COVID-19: жаппай тестілеуге дайынсыз ба?
COVID-19: жаппай тестілеуге дайынсыз ба?
Бірер күн бұрын Оңтүстік Кореяның медициналық клиникасы Алматы емханаларына COVID-19 індетін анықтайтын 1 000 дана ПТР (полимеразды тізбекті реак­ция әдісі) тест жіберді. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты жаппай тексеру коронавирусты тоқтатудың тиімді жолы деп санайды. Шенеуніктердің сөзіне сен­сек, Қазақстанда коронавирусты анықтайтын тест жеткілікті және ауру белгісі байқалған науқасты дәрігерлер бірден тексеруден өтуге жөнелтеді. ДСҰ-ның арнайы нұсқаулы­ғында ПТР тестін ауру белгісі бай­қалмаған адамдар мен инфек­ция жұқтырған науқаспен қарым-қатынасқа түскендерге де қо­л­дануға болады деп жазылған. ПТР тесті кезінде құрылғы науқастың аузы-мұрнынан сынама алынады. Денсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов елімізде 20 зертхана осындай анықтау жұмысын жүр­гізе алатынын айтады. Бұл зерт­ханалар күніне 6 мың тест өткізуге қауқарлы. Таяуда тағы бірнеше зертхана ашылмақ.
– Мемлекет тарапынан 380 мың тегін тест өткіземіз. Тестілер тәуекел тобына кіретін созылмалы ауруы барларға, қарттарға, нау­қаспен байланысқан азаматтарға, полиция және медицина қызмет­керлеріне арналған. Тестіні тек жекеменшік зертханаларда жүргі­зеді, – дейді бас дәрігер.
COVID-19 індетін саусақтан қан алу арқылы табатын жедел тест те бар. Жедел тест адам қа­нындағы антиденелерді анық­тайды. Антиденелер коронавирус жұқтырған немесе жазылып кет­кен адамда болуы мүмкін. Алайда жедел тестілер инфекциясын ал­дын ала көре алмайды. Сондықтан дамыған мемлекеттің барлығы дер­лік тек ПТР әдісін пайда­ланады. Жедел тест қан құрамынан IgG/IgM тобына жататын, SARS-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирусқа қарсы түзілген екі түрлі антиденені анықтайды. Антиденелердің бұл түрі аурудың әртүрлі кезеңінде пайда болады. Вирус жұқтырғаннан бір аптадан соң адам ағзасында IgM тобын­дағы антидене, екі не үш аптадан кейін IgG тобының антиденесі түзіледі. Жедел тест антиде­не­лердің осы түрлерін анықтайды. Адам ағзасынан IgG тобына жататын антиденелер табылса, COVID-19 вирусына қарсы имму­нитет түзілді деген сөз. Бірақ мамандар коронавирусқа қарсы иммунитет ағзаны қанша уақытқа дейін қорғауға қабілетті екенін нақты білмейді. Жедел тест ке­зінде антиденелер анықталмаса, бұл адамның ағзасында коро­навирус жоқ дегенді білдірмейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 30 наурызда өткен онлайн-брифингте «қазір бізде 100 мың адамға шаққанда 190 тест бар» деп мәлімдеді. Бір қынжылатынымыз, бұл – әлемдік стандарттан әлдеқайда артта қалған көрсеткіш. Мәселен, 5,3 миллион халқы бар Норвегияда 100 мың адамға шаққанда 1 800 тестіден келеді. Швейцарияда 100 мың адамға шамамен 1 500 тест жүргізіледі. Коронавирус жұқтырған адамдар бойынша дүниежүзінде бесінші орында тұрған Германияда 1 000 тестіден айналады. Алматылықтарға ПТР тест сыйлаған Оңтүстік Корея – тұр­ғындарды жаппай тексеру жөні­нен алдыңғы қатарға шыққан мем­лекеттің бірі. Онда тестіні кө­ліктен отырып-ақ тапсыруға жағ­дай жасалған. Халық саны 51 миллион елде күніне 16-18 мың адам тестіден өтеді. Жүз мың адамға шаққандағы көрсеткіш 850-ге жеткен. Мәселе экономикалық әле­ует­те ме? Бір қарағанда, солай сияқ­ты. Дегенмен АҚШ-тағы ахуал­ға назар аударсақ, қате­лес­кенімізді аңғарамыз. Әлемде бі­рінші орынға мықтап жайғасқан, 327 миллион халқы бар мемле­кет­те 100 мың адамға небәрі 550 тес­тіні місе тұтуға мәжбүр. Алтыншы орындағы Ұлыбри­танияның да оңып отырғаны шамалы. Тұманды Альбионда 100 мың адамға шаққандағы тест саны – 245. 144 миллион халқы бар көр­шілес Ресейде – 380. Сандарды сараптадық. Енді сапасына көшейік. Қайбір күні Украина, Грузия, Испания сияқты мемлекеттер қытайлық BioEasy компаниясының жарамсыз жедел тестілерін сатып алыпты деген ақ­парат тарады. Испанияның сырт­қы істер министрлігі тестінің на­шар партиясын Қытайға қай­тарса, Грузия ойланбастан жаңағы ком­паниямен келісімшартын бұзды. Себебі тестінің коро­на­вирусты аны­қ­тау ықтималдығы 30 пайыз­дан аспай қалған. Негізі, бұл көр­сет­кіш 80 пайыздан кем бол­мауға тиіс. Қытай билігі кінәлі ком­па­ния­ның тест шығаруға ли­цен­зиясы жоқ екенін айтып ақталды. Ұқсас оқиға. Ресей Өзбек­станға коронавирус инфекциясын анықтайтын тест жүйесін берді. Коронавирусты мойындамайтын Беларусь басшысы Александр Лукашенко «Вектор» ғылыми орталығы жасаған тест жүйесінің дәлдігі тек 30 пайыз деп сынады. Өз кезегінде Ресей шенеуніктер бұл құрылғыны шетелдік аналог­тарынан асып түседі деп мақтады. Қысқасы, әркім өз өнімін қор­ғаштап әлек. Мұндай тестілерді жасаумен Қазақстан да айналысып жатыр. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ғалымдарын коро­навирусты анықтауға арналған отандық тест жасап шығаруымен құттықтады.
«Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталы­ғының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина сала­сының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көр­сетеді. Әлемге тараған коро­на­вирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды. Әзірлен­ген тест жүйе­сі мыңдаған азама­тымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін» деп жазылған Прези­денттің құттықтаухатында.
Отандық ПТР тестілердің алғашқы партиясы мамыр айына таман дайын болады екен. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы растаса да, іс жүзінде сынақтан өт­пеген өнімнің тиімділігін баға­лайтын күн әлі алда.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ