Елімізде суицид дерегі, яғни өз-өзіне қол жұмсағандардың саны азаймай тұр. Тіпті, Қазақстан әлем елдерімен салыстырғанда алғашқылардың қатарынан түспейді. Жалпы суицид бойынша 7-орында болса, жасөспірімдер суицидінен алғашқы үштікте. Жылына 4 мыңға жуық қазақстандық өзіне қол салады. Оның себебі не? Инфекцияға байланысты жарияланған карантин кезінде бұл көрсеткіш өсуі мүмкін бе?
Деректер не дейді?
Жыл басында Ranking.kz сараптамалық агенттігі елдегі суицид дерегі мен оның себептеріне жүргізілген зерттеу қорытындысын жариялады. Агенттіктің дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда 3,8 мың адам өзіне қол салған. Бір өкініштісі, бұл дерек 2018 жылмен (3 542 адам) салыстырғанда 7,4 пайызға артқан. Былтыр 5 мыңға жуық азамат суицид жасауға оқталған екен. Оның 2 жарым мыңнан астамы ерлер. Қол салуға басты себеп ретінде жалғыздық (депрессия), тұрмыстық жағдайдың төмендігі мен ауру-сырқат айтылады. Бұған қоса, өзіне қастандық жасаған жасөспірімдердің саны да көп. Өткен жылы 180 бала осылайша өмірімен қоштасқан. Оның 121-і ер бала. Тағы да ерлердің үлесі артық. Жасөспірімдер жағына келгенде статистикалық мәліметтер отбасындағы жайсыздықтарды себеп ретінде қарастырады. Дегенмен мәселенің ұшығы басқада сынды. Меңзегеніміз – мектептегі әлімжеттік. Жоғарыда атаған 180 баланың 76-сы Түркістан облысынан. Білетіндер олардың басым көпшілігі мектеп қабырғасында оқушылардан қысым көргенін айтқан. Психологтар карантин кезінде отбасылық даудың өршіп, көп адам депрессияға ұшырауы мүмкін екенін айтады. Елде карантин басталғалы суицид оқиғалары болды ма? Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі инфекция таралғалы бері әзірге мұндай оқиғаның тіркелмегенін жеткізіп отыр. Ал психолог маманның болжамы қандай?– Суицидке адамдар, соның ішінде жасөспірімдер жанын қатты жаралаған өзге біреуді жазалау үшін барады. Бұл – ерікті түрде өмірден бас тарту. Жасөспірімдердің өлім туралы түсінігі толық қалыптаспайды. Сондықтан оларға бұл ұғым жай ғана азаптан құтылатын ұйқы сынды. Өз-өзіне қол салуды манипуляция жасаудың құралы ретінде қабылдайтындар да бар. Көп жағдайда өзін төмен санау, жақсы көрмеу де осы әрекетке итермелейді. Әрине, мұның себебі көп. Яғни, екіұшты. Бес саусақ бірдей емес, әркімнің тағдыры, түрлі отбасы, жеке мәдениет деңгейі бар. Ең дұрыс амал – жақын-жуыққа көңіл бөлу. Карантин кезі жақыныңа назар салар уақыт. Суицидке барғысы кеп жүрген адамды сөзі мен ісінен білуге болады. Ылғи тек өлімге қатысты әңгіме айту, оңаша жүру деген сияқты. Карантин кезінде осындай жағдайлар көбейе ме, азая ма – ол жағы белгісіз. Мұндай оқиғаға карантиннің әсері бола қояды деу қиын. Бірақ депрессия қай кезде де болады. Барлығы тұлғаның өз ішіндегі процесс. Бастысы – адамдардың бір-біріне жақындығы, депрессияға салынбау. Сосын психологтың көмегіне жүгінуді адамдар ар санамаса екен, – дейді Қарлыға Бүйенбай.
Себеп сылтауға айналды ма?
Жыл басында Алматы облысында 21 жастағы мұғалім үйінде асылып қалды, Шымкентте алты баланың анасы баспана үшін өзіне қол салды. Әскерде жүрген жастар тағы бар. Өзін өлімге қиятындардың негізгі жасы – 15-45. Бұл әрекетке баратындардың 4/1 бөлігі ішімдік ішкен. Материалдық жағдай оқиғаларды тіптен өршітіп тұр. Дегенмен басқа да тұрғыда мәселе аз емес. Мысалы, Қазақстан өзіне қол салған 29 жасқа дейінгі азаматтар бойынша әлемде 4-орында. Енді көз салсақ, 15-30 жас арасындағы қазақстандықтардың 68 пайызы бір рет болсын химиялық наркотиктің дәмін татып көрген. Олардың басым бөлігі суицид жайлы ойланады екен. Бұл Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем елдерінің бас ауруы. Алайда тұрмыстық жағдай, басқа да проблемасы болмаған, сауатты азаматтар да өзіне қол жұмсайды. Осы тақырыпты қозғарда бір азамат басынан өткен оқиғасын баяндаған еді. Оның өтінішімен есімін Айтуған деп өзгерттік.– Басында тек бұл ой ғана болған. Әдеби ортада түнеріңкі әңгімелер көп айтылады ғой. Оның үстіне, үздіксіз оқудың да әсері болды. Себебі өзіңді ұстамасаң, ой да бір індет секілді қуалай береді екен. Ішімдіктің де кесірі тиді. Содан соң өмірде қанша білімге, даңққа, дүниеге қол жеткізсең де ғұмырдың мәні жоқтай көрінді. Ауылға барғанымда сол әрекетке барып көрдім. Абырой болғанда, үйдегілер сезіктеніп, білген екен. Соның арқасында аман қалдым. Жақындарымның көз жасын көрген соң ғана өмірден бұлай кете салуға болмайтынын түсіндім. Меніңше, бұл екі адамның бірінің басында бар жағдай , – деді.Байқағанымыздай, суицидке ұмтылыс әрекеті. Мамандар мұны суицидтен бөлек құбылыс ретінде қарайды. Оның саны кәдімгі суицид жасайтындардан 20 есеге көп. Бірақ осы ұмтылыстың соңы қайғылы аяқталып жатыр. Бұл мәселе де өзекті. Яғни, жүйке ауруының бір түрі. Қоғамдағы жаңсақ түсініктер осындай ойда жүрген адамдарды бүркеулі күйінде жасырып келе жатыр. Сондықтан тәжірибелі психоаналитик маман көбейген күннің өзінде оларға сұраныс аз. ТҮЙІН:
Қорытынды жасар болсақ, суицидке себеп көп болғанымен, барлығы адамның санасында болып жатқаны түсінікті. Австриялық психолог әрі философ Виктор Франкл суицид жайлы көп зерттеген. Маман адамдар өмірден көп нәрсе күтіп, соның орындалмай қалатынын байқапты. Сонда психолог бір ғана кеңес айтады: Сен өмірден көп нәрсе күтесің, шындығында өмір сенен күтеді. Яғни, тағдырдың жақсы не теріс жаққа бұрылуы әр адамның өз ішкі әлемінде. Қысқасы, суицид қазақ қоғамына кешенді зерттеуді талап етіп отырғаны анық. Әйтпесе, түрлі насихат айтылып-ақ келеді.