Асыл аға айнымас
Асыл аға айнымас

Қазақтың әдемі бір сөзі бар: «Асыл адам айнымас» деген, бұл тегінде адамдық қасиет-қалыбымыздың парасатты бағамы; мына өмірде өзінің сөзі мен ісі қатар қабысып, өмірлік өнегесі арқылы өз ұстанымынан ешқашан айнымайтын адамдар бар, сондай жандар кейде көктегі Темірқазық жұлдызындай өмірі бір орнынан табылады; соққан желдің, аққан селдің ыңғайымен кетпейді, солардың азаматтық болмысын танығанда, кісілік келбетін көргенде көңілің қарадай жүріп толады. Тап осы қалыптағы адам кім десе, еш ойланбастан Марат Тоқашбай деп айтар едім.

Қазақ журналистикасының қара нары Марат Тоқашбайдың өмір жолы елдің көз алдында. Ма­рат Бәйділдаұлы 1949 жылы 18 ма­­мырда Талғар қаласында дүниеге кел­ген. 1969 жылдан Алматы об­лыс­тық «Жетісу» газетінде, 1982 жыл­­дан республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім мең­герушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің органы – «Халық Кеңе­сі» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қыз­мет­терін атқарды. 1994 жылы «Заң га­зе­тінің» алғашқы бас редакторы бол­ды. 1997 жылы Қазақ теледи­да­рының жаңадан құрылған «Ақ­шам» ақпарат бағдарламасын бас­қарды. «Қазақстан–1» телеар­на­сы ақпарат бағдарламасының Ақмоладан тікелей эфирге шығуын қам­тамасыз етті. Қазақстан Пре­зидентінің Түркияға, Ұлыб­ри­та­ния­ға, АҚШ-қа сапарлары туралы репор­таждар жүргізді. 1999 жылы Мек­кеден әлемдік трансляция бойын­ша қазақ тілінде алғашқы­лар­дың бірі болып тікелей эфирден репортаж берді. 1999 жылдан Қа­зақ теледидарының бас директоры болды. 2002 жылы халықаралық «Қазақстан–Заман» газетін бас­қарды. Балаларға арналған рес­публикалық «Мөлдір бұлақ» жур­налының бас редакторы болған. Қа­зір «Президент және халық» га­зетінің бас редакторы.

1975 жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетін, 1990 жылы Мәс­кеу­дегі Баспасөз қызмет­керлерінің бі­лімін жетілдіру институтын бі­тір­ген. Қазақстан Журналистер ода­ғы сыйлығының лауреаты. Пуб­лицистикалық мақалалардың, «Қазақстан–1» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу», «Атамекен», «Түр­кі әлемі», «Истоки», «Сәлем, ХХІ ғасыр!», «Қадыр түні» сияқты жұрт­қа танымал жобалардың ав­торы. Елбасының екі рет алғыс­ха­тын алған. «Астана» медалінің ие­гері.

Әріптес болған соң Марат аға­мен ел ішіне және сырт елдерге та­лай бірге сапар жасадық. Сонда бір байқағаным – Марат аға мей­лінше қарапайым, өзі де, сөзі де сергек; күнделікті өмір құбылыс­та­рын қалт жібермей, жіті бақы­лай­ды; жасы алпыстан асқандар әлеуметтік желіні тұтына бермейді ғой, ал біздің Мәкең Фейсбукте өте белсенді, күн сайын көз­қа­ра­сын ашық білдіріп отырады; «Осы пі­кіріме жоғары жақ қалай қарай­ды» деп жалтақтамайды, не айтса да, не жазса да уәжге, дерекке не­гіз­деп жария етеді.

Мына жазбасына назар са­лыңыз­шы:

«Қоғам белсендісі болған жа­сырақ кезімде «Неге депутат бол­май­сыз? Депутаттыққа түссеңіз­ші?!» деген тәрізді өтініш-сұрақтар жиі қойылатын. Қазақстандағы депутаттық маған өзіңді белгілі бір жақтауға (рамкаға) тығып қоюмен бірдей көрінетін де ешқашан де­путат болуға тырысқан емеспін. Қай­та маған депутат болғаннан гөрі айтарымды айтатын, жаза­рым­ды жазатын журналистік қыз­метімнің мүмкіндігі әлдеқайда кең көрінетін. Соған бүгінгі күні тағы да көз жеткізгендеймін. Күні кеше ғана, 20 наурызда сайланған Пар­ла­мент Мәжілісінің депуттарының көбі Жер кодексіне қатысты қар­сылық білдіріп, азамат ретінде, ұлт өкілі ретінде өз пікірін айта ал­ма­ды. Халықтың сөзін сөйлеп, сойы­лын соғудан қашты. «Өлгенде әрең жет­кен» креслоларын қимады. Тіпті лағып кеткендері болды. Мас­қара мырқымбайлық!».

Ешкімнен, ештеңеден қай­мық­пайтын адамның ашық әңгі­ме­сі.

Қай жылы Қызылорда қала­сын­да қазақтың қабырғалы қалам­ге­рі, көркемсөздің хас шебері Дү­кен­бай Досжан ағамызды еске алу кеші мен арнаулы асына Алма­ты­дан бір топ жазушы, БАҚ жетек­ші­лері барып қайттық. Ғұмырында 11 роман, жүздеген әңгіме-хикаят­тар жазған Дүкенбай аға шығарма­лары жиырма шақты тілге аудары­лып, 8 миллион таралыммен жа­рық көрген. Қызылорда қаласы­ның бүгінгі келбетіне Мәкең қатты риза болды. «Жаңарған, жайнаған шаһар сән-сәулетімен, қаламгер азаматтарына деген құрметімен
40 градустық аптапты да сездірмей жіберді. Халқымыздың қалтқысыз көңілін көрем десеңіз Қызылордаға тартыңыз. Соңғы бір он жылдай Қызылордаға барудың сәті түспей жүр еді. Қаланың бүгінгі өзгерістері таң-тамаша қалдырды. Алматы мен Астана бүгінде шалақазақтар­дың қаласы болса, ал Қызылорда таза қазақтардың қаласына ай­на­лыпты! Бәрекелді! Ел игілігіне, ар­уақ құрметіне еңбек еткен жі­гіттерге мың алғыс! – деген еді ағы­нан жарылып.

Марат Бәйділдаұлы дін ис­лам­ның атын жамылып, түрлі ағы­м­ның жетегінде жүргендерге ашық майдан жариялаудан да қай­мық­пайды. «Хизб ут Тахир» исламдық ұйы­мы мүшелерінің Қазақстанда үнпарақшаларын таратып жүр­генін білген Марат Тоқашбай сая­си мақсатты көздеген бұл үнпа­рақ­шаларда, ең алдымен, Өзбекстанда «сайтан жолындағы үкіметті» құ­латып онда және оған көрші ел­дер­де бұртұтас Ислам халифатын құру идеясы насихатталғанын айтып, «Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл об­лыстарында үнпарақшалар тара­тып жүрген жерінен ұсталған «ша­тақ» ұйымның эмиссарлары не­гізінен Өзбекстандағы құры­лысты күштеп құлатуды көздейті­нін айтады. Ал Қазақстан мен Қырғызстаннан олар, ең алдымен, қолдау күтеді. «Қазақстан мұ­сыл­мандары бізді қолдап кетсе, Өз­бекстан ислам жұмхриятын құр­сақ, одан кейін Қазақстан мен Қыр­ғызстанға ауыз салып Орта Азияны ислам халифатына айнал­дырсақ» – олардың ішкі есебі осыған саяды. Тым құрыса аймақта тұрақсыздық туғызсақ дейтін есек­дәмесі де жоқ емес» дейді.

Мәкең мемлекеттік тілдің шы­найы жанашыры. Күн сайынғы тірлікте мемлекеттік тіліміздің пұ­шайман халге түсіп қалатын жағ­дайын бәріміз де көріп жүрміз. Сон­дайда көбіміз «пәледен ма­шайық қашыпты» дегендей, көріп тұрсақ та көрмеген, біліп тұрсақ та білмеген бола қаламыз. Ал біздің Мәкең қайтеді? Мұны әлеуметтік желідегі парақшасын бір сүзіп өтсеңіз, өзіңіз де көресіз.

«Өткенде Алматыдағы «Маг­нум» деген үлкен супермаркетке кі­ріп қалғаным бар. Сыр, колбаса бө­лімінен бір өнімнің халалдығы ту­ралы сатушыға қазақша сұрақ қойып едім, «Я не понимаю» дейді. Сұра­ғымды жай дауыспен қай­та­лап тағы қойдым.

– Я же сказала, что ваш язык не знаю!

– Девішке, я на своей стране, на своей земле живу, и на своем, тем более на государственном язы­ке говорю и пою. Вы не знаете мой язык?! Знашіт, вам чужая моя земля, чужая моя страна?!.

– Нет, не чужая. Я родилась здесь в Казахстане! Живу здесь!

– Если вам не чужая моя земля, не чужая моя страна, если хотите чтобы я поверил в это, тогда спойте, божалыста, гимн Казах­стана! Если споете один куплет с припевом, я поверю в ваши слова и дам вам от своей пенсии 1 000 тенге, если споете полностью я дам Вам 5 000 тенге и всю жизнь буду считать вас род­ным!

– ?!.

Сатушы аузын ашып қалды. Мек­тепте Қазақстан әнұранын үйренбепті. Зейнетақым қалтамда қалды. Енді шаптыққан бәлені орнына қою керек қой:

–Дебішке, как то ученый Карл Маркс сказал: «Не знать языка страны проживания мөжіт: гость, идиот или оккупант». Вас отнести к идоту или оккупанту я не могу. Знашіт, вы – гость! Вы – гастар­байтер! И ведите себя соответст­венно, как пологается гостью!

– Я не гость, не гастарбайтер! Я… Я…

Сөйтіп «шақырылмаған қо­нақтың» аузына құм құйылды!».

Марат Тоқашбай тіл мәселесіне келгенде өте табанды. Ұстаны­мынан ешқашан бас тартқан емес. Тәуелсіз ел болғалы ширек ғасыр­дай өмірді артқа тастасақ та, мем­лекеттік мәртебе алған ана тіліміз қо­ғамдық өмірдің барлық са­ла­сында дерлік орыс тілінің көлең­кесінде қалып отыр. Оның себебін Марат Тоқашбай былай түсіндіреді: «Қазақстанда қазақ тілі мен орыс тілінің қолданылуы аттылы мен жаяу­дың жарысы тәрізді. Өйткені Заң бойынша қазақ тіліне мем­лекеттік мәртебе берілуі – тұл­пар­ды бөтен тілден алып, өзінің заңды ие­сі – қазақ тіліне мінгізгенімен, ал іс жүзінде қазақтардың «ат се­нікі» дегенге мәз болып, өзі әлі жаяу салпақтап жүргенін елесте­те­ді».

Бір сөзбен айтқанда, Марат То­қашбай – мезгіл мінберінде ұлтын барынша сүйген, халық бол­мысын терең білген, жетпіске кел­се де жас жігіттей ұлт мұраты жо­лында жүрген, асыл да айнымас аза­мат!

Бірде ел азаматтары Ашық хат жазып, ұсыныстарын жариялады. Арасында Марат ағамыз да бар. Кездесе қалсақ, елдің жайы әңгіме болады. Сонда Марат аға «Көк туы­мызды көкке өрлетіп, Тәуелсіз Қа­зақстан мемлекетін бүгінгідей әлем таныған биік деңгейге жет­кізген Тұңғыш Президентіміз – Ұлт көшбасшысы алдында тағы бір ұлттық міндет, ұлт аманаты тұр! Ол ұлттың арманын орындау – мемлекеттік тіл мәртебесін әперу! Ұлт көшбасшысы ұлт аманатын орындауды өзіне парыз деп сана­ғанда ел де өзін елміз деп санайды! Мемлекеттік ті­ліміз – қазақ тілі Тәуелсіздігін ен­ді алатын кезі жетті! Өйткені 28 жыл бойы қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген аты болса да, Консти­ту­цияның орыс тілі туралы 7-ба­бының 2-тарма­ғына тәуелді болып келді. Осы уақытқа дейін мемле­кет­тік тілді білуге мәжбүрлемеген Елбасыға өзге ұлт өкілдері алғысын айтып, енді қазақ тілінің мемле­кет­тік тіл мәртебесін жеке дара иеленуіне өздері де қолдау жасауы тиіс! Бұл жолда Қазақстан халқы ассамблея­сы мен Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек! 2015 жылы Елбасымыз тарихта тұң­ғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйы­мында қазақ­ша сөйлеп, бүкіл әлем президент­тері алдында қазақ тілін­де баян­дама жасап, Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді. «Енді ешкім өз­герте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бір­ге мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біз­дің тіліміз мемлекеттің барлық жүйе­сінде қолданылуы үшін, бар­лық жерде керек болуы үшін өзі­мізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі мәңгілік дауға айналмай, мәңгілік елдің мәңгілік тілі болуы үшін, бұл ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін өзгеге қалдырмай, Өзі орындауы керек! Ел Елбасыдан осыны күтіп келеді! Өйткені Кеңес Одағының құрамынан шықпаған бодан кезімізде, қазақтардың саны республика халқының 39,7 пайы­зын құраған 1989 жылы қабылдан­ған Тілдер туралы заң талабынан 28 жылдан соң, бостан кезіміздің 26 жылында, 70-75 пайыз кезімізде шыға алмасақ, ешуақытта да шыға алмаймыз?!! Елбасымыздың осы Демократиялық жаңаруға бас­та­уын, Қазақтың ояна бастауына – ұлттық жаңғыруға шақыру деп, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдайық! Жоғарыда көтерілген мәселелерді саралай келе біз, Қазақстанның қоғамдық ұйымдары, зиялы қауым өкілдері осы Ашық хатымыз арқылы Конс­ти­туциялық реформаға байла­нысты Президент Әкімшілігі жа­нын­дағы комиссияға ұсыны­сы­мыз­ды мәлімдейміз: – ҚР Конс­ти­туциясының 7-бабының орыс тіліне байланысты 2-ші тармағы алынып тасталсын!», – деген ұсы­ныс жасадық деп батыл әрекет се­бебін баяндаған болатын.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Түркияға бірге бардық. Марат ағаның білімі мен білігі зор екеніне сонда тағы бір куә болғанымыз бар. Әйгілі «Сүлеймен сұлтан» филь­мі туралы үлкен әңгіме болып кетті. Сонда түріктердің өзі Марат Тоқашбайдың білгірлігіне қатты таңғалды. Фильм продюссері Тимур Саджи түсіру тобының ал­дына тарихи оқиғаларды қаз қалпында беру мақсаты қойыл­мағанын айтқан екен. «Бұл көр­к­ем туынды, сондықтан автор­лар өз қиялына қарай түрлі персонаждар мен жағдайларды қосуы айып емес» дейді ол. Фильм авторлары «Ғажайып Сүлеймен» сериалы арқылы Османлы импе­риясын еуропалықтар ойлайтын­дай артта қалған, жартылай жа­байы ел емес, кезінде аса қуатты толыққанды империя болғанды­ғын дәлелдеуді мақсат еткен тәрізді. Падишаһтың әділдігі, ақыл-парасаты, қол­басшылық қа­бі­леті, махаббаты мен жүрек те­біре­нісі арқылы еуропалық кө­рер­мен бойында Османлы импе­рия­сына құрмет сезімін оятады. Бү­гінде әлемнің 70 елінде көрсетіліп жатқан сериал іс жүзінде көптеген тарихи шын­дықтарды бұрмалайды. Сү­лей­мен заманындағы өмір тір­шілікті тым еуропаландырып жі­берген. Ол кезде әйелдердің, әсі­ресе, гаремдегілердің тіпті ашық-шашық жүруі мүлдем жат нәр­се. Жалаң бас жүру аса ұят са­налған. Шариғат жолын ұстанатын елде әйелдердің әлгіндей ер­кін­діктеріне жол берілмейтін. Ол кез түгілі қазірдің өзінде иман­ды, арлы әйелдер ондай қадамға бармайды. «Ғажайып ғасырда» тұрмыстық тұрғыдан да орын алған көптеген ағаттықтар бүге-шігесіне дейін сы­налып жатыр. ХVІ ғасырда па­дишаһ жалғыз тамақтанады екен, фильмде еуропалық мәнер басым, кейіпкерлердің киімдері мен жиһаз­дары да сол тарихи кезеңге сәй­кес келмейді. Түркияда бұл се­риал көрсетіліп жатқан кезде на­разы болған көрермендер бірнеше рет көшеге шығып демонст­рация­лар өткізген. Өйткені олардың ай­туынша сериал авторлары Сү­леймен сұлтан образын қатты бұрмалаған. Империяны кеңейтіп, гүл­дендірген жауынгер падишаһ мұнда қызба тиран, ешкімді аямай­тын қанішер, араққұмар әрі қа­тын­құмар етіп көрсеткен. Бұл шын­дыққа үйлеспейтін нәрсе екені анық, – деп Марат ағамыз көп­теген түйткілді тұстарды жіпке тізіп бергендей етіп, талдап берген.

Марат Бәйділдаұлы бірде «Ла­тын әліпбиіне көшуді 2025 жыл­ға дейін күтіп отырудың керегі жоқ. Бұрын шыққан кітаптың барлығын электронды нұсқаға түсіру арқылы компьютердегі бір нүктені баса салып, соның барлығын кирилл әліппесінен латын әліпбиіне ауыстырып алуға болады. Мұның ешқандай да қиындығы жоқ. Әрі бұны 2025 жылға дейін күтіп отыр­май, мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыра берілуін қалаймыз», – деді.

Қытайда себепсіз сотталған қан­дастарымыздың жанайқайына да Марат Тоқашбай бейжай қарай алмайды. Бұған дейін Қытайдағы қан­дастарымыз екі елдің өзара дос­тық қарым-қатынасы негізінде Қа­зақстанға еш кедергісіз, заңды түрде емін-еркін келіп-кетіп тұр­ған еді, олардың біразы қоныс ау­дарып та үлгерді. Қытайдың ШҰАР, негізінен Қазақтар тұратын ай­мағында, тұрғындардың, ең ал­ды­мен, шетелге шығатын төлқұ­жат­тарын жаппай жинап, олардың Қазақстанға шығуына тыйым сал­­ған. Бұрын Қазақстанға туыс­қан­шы­лап немесе саяхаттап барған кез келген қазақты тергеуге алып, оларды «саяси үйрену» дейтін үй­рету орталықтарына апталап, ай­лап жіберіп отырған. Ал сол «тәр­биелеу орталықтарында» өз мүд­десін қорғап, қарсылық көрсеткен­дерді түрлі жаламен бірнеше жылға еш себебсіз, олардың туыстарына ескертпестен, жабық түрде соттап жатыр. Қазақстанда оқып жатқан жастарды қайта шақырып, оларды Қазақстанда оқуына тыйым салды, егер олар бармаған жағдайда Қы­тайдағы ата-анасы мен туыс­тары­на қысым жасаған. Ал олар­дың мәйітін туыстарына ашқызбай, жудырмай арнаулы жасақпен көміп болғанша бақылап тұрған. Тіптен, қазақтардың салт-дас­түр­лері мен әдет-ғұрыптарына ашық шектеу қойып, олардың бір-біріне амандасуына, бір-бірін ауызашар, наурыз тәрізді мерекеге шақыруға тыйым салып отыр.

Марат Тоқашбай бастаған ұлт зия­лылары Қазақстанның құзыр­лы органдарына, осы Қытайдағы қандастарымызды халықаралық және екі ел арасындағы диплома­тия­лық байланыстар негізінде олар­ды қорғау туралы арыз жол­дады, егер оданда нәтиже шық­паса одан ары БҰҰ сияқты ха­лықаралық ұйымдарға да жеткізуді мақсат етті. Мұндай азаматтық ұста­ным иесіне қалайша құрмет біл­дірмейсіз?

Жер мәселесінде де Марат То­қашбай қатаң ұстанымда. Осы мәселе туралы да жұрттан бұрын жазып, елдің пікірін білдірді: «Егер мен депутат болсам, Жер кодек­сінің 4 нормасына қатысты Пре­зиденттің бүгінгі морато­рийі­нен кейін ең болмаса ар-ұятымның алдында өзімді ақтау үшін өз еркіммен депуттаттық манда­тым­ды тапсырып үйіме қайта берер едім. Бірақ біздің мырқымбайлар­дың қолынан ол да келмейді-ау. Ен­ді замандастарының бетіне, ба­ла-шағасының бетіне қайтіп қарайды?!» – деп, «халық қалау­лы­ла­ры­ның» терісін тірідей сы­пы­рып, сойып салды.

Комсомолды аңсағандардың жиы­лысын қоғам тәуелсіздікке атыл­ған оқтай қабылдағаны рас. Ал­матыда комсомолдың 100 жыл­дығын дүрілдетіп өткізуді, «Біз ленин­дік комсомолдың жасампаз дәстүрін сақтап жүрміз, әлі де жал­ғастыра беретін боламыз. Біздер ком­сомолдар ісін, оның ре­волюция­лық, жауынгерлік және ең­бектегі тарихын ешқашан ұмыт­қан жоқпыз» деп Мәскеудің Съездер сарайында өтетін Ком­сомолға 100 жыл съезіне құттықтау жі­беріп, кеуделеріне Ленин бей­неленген қызыл медаль тағып қуан­ғанын көрген Марат Тоқаш­бай «Комсомол – партияның қол­шоқпары болды. Қазақ же­ріндегі ашаршылық, саяси қуғын-сүр­гінге, қудалауға көз жұмды. Ха­лықты бірге талады, бірге қанады. Қан төгетін, жан беретін жерге «комсомолсың» деп оққа байлады. Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарына қысым жасаудың өзін­дік машинасына айналды. Қазіргі тілмен айтқанда, «топ менеджер­лері» болмаса қарапайым қатар­дағы комсомолдар еш жақсылық көрген жоқ. Сондықтан комсомол­дың 100 жылдығы қазақ xалқының мерекесі емес» деген мәлімдеме жасады.

Бір сөзбен айтқанда, Марат То­қашбай – мезгіл мінберінде ұлтын барынша сүйген, халық бол­мысын терең білген, жетпіске кел­се де жас жігіттей ұлт мұраты жо­лында жүрген, асыл да айнымас аза­мат!