«Жаным» деп алған жарыңды...
«Жаным» деп алған жарыңды...
Адамзат баласы үшін ең басты құндылық – отбасы. Ата-ана, бала, отбасының тыныштығы – басты назарда.  Алайда қазір отбасылық зорлық-зомбылық шектен шығып кеткен сияқты. Әсіресе, карантин кезінде ерлі-зайыптының арасындағы ұрыс-керіс, жанжал көбейіп тұр. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысында болған жағдай осыны дәлелдеп тұрғандай... Бұл мәселе БҰҰ-ны да алаң­датып отырған секілді. «Өткен аптада бірнеше елден әріптестер қоңырау шалып, коронавирус пандемиясына байланысты қан­дай жаңа қауіп-қатер болатынын және бұл әйелдер мен отбасының жағдайына қалай әсер ететінін әңгіме қылдық. Карантин ең бі­рінші кезекте – үйдегі зорлық-зом­бы­лықтың, әйелдерге, балалар­ға және қарт адамдарға зорлықтың көбеюіне әкелетін секілді. Дағдарыс орталықтарында отбасынан қа­шып келіп жатқан әйелдер көп. Тіпті, бұл орталықтарда бос орын қалмаған. Зорлық-зомбылықтан қашып, әйелдер балаларымен бірге дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр. Олардың көбі жұмыссыз қалды. Армания, Грузия, Украина­дағы әріптестеріміз де осы мәсе­ленің өзекті екенін айтып отыр», – дейді сарапшы Ирина Костерина. Карантин енгізілгелі бері түрлі елден тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қатысты шағымның саны көбейіп, 35-40 %-ға жеткен. Мұның бәрі «жедел желі» арқылы белгілі болғандары ғана. Ал белгісіздері қаншама?! Психологтар белгілі бір шек­теулі кеңістікте ұзақ отыру қиын екенін айтады. «Әр отбасының өз проблемасы бар. Оған еркек пен әйелдің жұмыссыз қалуын қосыңыз. Ер адам – үйдегі негізгі табыс табушы. Ол таңертең ерте кетіп, кешкісін кеш қайтады. Оның отбасымен көп байланысы бол­ған жоқ, ол өзінің табыс табушы функ­циясын орындай отырып, тек демалыс күндерін отбасына ар­найтын. Бұл барлығына ың­ғай­­лы жағдай болды», – дейді пси­хологтар. Үйде отырған ер азаматтар қазір өздерін «белгісіз күйде» отырғандай сезінеді. Сондай күйзеліске түскен кезде қызуқанды адамдар өз-өзіне есеп бере алмай қалады. Ондай кезде оның қолына кім бірінші ілігуі мүмкін: әйелі, балаcы және қарт адамдар. «Белгісіздік» күй кешкен еркектердің психолог ма­манына хабарласпайтыны тағы белгілі. Ал зорлық-зомбылық құр­баны болған адам дағдарыс орта­лығына жүгінетіні аян.  

Отбасылық дағдарыс

Америкалық ғалымдар жүр­гіз­ген зерттеуге сенсек, қыз-келін­шектердің қауіпсіз өмір сүруі бо­йынша еліміз 72 мемлекеттің ішінде ең соңғы орынға жайға­сыпты. Сұмдық көрініс емес пе? Тіпті, әлеуметтік жағдайы тө­мен деген мемлекеттердің өзі рей­тингте Қазақстанның алдында тұр. Қазақтың қорғансыз қыз-келіншектерінің тағдыры неге бұлайша тәлкекке түсті? Зорлық-зомбылық зардабын тартып отырған әйелдер мен ба­лалар көп. БҰҰ мәліметіне қарасақ, 2019 жылы әлемде 50 мың әйел мен бала жақынының (күйеуі, ағайыны, туысы) қолынан қаза тапқан. Қиянатты жасайтын өзгеден бұрын өз жақыны. 2017 жылы 87 мың әйел зорлық-зом­былықтың құрбаны болыпты. Бұл қылмыс түрі Қазақстанда да азаяр емес. Бір жылда 400-ден астам әйел күйеуінің қолынан қаза табады екен. Зорлық-зомбылық себебі – адамның тәрбиесі мен мә­дениетіне де байланысты. Оның үстіне, жалпы қоғамның құқықтық сауатсыздығы да аңғарылады. Халық ішінде қалыптасқан жаңсақ стереотиптер тағы бар. Оның бастысы – әйелдердің ерлерден бір саты төмен тұруы. Әйел күйеуімен ажырасуды абыройсыз көреді. Сол үшін де жұбайының ұрып-соққанына көндігеді. Ал Еуропа елдерінде «әйел мен бала құқығына қоғам бір кісідей жауапты» деген түсінік қалыптасқан. Әр кез әйел­дер құқын сақтау – зорлық-зомбы­лықтан сақтанудың басты шарты.      width=  

Өртенген тағдыр

11 сәуір күні Тасқала ауданы Ақтау кентінде жергілікті тұр­ғындар 30 жастағы Жадыра Жұмалиеваны қыздары 8 жасар Инабат және 6 жасар Айшамен бірге жерледі. 8 сәуір күні түнде олардың жанып кеткен денелері өртенген үйдің қирандылары асты­нан табылды. «Үйді өртеп жіберген» деген күдікпен поли­ция Жадыраның күйеуі және қыз­дардың әкесі Серік Қафизовты ұстады. Өрт сөндірушілер отты түнгі үштен кейін сөндірді. Үйдің алдында көрші-қолаң жиналып қалған. Бірнеше минуттан кейін жасақ жанып кеткен бала мен ересек адамның мәйітін тапты. Бұл Жадыра мен үлкен қызы Инабаттың денелері болатын. Кейін үшінші мәйітті келесі бөл­медегі қабырға мен пештің ара­сынан алып шыққан. Бұл – алты жастағы Айшаның денесі. Жантүршігерлік оқиға. Өз бала­сын тірідей өртеп жіберу – қан­дай қаныпезердің қолынан келеді? Жаны түршікпей, мұндай қыл­мысқа қалай барды екен? Иә, ақ-қарасын полиция ажырата жатар. Бірақ Жадыра мен өрімдей бүлдіршіндер өмірге қайта орала ма? Жазықсыз баланың обалы кімге? Тұрмыстық кикілжің десек те, мұндай әрекетті «ешбір сөзбен» ақтап алу мүмкін емес... Өткен жылы елордада күйеуі үстіне бензин құйып, өртеп жі­берген әйел ауруханада көз жұмды. Марқұмның артында алты бала қалды. Әйелдің денесінің 75%-ын термиялық күйік шалған. Трагедия өткен жылдың 6 қазанында бол­ды. 43 жастағы ер адам әйеліне бен­зин шашып, өртеп жіберген. Полицейлер денесін күйік шалған әйелді мамандандырылған ха­лыққа қызмет көрсету орта­лы­ғының аумағындағы аялдамадан тапты. Зардап шеккен тұрғын Түр­кістан облысынан көшіп келген екен. Осы оқиғадан кейін күдікті ретінде әйелдің күйеуі қамауға алынған еді. Осындай әйелін ұрып кетті, өртеп кетті, зорлап кетті дейтін әңгімелер өте көп. Тұрмыстық кикілжің салдарынан талай отба­сының шаңырағы ортаға түсті. Талай отбасы ажырасып кетті. Талай отбасы қасірет қайғысын жамылды. Алайда әр күйзелістің соңы осындай қайғыға ұласа берсе, адам тағдырын, ана мен бала тағдырын, әйел құқын кім ойлайды? Адамзат баласы түрлі қиындықты бастан кешірген. Түрлі дерттен, соғыстан, ашаршылықтан, ауыртпалықтан көз жұмғандар көп. Ал бейбіт заманда өз отбасында жақынының қолынан қаза тап­қандар ше? Олардың тағдырына кім алаңдайды?  

Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған

Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тиісті шараларды жүзеге асыруда. Карантин кезінде тұрмыстық кикілжің салдарынан болатын түрлі оқиғаға жол беріл­меу үшін арнайы ІІМ арқылы нақты жұмыстарды қолға алды. Әр аймақта сенім телефондары орнатылып, дәріхана, подъезд, азық-түлік дүкендеріне арнайы плакаттар ілінген. Арнайы топ құрылып, отбасына көмек беруге әзір. Бір ғана мысал, Нұр-Сұлтан қаласында әкімдікпен бірлесе отырып құрылған жедел топтан тұратын 32 бөлімше бар. Олар кез келген уақытта жедел қызмет етуге дайын тұр. Әр баланың «бақытты балалық шақты» өткізуге құқы бар. Ол отбасынан, ата-анасынан зәбір көрмеуі тиіс. Сол себепті тұрмыстық кикілжіңдер туындаса, бала қиындық көрсе, әйел азап шексе, «жедел желіге» хабарласып, көмек алуына болады. Бұл – тұрмыстық қиындықтың алдын алу үшін жасалып отырған ша­ралар.    P.S.  

«Отан – отбасынан басталады». Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп, бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызы қандай екенін көрсетіп берді. Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту барысында қыруар шаруа атқарылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаты нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша қаншама бағдарламалық құжат әзірленді. Ана мен бала зорлық көрмеуі тиіс. Бала құқығын аяқасты етпеуіміз керек. Әр баланың «бақытты болу үшін жаралғанын» ұмытпасақ болғаны.

 

 width=Гүлзина БЕКТАС