Әлемде коронавирустан басқа ғаламат «эпидемия» басталды. Экономистердің байламынша, дүниежүзінде жұмыссыздар армиясының күрт артуы адамзат үшін індет жұқтыруға барабар тағы бір алапат қатер саналады. Қазақстан кеселмен ере келген кесір құбылысқа қарсы алғашқы елдер сапында үн қатты. Алайда тиісті мембағдарламаның орындалу сапасы сын тудырып отыр. «Әлемдегі еңбек нарығындағы ахуал «жаппай жұмыстан босату эпидемиясының» таралуына қатысты біздің ең үлкен қаупімізді шындыққа айналдыруда. Көптеген үкіметтің көмек бағдарламасы кешігіп жатыр. Олар іске қосылғанша, компаниялар пандемияға үн қатып, жұмыс орнын қысқартып үлгерді», – дейді Deutsche Bank Securities бас экономисі Торстен Слок. COVID-19 батыстың ауқатты елдерінің өзінде жұмыссыздық деңгейін қос таңбалы санға дейін ұлғайтты. Мысалы, АҚШ федералдық резерв жүйесі елдегі жұмыссыздық деңгейі 10 пайыздан жоғары болады деп болжауда. Бұрын аталған көрсеткіш 3,5 пайыз айналасында құбылатын. COVID-19 пандемиясының кең таралуы, мемлекеттердің карантин шарасын жаппай енгізуі, адамдардың өз бетінше оқшаулануы дүниежүзінде көптеген кәсіпорынның жабылуына соқтырды. Халықаралық сауда дағдарды. Инвестиция ісі тоқтады. Қор нарығы тоқырады. Шикізат, әсіресе мұнай бағасының құлауын, ұлттық валюта құнсыздануын, дамыған елдер қарызының күрт өсуін ескерсек, бұл жолғы жаһандық рецессия 2009 жылғы дағдарыстан әлдеқайда қуатты болатыны аңғарылады. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2020 жылғы наурызда жұмыссыздар саны 442,6 мың адам болды. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 4,8%-ына тең. Әйтсе де, көптеген өңір карантинге жабылған сәуір айының қорытындысы бұл көрсеткішке өз түзетуін енгізері сөзсіз.
Елді тек тұрақты жұмыс тұрақтандырады
Жаңа күйзеліске Қазақстан әдеттегідей жаңа Жұмыспен қамту жол картасын (ЖҚЖК) қабылдау арқылы жауап берді. Өйткені бұл – өзін-өзі ақтаған бастама. Нәтижесінде, Үкімет қаулысымен «Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді аббаттандыру жөніндегі жол картасы» құпталды. Бұл – ел тарихындағы осындай ең қымбат жоба саналады. Бірақ бағдарламаның орындалуы, қандай мазмұнмен толтырылғаны Мемлекет басшысының да, сарапшылардың да көңілінен шықпай тұр. Мысалы, 2009 жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс адамзатты дүрлігіс пен күйзеліске түсіргенде, Қазақстан қарапайым тілде Жұмыспен қамту жол картасы (ЖҚЖК) аталған «Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын» іске қосты. Бұл зауыт-кәсіпорынның тоқтауы салдарынан жаппай босатылған жұмысшыларды басқа еңбекке баулып тартудың, сондай-ақ жұмыссыздарды әлеуметтік қорғаудың жаңа тұрпатты бағдарламасы мен әдісі болатын. Оны қаржыландыруға 2009 жылы – 191 миллиард теңге, ал 2010 жылы 151 миллиард теңге бағытталды. Яғни, жалпы алғанда 342 миллиард теңге шығындалды. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылғы ЖҚЖК-ға 1 триллион теңге арна тартқалы тұр. 2009 жылғы жол картасына сәйкес, 2 жылда 8 871 жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 390,6 мың жұмыс орны ашылды: 2009 жылы – 258,6 мың, 2010 жылы – 132 мыңдай. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің мәліметінше, қазіргі ЖҚЖК бағдарламасы аясында пандемиядан кейінгі кезеңде 240 мыңдай жұмыс орны құрылады. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 10 сәуірдегі отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарламаны жүзеге асыруға бұрын-соңды болмаған сомада (1 трлн теңгеге дейін) қаржы бөлінетініне назар аударта келе, қыруар ақшаның құмға сіңген судай жоқ болмауы керегін баса айтты. Шынында, мұндай тәуекелдің құлағы қылтияды: министрлік пен әкімдіктер көкейкесті мәселені қысқа мерзімде шешу жайына басымдық беріп, ұзақмерзімді міндетті естен шығарып алғандай. Бұл мысалы, қызудың көтерілуі, іштің ауыруы секілді симптомдарын ғана жойып, дерттің өзін емдемеумен тең. Президент назарына ұсынылған талдауда ЖҚЖК аясында жоспарланған жұмыс орнының 95% дейінгісі уақытша екені көрсетілген. Бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен небәрі 13 мың адам қамтылады. Бірқатар өңірде бағдарлама қорытындысында мардымсыз тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев еңбектің екі түрі арасын теңгерімге келтіруді жүктеді. Ол дағдарыс уақытында уақытша жұмысқа орналастыру маңызды екенін, бірақ мол қаржы жұмсалып отырғандықтан, анағұрлым кең және сапалы жұмыс орнын ашу жайын ойластырған жөн болатынын нықтады. Сондықтан Үкімет пен әкімдер алдына триллион жұмсалатын жобаларға қазақстандық кадрды тарту, отандық құрылыс компанияларының қызметін пайдалану, жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілердің өнімін тұтыну міндеті қойылды. Басқаша айтқанда, жаппай импорт алмастыру қолға алынуы тиіс. Әйтпесе, елордадағы және өзге қаладағы зәулім ғимаратты, жаңа инфрақұрылымды нысандарды, республикалық маңызы бар үлкен автожолдарды ішінара Түркия, Иран, Қытай, Ресей, Әзербайжан және басқа елдердің мердігерлері салып келгені жасырын емес.Бағдарлама бағын дұрыс басымдық ашады
Жаңа жол картасымен бұл жолы 7 мыңнан аса жоба қамтылмақ. Оның әзірге тек 300-дейі – өндірістік, перспективті жоба. Тұрақты орындар да осыларда ашылады. Жалпы, бұл ЖҚЖК неден тұрады? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бағдарлама аясында 4 бағытта жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Біріншісі, әлеуметтік инфрақұрылым, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс, халыққа қызмет көрсету нысаны салынады. Бұл 2 518 жобаны қамтиды, құрылатын жұмыс орны – 92 769. Екінші бағытта сумен, жылумен, газбен, электрмен жабдықтау және кәріз жүйесі нысандары тұрғызылады, құбыр төселеді. Еліміз бойынша мұндай 979 жоба бар, ұсынылатын жұмыс орны – 40 071. Үшінші бағыт инженерлік-көлік инфрақұрылымын нысанаға алады: яғни қала, кент, ауыл ішінде жол мен тротуар, ірі нысандарға кірме жолдар төселеді, бөгендер, бөгеттер және көпірлер – барлығы 2 463 жоба салынады. 73 543 жұмыс орнын жабдықтау көзделген. Төртінші бағыт ауыл-қаланы абаттандыруды – аулаларды жайластыруды, көшелерді, парктер мен скверді жарықтандырып, көгалдандыруды, иесіз ғимаратты күресінге жіберуді, шағын сәулет композициясын орнатуды, балалардың ойын, ал ересектердің спорт алаңын түзуді қарастырады. Мұнда жұмыссыздарға 1 211 жобада 35 524 жұмыс орны ұсынылуы тиіс. Қазіргі күрделі жағдайда 240 мың орын аздық етуі мүмкін. Сол себепті Үкімет жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімі негізінде басқа да жұмыстар мен нысанды іске асыруға және қаржыландыруға рұқсат етіледі. Бағдарламаға кім қатыса алады? Жұмыспен қамту орталықтары әлдебір жұмысқа біліктілігі жарайтын мамандарды іріктеп, жобаларды жүзеге асырушы жұмыс берушіге не мердігерге бағыттайды. Өз бетінше баруға рұқсат етіледі. Қажет болса, кадрлар жұмыс берушінің өтінімі бойынша тиісті жұмысты орындау үшін қайта даярлықтан өткізіледі. Жұмысқа орналастыруда 29 жасқа дейінгі жастарға басымдық беріледі. ЖҚЖК үшін бөлінген қаражатты қандай жобаға жұмсайтынын әр әкімдік өз бетінше шешеді. Тек жергілікті тұрғындарға жұмыс тауып берсе болды. Жол картасын іске асыру қашан басталады? Оның жобаларын жүзеге асыруға өңірлер осы сәуір айында ғана кірісті. Ауыл-аймақта жұмыс іздегендер ғимараттарды күрделі және ағымдағы жөндеуге шақырылып жатыр. Бұл жұмыстар күздің аяғына дейін, қар түскенше жүреді. Яғни, маусымдық сипатта. Ал жаңа объектілердің құрылысы жыл соңына дейін қаржыландырылады. Жұмыспен қамту орталықтары жол картасы жобаларына жұмысшы іздеумен айналысатын жылжымалы рекрут пунктін құратын болады. Оларға кеңес беру, коронавирусқа қатысты медициналық тестілеуден өткізу, жұмысшыларды жеткізуді ұйымдастыру жүктеледі. ЖҚЖК жобаларында жалақы 85 мың теңгеден кем болмауы қажет. Жаңа бағдарлама жұмыс орнын құрумен шектелмей, экономиканың өзге салаларына мультипликативті ықпал етпек. Бүгінде құрылыс пен реконструкцияға қажетті негізгі материалдар бойынша отандық өндіріс ішкі қажеттілікті өтей алады. Бұларға цемент, тауарлық бетон, гипс, құрылыс қоспалары, гипсокартон жатады. Қазақстанда 12 цемент, 27 кірпіш зауыты, сонымен қатар 3 арматура, 5 бояу, 10 құрғақ құрылыс қоспасын өндіруші, 1 керамикалық бұйымдар зауыты бар. Әр облыста тауарлық бетон және бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл кәсіпорындар жағдайды пайдаланып, өнім бағасын күрт өсіріп жібермеуін қадағалауды тапсырды. Өйткені құрылыс жобалары құнының 60%-ын құрылыс материалдарының бағасы құрайды. Демек, саладағы баға қымбатшылығы жол картасына бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және оның әлдекімдердің қалтасында шөгіп қалуына соқтырмақ. Мемкомиссияға сондай-ақ ЖҚЖК жобаларында жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, COVID-19 таралуын болдырмау тапсырылды. Бөлінген қаржыларды арнайы топ қатаң бақылауда ұстайды. Топ құрамын және жұмыс тәртібін алда Президент Әкімшілігі анықтайды. 2009 жылғы жол картасы елге біраз игілік әкелді. Жаңа өндіріс орындары ашылды, елдің индустриялануына жол ашты. Қазақстандағы халықтың экономикалық белсенділік деңгейі 2015 жылы 71,7% пайызға дейін жетті. Яғни, еңбекқор азаматтар үлесі артты. Мысалы, Кеңес Одағы тараған тұста бұл көрсеткіш республикамызда тек 68,6% болатын. Жұмыссыздық деңгейі 2000 жылғы 12,8%-дан 2010 жылы 5,8%-ға дейін төмендеді. Белгілі экономист-ғалым Роза Бұғыбаева бұған дейінгі жұмыспен қамту жол карталары аясында біраз мәселе шешімін таппағанын айтады. «Мысалы, ұлттық еңбек нарығы теңгерімге келтірілмеді. Әсіресе, әйелдер жұмыссыздығы жоғары деңгейде сақталуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесі шешілмеді. Жұмыссыздықтың жасырын түрлері байқалып отыр. Кәсіпорындардың жоғары білікті мамандарға ғана емес, тіпті қарапайым жұмысшы кәсібі өкілдеріне деген сұранысы да қанағаттандырылмады. Салдарынан былтыр шетелдік мигранттарға шектеу қойылғанда, бірқатар инфрақұрылымдық жобалар тоқтап қалған. Елде еңбек ресурсының сапасы инновациялы экономика қажеттілігіне сәйкес келмейді. Жұмыс күші ресурсының сол бойы бірнеше өңірде шоғырланып қалуы мәселесі шешімін таппады. Жаңа жол картасы осы мәселелердің түйінін тарқатуға мән берсе, дұрыс», – дейді сарапшы.