IV тоқсан аяқталуға жақын. Алда тек жиынтық бағалаудың өткенін күтеміз. Өйткені 9-11-сынып оқушылары қорытынды емтихан тапсырмайды. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеудің мерзімі қашан? Әдеттегідей маусымның аяғында ма, әлде төтенше жағдай жауапты сынға өзгеріс әкеле ме? Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту кезінде әдістемелік ұстанымдар бекітілген бұйрыққа қол қойған-ды. Ресми құжат жүзінде білім беру саласында бірқатар өзгеріс болады. Бұйрықта жиынтық бағалау, телесабақ, онлайн-платформаларды қолдану мен қорытынды аттестациялау туралы жазылған. Иә, осыған дейін 9-11-сынып оқушылары аттестат алу үшін емтихан тапсырды. Төтенше жағдайға байланысты министрлік 9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтиханын, ал 11(12)-сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтиханын өткізбеу туралы шешім шығарды. А.Аймағамбетов мемлекеттік емтиханның болмайтынын мәлімдеді. Тоқсандық баға негізінде жылдық баға шығарылатынын айтты. Нәтижесінде, бұл баға аттестатқа қойылады. Оның айтуынша, көптеген ел қорытынды емтиханнан бас тартқан. Қазақстан да аталған шешімді құп көріпті.
ҰБТ маусым айында өте ме?
Мемлекеттік емтиханның болмайтынын естіген елде «ҰБТ өте ме?» деген сұрақ туды. Өйткені мамыр айы таяу, соңғы қоңырау салтанаты болмайды, емтихан да күн тәртібінен алынды. Бағалау жүйесі бойынша да өзгеріс бар. Салдарынан жұрт ҰБТ мерзіміне күмәнмен қараған-ды. Ата-ана мен оқушының сұрағына Ұлттық тестілеу орталығы жауап берді. «Қолданыстағы ережеге сәйкес, ҰБТ өткізіледі. Мерзім өзгерген жағдайда, ақпарат ҰТО сайтында және әлеуметтік желідегі ресми парақшада жарияланады. Біз балалардың қауіпсіздігіне 100% сенімді болған жағдайда ғана тестілеуді өткіземіз», – деді олар. Ал жауапты сынның мерзімі жөнінде министрлік наурыз айынан бері мәлімдеме жасап жүр. Алаңдауға негіз жоғын, одан да дайындалуға көңіл бөлу қажетін сан мәрте айтты. Орталықта әр пән бойынша 70 нұсқа бар екенін, түлектер барынша меңгеріп, межелі уақытқа дайын болуын өтінген-ді. Тіпті, керек десе жаңа нұсқаларды ақысыз беруге әзір екенін атап өтті. Иә, бас мұғалім айтқандай, оқушылар білім жиғанға бекінгені жөн. Өйткені министрлік ҰБТ-ны өткізбеу түгілі уақытын ауыстыруды ойға алған жоқ. Құзыретті мекеме түлектерге ақысыз тест тапсырып, ҰТО сайтын үнемі бақылауда ұстауды сұрайды. Олар ҰБТ мерзімі туралы шешімді мамыр айына қарай қабылдайды. Жағдайды бақылап, керекті шара қолданады. Онлайн брифингтің бірінде Аймағамбетов: «ҰБТ мерзімі маусым айының соңында екені белгілі. Сондықтан бүгінгі күні оны әрі қарай ауыстыру туралы мәселе жоқ. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Мамыр айына қарай эпидемологиялық жағдайға байланысты нақты шешім қабылдаймыз» деген еді. Сонымен, министрлік маусымның аяғына дейін оқушыдан тек мұқият дайындықты талап етеді. Олар бұрынғыдай мектеп пен түрлі орталықта білімін шыңдауға мүмкіндік жоқ екенін түсінеді. Бірақ карантин уақытын тиімді пайдаланған түлектің ҰБТ-дан қиналмай өтетініне сенімді.Тестілеуді шілдеге шегерсе...
Жоғарыда ҰБТ болатынын, уайымдауға себеп жоғын жаздық. Ендігі мәселе – өтетін күн мен межелі сағат. Неліктен мерзімге мән беріп отырмыз? Өйткені Алматы әкімі халықпен онлайн-кездесуде 1 шілдеге дейін қалада көп адам қатысатын іс-шара өтпейтінін мәлімдеді. Әрине, Нұр-Сұлтан мен Алматы ахуалының ұқсас екенін ескерсек, бас қала да осындай шешім қабылдауы мүмкін. Мұның ҰБТ-ға қандай қатысы бар десеңіз, былтыр тестілеуге 110 мың түлек қатысқан. Бір мекемеге кем дегенде 6-10 мың оқушы кіреді. Егер маусым айына дейін жағдай қалыпқа түспесе, ғимаратқа мұнша адамның кіруі қауіпті емес пе? Сөнуге айналған шоқты қайта үрлегендей болмаймыз ба? Бұл инфекцияның екінші рет тарауына әкелмей ме? Сондықтан ҰБТ мерзімін шілдеге ысыра тұруға болмас па екен? Бұл ұсынысты мұғалімдердің талқысына салып көрдік. Қостағаны да, қостамағаны да табылды. Биыл ұлттық сынға 135 мыңға жуық оқушы қатысуы мүмкін. Байқасаңыз, өткен жылмен салыстырғанда көп. Осы тұста ағылшын тілі мұғалімі Зарина Жұмансынқызы оқушы дайындығына алаңдайтынын жеткізді. Кей оқушы мұғалімнің қадағалауымен ғана тыңғылықты дайындалатынын атап өтті. Егер карантин талабы өзгеріп жатса, ҰБТ-ны шілдеге ауыстыру жайын құп көреді. Өйткені мектепте жиналар жағдай туса, түлектердің дайындығын көзбе-көз пысықтағысы келеді. Ал Өмір Шыныбекұлының айтуынша, карантин уақытын бас алмай білімді шыңдауға арнаған дұрыс. ҰБТ уақытына келсек, әр нәрсенің өз орны барын қысқа қайырды. «Шілдеге қалдыруды жөн көрмеймін. Себебі талапты балалар дәл қазір уақытты құр жібермей дайындалып жатыр. Карантиннің қашан бітері белгісіз. Маусымда күн ысиды, үй де ысиды. Салдарынан дайындық нашарлай бастайды. Күн ыстықта баланың құлқы болмайды. «Темірді қызған кезде соқ» дегенді ескеріп, уақытында өткені жөн», - дейді тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы. Иә, қазір оқушы зейінін тестке, уақытын білмегенін үйренуге арнап жүр. Білім министрі ҰТО сайтынан керектеріңді алыңдар дегенімен, әлеуметтік желіде ата-аналар сенбі-жексенбі күні сайттың жұмыс істемегенін алға тартты. «Басқа саланың «нәтижелі» жұмысының кесірі білім жүйесіне тиетін болды-ау» деп кейідік іштен. Десе де, технология ақауын бөгет көрмей, бар ынтасымен ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушылар баршылық. Соның бірі – № 41 орта мектептің оқушысы Рахат Әбдіманат. Ол биыл енгізілген бірнеше ережені қатаң сақтап, тынбай тест тапсырып жүр. Оның сөзінше, биыл орта есеппен әрбір 3-ші тест тапсырушы білім грантын қанжығасына байлай алады. Рахат 135 мыңға жуық бітіруші санын 51 164 грант санына бөліп, ойша тұжырым жасапты-мыс. Оған ҰБТ-ның қашан өтетіні маңызды емес. Бастысы – білгенінен жаңылмаса болды. Оқушы-мұғалім-ата-ана үштігі қандай жағдай болса да, министрліктің шешіміне жүгінеді. Тек алаңдайтыны – түлектің тағдыры. Мыңдаған оқушының бір мезетте аудиторияға кіруі – індеттің екінші рет таралуына әкеле ме деп қорқады. Ендігі қалғаны – мамыр айын күту. Өйткені Білім және ғылым министрлігі ҰБТ жайында маңызды мәлімдеме жасауға уәде берген-ді.