Отандық өндірісті оффтейк-келісім көтереді
Отандық өндірісті оффтейк-келісім көтереді
226
оқылды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірер күн бұрын отандық бизнесті бірге дамыту туралы келісімге қол қойды. Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев қол қойған келісімшарт өндірістік кәсіпорындарға Қор компанияларымен ұзақ-мерзімді келісімшарт жасауға, бизнестің дамуын қамтамасыз етуге және отандық өндірушілерді қолдау үшін тиімді шешім қабылдауға бағытталған.

– Отандық тауар өндіру­шілерді қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу жүйесін дамытудағы негізгі мақсат­тардың бірі. Қазақстандық та­уар өндірушілердің да­муы­ның арқасында Қор компа­ниялары сапалы тауарды тиім­ді бағамен сатып алып жатыр, соның арқасында са­тып алуға бөлінген қаражат айтарлық­тай үнемделіп келеді, – деді Аметжан Есімов қол қою рә­сімінен кейін.

Оның айтуынша, келісім­шарт шеңберінде жаңа өнді­рістерді қолдауға бағытталған, кем дегенде, 10 оффтейк-ке­лісім жасау жоспарланған. Осы тұста айта кетсек, Қор мен «Атамекен» ұлттық па­латасы жаңа өндірістерді қол­дауға бағытталған жаңа ме­ханизм – оффтейк келісімдер жасауды өткен жылы енгізген болатын. Аталған механизмнің арқасында кәсіпкер әлі өндіріле қоймаған тауарға ұзақ мерзімді тапсырыс алады. Ол тапсырысты алу үшін қойы­латын негізгі талап – Қазақ­станда сол тауардың балама өндірістері болмау керек.

Қор мен Палата басшы­лары өндірісті жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді келісімдер жасау механизмінің тиімділігіне сенеді. Сондай жаңа механизмнің бірі – «Атамекен» палатасы құратын «Сатып алудың бірыңғай те­резесі». Аталған құрал биз­нес­ке нарықтың ауқымын ша­малауға мүмкіндік береді, са­тып алу үдерісінің жария­лығын арттырып, тәуекелдерді азайтады.

«Атамекен» ҰКП прези­диумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, ұсы­нылып отырған қолдау ша­ралары адал бизнеске ар­налған.

– Кәсіпкерлер өз кезегінде жергілікті өндірісті жаңғырту және цифрландыру бойынша ұсыныс енгізуі керек. Келі­сімде қарастарылған баста­малардың іске асуы отандық өнеркәсіптердің жаңа тех­нологияларды игеріп, қо­сымша құны жоғары тауар­ларды өндіріп, көрші елдер нарығына шығуына жағдай тудыратынына сенімдімін, – деді ол.

Келісім шеңберінде отан­дық бизнесті қолдауға бағыт­талған бірқатар шара жоспар­ланып отыр. Биыл Қор, «Ата­мекен» және салалық қа­уымдастықтардың қаты­суы­мен импорттың орнын ал­мастыру мақсатында «қа­ра­пайым заттар экономика­сының» (жеңіл өнеркәсіп, жиһаз құрастыру, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс мате­риалдарын шығару, машина құрастыру) өнімдерін артты­руға бағытталған Жоба кеңсесі ашылады. Кеңсе сараптама­сына сүйене отырып, «Ата­мекен» палатасы импорттың орнын алмастыру әлеуетін анықтап, отандық өндіру­шілерді қолдау мен дамытудың нақты стратегиясын құрас­тырады. «Атамекен» палатасы индустриалды сертификат енгізу шеңберінде отандық өндірушілер шығаратын тауарлардың түгел қамтылуын қамтамасыз етеді. Аталған сертификаттары бар өнді­­рушілер алдын ала квали­фикациялық іріктеуден өт­кенде қосымша 20 пайыз балл алады.

Айта кетсек, жыл басында Қор мен «Атамекен» ҰКП «Кабельдік-өткізгіш өнім» және «Арнайы аяқкиім» са­наттары бойынша сатып алу стратегияларын бекітті. Бұл стратегиялар бойынша Қор­дың сатып алуларындағы үнемдеу 439 млн теңге болады деп көзделіп отыр. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың арқасында жоғары вольтты трансформаторлар өндіретін «Азия-Траффо» зауыты бұрын Қытай, Ресей мен Украинадан сатып алынған құрылғыларды өндіре бастады. Бұл жобалар ішкі инвестицияны арттырып, 200-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін «Қордың та­уар, еңбек және қызмет сатып алу ережелеріне» Қор ішіндегі сатып алу үлесін азайтуға ба­ғытталған өзгерістер енгі­зіл­ген болатын. Осылайша, ашық тендер арқылы сатып алы­натын өнім көлемі 387 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін жетті. 2018 жылы Қор ішіндегі сатып алулар барлық сатып алудың 90 пайызы немесе 3 трлн теңгені құрады.

Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша, сатып алудағы үнемдеу 121 млрд теңгені құрады. Холдингаралық сатып алулардың көлемі 4 500 тауар позициясынан 409-ға дейін қысқарды, яғни құны 309 млрд теңге болатын сатып алулар бәсекелес ортаға берілді. Жаңа тәсіл 22 млрд теңгені үнемдеуге жол ашты. Сонымен қатар 8 000 кәсіпкерлік субъектісі қосымша тапсырыс алды. Биыл жаңа тәсілдердің ар­қасында үнемдеу көлемін 146 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.