға жуық жерлесімізге тағайындалған. Ал оған қарастырылған қаржы көлемі 175 миллиард теңгеге жуықтайды. Бүгінге дейін оны мұқтаж адамдардың басым бөлігі алып та үлгерді. Бірақ әлеуметтік желілердегі алып-қашпа әңгімелерден кейін арты сиырқұйымшақтанып, қызу пікірталасқа ұласты. Әсіресе, қолдауды заңсыз алғандар қылмыстық жауапқа тартылады деген ақпарат кәдімгідей түсініспеушілік тудырды. Осыған орай құзырлы министрлік басшысы бүгін арнайы мәлімдеме жасады. Ол жерде 42 500 теңге алған бірде-бір адам, тіпті ол қателескен болса да, жауапқа тартылмайтынын қадап айтты. – Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Оны заңгерлер біледі. Дұрыс заңгерлерден сұрасаңыз, бәрі түсінікті , -деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Бұған қоса, министр 42 500 теңге неге барлық азаматқа берілмейді деген сұраққа жауап қатты. Яғни Үкімет төтенше жағдайға байланысты біраз көмек қарастырған. Оның ішінде несиелер, салықтар, қарыздар шегерілді. Зейнетақы мен жәрдемақы тоқтаған жоқ. Коммуналдық шығындарға қатысты төлем тағы бар. Ал 42 500 теңге қалыптасқан жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға ғана төленеді деді. Бірақ осы қолдауды алуға қақы бола тұра, оған қол жеткізе алмай жүргендер де көп. Оның себебін былай түсіндірді. – Бірінші себеп – жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН/ИИН) дұрыс көрсетпеген. 12 санды жаңылыспай дұрыс көрсеткен жөн. Егер қате шықса, оны мұқият тексеріп қайта жіберу керек. 160 мыңдай адам осындай қате жіберген. Екінші себеп – банктің реквизиттері, яғни есепшотына қатысты қателік кетіп жатыр. Бұл жерде KZ деп басталатын 20 сандық нөмірді көрсету керек. Кейбіреулер 16 саннан тұратын картаның нөмірін көрсеткен екен, - деді министр. Жабылып қалған банктің есепшоты не банктегі жабылып қалған есепшотқа қатысты да мәселе көп. Осының салдарынан біраз адам көмекке қол жеткізе алмай жүр. Мәселен, банктер 800 мың адамның есепшотынан төлемді кері қайтарған. Ал 70 мыңға жуық адамның 20 сандық шоты болмай шығыпты. Осылайша бас-аяғы 3 миллионға жуық өтініш кері қайтарылған.