Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен HR-менеджерлер қауымдастығы ұйымдастырған «HR! No more drama!» атты 1-ші онлайн конференция өтті. Сондай-ақ Хаб Орталық Азия елдері өкілдеріне HR саласындағы бельгиялық тәжірибе бойынша вебинар өткізді. Онлайн конференция жұмысына 4 елден 17 спикер қатысты. Сарапшылар турбуленттік кезеңде түрлі салалардағы кадр қызметтерінің стратегиялық рөлін талқылады. Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов өз сөзінде «қазір бүкіл адамзаттың басына түскен сынақ өмірдің барлық қырына із қалдыруда», - дей отырып, «әлемнің барлық мемлекеттері басты назарда – адам, оның өмірі, денсаулығы болуы тиіс деген ортақ пікірге келген» - деді. Сонымен қатар, Байменов «HR-бөлімшелерінің мәні артып келеді. Кәсіпорындардың басым көпшілігінде функционалы бойынша бұл – негізінен адамдармен жұмыс істейтін жалғыз бөлімше» - деп атап өтті. «Жұмысқа алу мен келісім-шарттардың икемді схемаларын енгізу, оның ішінде Ad-hoc, жұмыс күні ұзақтығын қысқарту жайын ойластыру қажет», – деді Хаб басшысы. Оның айтуынша, кадр қызметтері «жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы сенім және өзара түсіністік көпіріне айналуы тиіс». Конференция барысында «HR жаңа сын-қатерлері» атты отандық зерттеудің нәтижелері таныстырылды. «Қазір қашықтықтан жұмыс жасау форматына көшу бизнестің тиімділігіне кері әсер ететіп отырғанын көріп отырмыз. Көпшілігі қызметкерлерін компьютерлік техникамен қамтамасыз ете алмай отыр, ал еңбек шарттарын, қосымша келісімдер мен жұмыс уақытын есепке алу табельдерін ресімдеу үшін цифрлы қолтаңбаны пайдаланушылар үлесі 20%-дан кем», – деп атап өтті әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы Сандуғаш Искендирова. Сонымен бірге, HR-қоғамдастық қазіргі бұлыңғыр жағдайға байланысты қызметкерлерге қобалжу, беймазасыздық тән болғандықтан,олардың 80%-ның жұмысқа тиімді ат салысу ықыласы төмендегенін байқаған. Бұл экономиканың барлық секторына кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептейді сарапшы. Конференцияға қатысушылар қызметкерлер санын қысқарту мен еңбекақы төлеу мәселелерін талқылады, жекелеген кәсіпорындар мысалында ағымдағы еңбек жағдайларын сақтаудың үздік тәжірибелерін қарастырды. Сонымен бірге, сарапшылар басқарушылық және операциялық тиімділігін дәлелдеген сандық құралдармен бөлісті. Ал екі күндік вебинар барысында Федералдық әкімшілікке арналған Кадр агенттігі қызметі (SELOR), федералды мемлекеттік қызметте қолданылатын іріктеу, құзыреттіліктің федералдық моделі, ынталандыру, оқыту мен бағалау тәсілдері қаралды. Вебинардың спикері ретінде адами ресурстарды басқару саласындағы танымал сарапшы Гүлмира Райысова сөз сөйледі. Қатысушылар мемлекеттік қызметке іріктеу, ақы төлеу, ынталандыру және мансаптық өсу, еңбек пен демалыс тепе-теңдік саясаты сияқты бағыттарға ерекше қызығушылық танытты. Мысалы, Бельгия Федералды мемлекеттік қызметі жаңа формат (коворкинг) пен икемді жұмыс графигін пайдаланады. Яғни, мемқызметкер өз қалауына қарай аптасына үш күн міндетті түрде жұмыста болуы тиіс, ал қалған екі күнде қашықтықтан жұмыс істеуіне болады. Мемлекеттік қызметкерлер ортақ кеңістікте (коворкинг) жұмыс істейді, олардың жеке жұмыс орындары жоқ. Бұл вебинарға 120 адам қатысты. Олардың ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кадр қызметі өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, еліміздің жоғары оқу орындары профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылары бар. Астана мемлекеттік қызмет хабы қазіргі жағдайда мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру және олардың қызмет тиімділігін жоғарылату құралдарын іздестіру бағытындағы ұмтылысын қолдау бойынша жұмыс жасауда.