Карантин: 626 адам тәртіп бұзып, 138-і қамауға алынды

Карантин: 626 адам тәртіп бұзып, 138-і қамауға алынды

Ақтөбе облысында төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзған 626 адам тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz. Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге төтенше жағдай режимін бұзғандарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. 20 сәуірде Ақтөбе облысында тәртіп сақшылары ТЖ режимін бұзудың 626 фактісінің жолын кесті, оның ішінде ҚР ӘҚБтК 476-бабы бойынша (ТЖ режимін бұзу) – 595 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 138 адам қамауға алынды,184 адамға айыппұл салынды, 237-сіне ескерту жасалды, 27 материал сотқа жіберілді. ҚР ӘҚБтК 478-бабы бойынша (ТЖ жағдайында құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер) 31 бұзушылық анықталды, оның ішінде 15 адамға айыппұл салынды, 12 адам қамауға алынды, 4 материал сотқа жіберілді. Мысалы, Ембі қаласындағы азық-түлік дүкенінің 50 жасар сатушысына, полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырды, ол жұмыс орнында жеке қорғаныс құралдарын қолданбаған. Әкімшілік материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Азаматтардың блокбекеттерін заңсыз айналып өту фактілері орын алуда, мұндай 31 бұзушылық анықталды. Полиция департаменті қала тұрғындарын қабылдап жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды. Осы іс-шаралардың барлығы инфекцияны таратпаудың алдын алу мақсатында өткізіледі. Полиция қызметкерлері қауіпсіздік шараларын сақтауды, жеке қорғану құралдарын (маскалар мен медициналық қолғаптар) киіп жүруді, аса қажеттілік болмаса, далаға шықпауды сұрайды.