Екі ел арасындағы ынтымақтастық артады
Екі ел арасындағы ынтымақтастық артады
416
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения президенті Армен Саркисянмен кездесті. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Хань Чжэнді қабылдады.

Қазақстан Президенті Армения басшысымен кездесу барысында оның Астана экономикалық форумына қатысуға келгені үшін ризашылығын біл­діріп, екі ел арасындағы ынтымақтас­тық мәселелеріне тоқталды.

– Қазақстанда армян ұлтының өкіл­дері өзге этностармен жарасымды өмір сүріп, еліміздің әлеуметтік-экономика­лық дамуына зор үлес қосып келеді. Екі­жақты ынтымақтастықтың бас­тауында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев тұр. Сол кісінің идеясының негізінде құрылған Еуразиялық эконо­микалық одақ аясындағы ынтымақтас­ты­ғымыз да артып келеді. Сонымен қатар БҰҰ сияқты ғаламдық, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сынды ай­мақтық ұйымдарда да ұстанымымыз жақын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Армен Саркисян тараптардың экономикалық байланысын арттыруда Астана қаржы орталығының маңызы зор екенін айтты.

– Біз халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты қарым-қатынаста да ын­тымақтаса жұмыс істеп келеміз. Ас­тана қаржы орталығының құрылуы екі ел арасындағы экономикалық байланыс­тарды одан ары дамыта түсетініне сенемін, – деді Армен Саркисян.

Тараптар екі ел арасындағы сауда айналы­мының өткен жылы 30 пайызға артқанын атап өтіп, алдағы уақытта осы бағыттағы ынтымақ­тастықты кеңейте беруге уағдаласты.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республи­касының Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Хань Чжэнді қабылдауында бұл сапардың екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қазақстан Президенті Хань Чжэнді «Бір белдеу, бір жол» форумының та­бысты өтуімен құттықтап, Си Цзиньпин­нің Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапқанын және өзінің өмір­шеңдігін дәлелдегенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасының жақында өткен кездесуінде қол жеткізген уағдаластықтар екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті ны­ғайту жолындағы маңызды қадам болғанын айтты.

– Қытаймен тату қарым-қатынас орнату Қазақстанның сыртқы саясатын­дағы ең маңызды басымдықтың бірі. Екі ел арасындағы саяси, сауда-эконо­микалық және мәдени-гуманитарлық байланыс өзара пайдалы әрі тиімді мемлекетаралық ықпалдастықтың үлгісін көрсетеді. Қытай – Қа­зақ­станның ірі сыртқы сауда әріптесі. Екіжақты сауда-саттықтың ауқымы қарқынды өсіп келеді, – деді Мемлекет басшысы.

ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Қазақстанға алғаш рет сапармен келгенін атап өтіп, біздің елі­міздің жақсы әсер қалдырғанын айтты.

– Қазақстан тәуелсіздік жылдары тұрақты дамып келеді. Ел экономикасы өсуде. Өзара қарым-қатынасымыздың дамығанына ризашы­лық білдіреміз, – деді Хань Чжэн.

Кездесу барысында Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын жүзеге асыру, Қазақстан ауыл шаруашылығының органикалық өнімдері экспортының көлемін арттыру, трансшекаралық өзендерді пайдалану және туризмді дамыту мәселелері қарастырылды.

Көлік-логистикалық саладағы ын­тымақ­тас­тық­қа ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде, Ляньюньган портындағы бірлескен тер­ми­налдың және арнайы экономикалық аймақтағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ портының әлеуетін пайдалану, транзитті контей­нерлердің тасымал көлемін арттыру перспективалары талқыланды.