«Қазпошта» АҚ көрнекті жазушы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, ақын әрі драматург Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арнап 5 миллион дана пошта маркасын шығарды. Авторы – «Қазпошта» АҚ техникалық редакторы Іңкәрімай Оңғарбай. Марканы таныстыру рәсіміне белгілі тұлғалар, БАҚ өкілдері мен жазушының ұрпақтары қатысты.
– Ол заман солай болды, Бейімбеттей ұлы жазушыны жайдан жай өлтіре салды. Сол үшін оған және оның тұстастары Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, басқа да ондаған жазушыға тек марка шығарып емес, қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Өйткені олар өзінің басты кітабын жазып үлгермеді. Біз бүгінде өз классиктеріміздің мерейтойын атап өте бастағанымызға ризамын және қуаныштымын. Қазақ әдебиеті қазір өз деңгейінде емес, өйткені кезінде оның тамырына балта шапты. Сондықтан Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай шығарылған мерейтойлық марканың басып шығарылуы құтты болсын! – деді ақын, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов.
– Бейімбет Майлин атындағы қор, жазушының ұрпақтары мен оқырмандары атынан осы атаулы марканы шығарған «Қазпошта» акционерлік қоғамына алғысымызды айтамыз. Майлин халық жазушысы болды, оқырмандарға жүздеген ұмытылмас және айтулы кейіпкерлерді сомдады. Ол өз халқын сүйді, қарапайым адамдардың сан қырлы тағдырын шынайы суреттеді. Шығармаларында адам өмірін қарапайым тілмен, түсінікті етіп көрсете білді. Ол өзінің қысқа өмірінде сыпайы болмысымен, қарапайымдылығымен есте қалды. Отандастарын шынайы жақсы көріп, сыйлады. Адал еңбек пен білім алуға шақырып, еліміздің жарқын болашағына сенді. Майлиннің мерейтойы құрметіне пошта маркасын шығару – оған және оның шығармашылығына деген құрмет, – деді Б.Майлин атындағы қоғамдық қор құрылтайшысы Салтанат Мұстафина.
Жазушының мерейтойлық шаралары қазірден басталып кетті. Оның туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Таран ауданына Майлин аты берілуі туралы көпшіліктен ұсыныс түскен. Ел қолдап отыр. Енді тек қана Үкіметтің шешімі күтілуде. Сондай-ақ Алматыда ескерткіш ашу, жазушының өмірбаяны мен ұрпақтары жайлы кітап шығару, Қостанайда мүшәйра, айтыс, үлкен той болады деп жоспарланып отыр. Деректі фильм жасалуда. Толық шығармалар жинағын шығару да қолға алынған. Театрларда «Жалбыр», «Майдан» спектакльдері қойылады. Қостанайда «Шұғаның белгісі» повесіндегі Шұға бейнесіне ескерткіш ашу да жоспарланған. Музейлерде, кітапханаларда кітаптарының көрмелері болады. Жазушының шығармалары негізінен баспа бетін көрген. Онтөрттомдық, онтомдық, жетітомдық шығармалар жинағы басылып шыққан. Басылмай назардан тыс қалып қойған «Қызыл жалау» романы ҰҚК архивінде жатыр екен. Алдағы мақсат – сол романды алып, жарыққа шы-ғару.