Көктемгі егіске кедергі болмайды
Көктемгі егіске кедергі болмайды
Көктемнің әр күні – жылға азық. Еліміздегі төтенше жағдайға қарамастан, шаруалар жұмыс­тарын тоқ­тат­пайды. Демек, карантин көктемгі егіс жұмыс­та­рына ке­дер­гі емес. Үшінші мегаполисте өндіріс орындарының дамып келе жатқаны белгілі. Бүгінде қала аумағында жалпы 62 мың гектардан астам егістік жер бар. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала іргесіндегі бірқатар ауыл­­дағы ауыл шаруашылығы нысандарында болып, ди­қан­дардың сын сәттердегі тыныс-тіршілігімен танысты.  

Шымкентте жылыжай көлемі артады

Алдағы бірер жылда үшінші мегаполис аумағында жылыжай шаруашылығы дамымақ. Жабық жылыжай кешендердің көлемін арттыру мақсатында «Оңтүстік» көліктік логистикалық аймағынан 136 гектар жер қарастырылыпты. Оның 100 гектары өнеркәсіптік кешен болады деп жоспарлануда. Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков жоба жүзеге асса мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, жұрт жыл он екі ай көкөніспен қамтылатынын атап өтті. «Логистикалық аймақ­та қолға алынған алғашқы ин­вес­тициялық жобаның құны – 2,3 млрд теңге. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Taza onim шаруа қожалығы 9 гек­тар жерге жылыжай салып жа­тыр. 3 гектар жерге егін сал­ған ша­руалар одан 370 тонна өнім алып, оны жергілікті на­рық­та сау­далады. Қалған 6 гек­тар­ға жылы­жай орналастыру жұ­мыс­тары жыл соңына дейін бітеді. Шаруа қожалығында бүгінгі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге, 20 адам ауысымдық жұмысқа түседі. Кешен жанынан жұмысшылар үшін арнайы жатақхана да салы­нып жатыр», – деді ол.
Кешенде қиярдың «Тристан», «Танто», «Мева» сорттары егіліпті. Алдағы уақытта Қазақстанның солтүстік, батыс аймақтарымен келіссөздер жүргізіліп, өнімдер сонда жөнелтілмек. Қожалық құрылтайшысы Арман Бахытұлы аталған бағыттағы жылыжай өнім­­­дерін бір орталыққа біріктіру арқылы өзара кооперация құру арқылы тауарлы партия қ­а­лып­­тастырып, делдалдарды қа­тыс­­тырмай Ресейге тікелей экс­порт­тау­ды жоспарлап отырға­нын жеткізді. Диқандардың жағдайымен танысқан қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті сала бас­шы­ларына шаруалардың өні­мін жергілікті базарларға тіке­­лей жеткізіп беру жағын қа­­рас­тыруды тапсырды. Егін ал­қа­­бынан қиярдың келісі 400 тең­ге­­ден берілуде. Бұл отандық өнім­­нің сатылу құнын реттеп, мұн­­да жергілікті халықтың көкө­ніс­­ті делдалсыз сатып алуына мүм­кіндік береді. Үшінші мегаполисте жалпы жылыжай көлемі – 183 гектар. Оның 53 гектары – өнеркәсіптік. Бұдан бөлек, биыл тағы 25 гектар өнді­рістік жылыжай құрылысы іске қосылады.  

Дизель отыны – 160 теңге

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының басында жасаған мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы өнім өндіру­ші­лері үшін дизель отынын 165 теңгеге дейін арзандатып, же­ңіл­­дікпен беруді тапсырған. Президент қазіргі жағдайда көк­тем­гі егіс жұмыстарын уақы­тын­­да атқарып шыққан жөн еке­нін айтқан-ды. Сондай-ақ алды­­мен шағын және орта шаруа қожа­лық­тары­на қолдау қажетін ес­керт­ті. Шымкент қаласында да Прези­дент тапсырмасына орай көк­тем­гі дала жұмыстарына қа­жет­ті жанар-жағармай құны 174 теңгеден 160 теңге төмен­де­тіл­ген. Шаруалар қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесу кезін­де барлық агроқұрылымдар дизель отынын уақытылы алып жат­қанын, жанар-жағармайға тапшылық жоқ екенін жеткізді. Аймақ шаруалары биыл егіс алқабын 1 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемді 27,6 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Агросервис «БМБ» жауап­кер­­­шілігі шектеулі серіктестігі қала­дағы ең ірі қожалықтың бірі са­налады. Иелігіндегі 3 мың гек­тардан астам ауылшаруа­шы­лық жерінің 2 400 гектар егістік алқабына бидай, арпа, мақсары, жоңышқа, тағы басқа дақылдар еккен. Серіктестік биылға қажетті 200 тонна тыңайтқыш пен 40 тонна жанар-жағармайға қол жеткізіпті. «Біз үнемі ауыспалы егін түрін қолданамыз. Ауыспалы егін жер­дің тыңайып, күш жинауына мүмкіндік береді» дейді аталған шаруашылық басшысы Манасбай Бекбауов. Қожалық иелігіндегі жер бұған дейін Төлеби ауданына қараса, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағына өтіпті. «Мемлекеттен жанармай мен тыңайт­қышты дер кезінде алып, дәнді дақылдарды сеуіп үлгердік. Қазір бидайды дәрілеп жатырмыз. Бұйыртса, биыл да мол өнім ала­мыз деп отырмыз. Айтқандай, біз­дің бидайға солтүстік жақтан сұра­ныс артып келеді. Себебі соң­ғы жылдары жергілікті дәнді дақылдың кликавинасы жоғары», – деді шаруа. Бұдан бөлек, мұнда 10 гектар жерге алма, жүзім және жаң­ғақ бауы өсіріліпті. Биыл таң­қу­рай егуді қолға алмақ.
Қожалықта егіншілікпен қа­тар мал шаруашылығы да да­мып келеді екен. Малға қажетті жем-шөпті де өздері дайындап ала­ды. Несібесін жерден тапқан шаруаның тіршілігіне сүйсін­ген қала басшысы Мұрат Дүйсен­бек­ұлы қожалық басшы­сы­на бо­­лашақта егістік алқаптарға за­ма­науи суару қондырғыларын пай­­даланса тиімді болатынын жет­кізді. Ал шаруашылық жетек­ші­сі қаржылай қолдау болса, жаң­­бырлатып суару әдісімен аз жер­д­ен мол өнім алуға болатынын айтты. Осындай игі істердің куәсі болған қала әкімі шаруаларды агро­құрылымда мейлінше зама­науи қондырғыларды қолда­нып, тиімді жұмыс істеуге шақырды. Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша, биыл инвестиция және несиелендіру бойынша жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын 17 инвестициялық жоба іске аспақ. Оның ішінде 4 құс шаруашылығын кеңейту, 4 жылыжай құрылысы, 2 тауарлы сүт фермасы, 2 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу, 1 қарқынды алма бағы, 1 ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу, 1 сүтті қайта өң­деу­ді кеңейту, 1 мал бордақылау ала­ңын салу, 1 кондитерлік өнім өндіру жұмыстары бар. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысының «Егістіктен тіке­лей сауда орнына» атты ар­найы жобасы Шымкент қаласын­да мамыр айында қолға алын­бақ. Атал­ған жобаны жүзеге асыру мақ­сатында Түркістан облы­сы­ның тиісті сала басшылығымен екіжақты меморандум түзіліпті. Енді әлеуметтік дүкендердің жұ­мысы жанданады. Басқарма басшысы қазіргі таңда Шымкентке кіреберіс жолдардағы бақылау-өткізу бекеттерінде шаруалардың кіріп-шығу мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. Шаруалар тиісті құжаттарын көрсетіп, бақы­лау-өткізу бекеттерінен қала аума­ғы­на кедергісіз өтіп жүр.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы