Алматы қаласында белсенді Әлнұр Ілияшев «Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты» деген күдікпен тұтқындалды. Оған дейін де «Төтенше жағдай режимін бұзды» деген айыппен бірнеше белсенді ұсталған болатын. Бұл туралы Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұтқындауға дейін оған жалған ақпарат таратуға болмайтыны туралы бірнеше рет ескертілген. Алайда ешбір ескертуге құлақ аспай, заңсыз әрекеттерін жалғастыра берген көрінеді. Егер белсендінің кінәсі дәлелденсе, онда Әлнұр Ілияшев үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
– Күдікті қоғамды әдейі адастырмау туралы бірнеше рет айтылған талаптарды елемеді. Өзі жариялаған ақпаратты сот талап етсе де теріске шығармады. Нәтижесінде, сот азамат Ә.Ілияшевке оған бұрын таратылған ақпаратқа қатысты шара қолдануды және оны жоққа шығаруды бұйырды. Қазіргі уақытта бұл дерек Қылмыстық кодекстің 274-бабы, 2-бөлігі (төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген, – деп жазыпты Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әлнұр Ілияшев адам құқығы мен бейбіт митингілер тақырыбында көпшілік жиындарда белсенділік танытып келгенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Алайда оны көпшілігі жергілікті әкімдікті сотқа берген белсенді ретінде таниды. Өз кезегінде айыпталушының адвокаты Нұрлан Рахманов қаулыға қатысты шағым түсіретінін айтып отыр.
– Мен карантинге байланысты Әлнұрды үйқамаққа жіберуді сұрадым. Алайда Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеушісі қамауға алуды сұрап, прокурор қолдап, судья тиісті қаулы қабылдады. Тергеушінің сөзіне қарағанда, Әлнұрдың әрекеті мен негативті сөздері мемлекеттік құрылым қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді екен, – деді адвокат.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, тергеу орындары бұл істі қозғауда Әлнұр Ілияшев және екі белсенді Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетовтерге қатысты былтыр қарашада шыққан Жетісу аудандық сотының шешімін негізге алған.
– Сот «Закирова, Ілияшев және Тұрымбетов желіде Nur Otan партиясы «Наше право» партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты» деп танып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына 1,5 миллион теңге айыппұл салған еді. Осыған байланысты тергеу орындары Әлнұрдың әлеуметтік желідегі жазған посттары мен видеоларын жинап, сот шешіміне қарамастан партия мен билікті негізсіз сынады деп іс қозғаған. Видео дәлелдердің ішінде биыл 20 наурызда қала әкімдігі алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған үндеуі бар, – дейді Нұрлан Рахманов.