Үндістанда шетелдік 6 турист індет тарала бастаған кезде үңгірге барып, жасырынған. Полиция қызметкерінің айтуынша, бір топ турист Үндістанның солтүстігінде орналасқан Уттаракханд штатындағы Ришикеш қаласы маңындағы үңгірде бір айға жуық уақыт тұрған. CNN-нің хабарлауынша, полицейлер жасырынған туристерді жексенбі күні анықтаған. Олардың арасында Франция, Түркия, Украина, АҚШ және Непалдан жиналған төрт ер адам мен екі әйел бар. Елдегі ережелер бойынша, олардың барлығы карантинге жатқызылды.
Уттаракханд полициясының өкілі Мукеш Чанд: «Ақшасы біткен туристер қонақүйден кетіп, үңгірді паналаған», – деді.Туристер үңгірде 24 наурыздан бері жасырынған. Айта кетейік, Үндістанда 3 мамырға дейін карантин режимі жарияланған. Билік карантинде елде қалып қойған шетелдік азаматтарға көмектесу мақсатында «Үндістанда қалған» веб-сайтын ашты.