Онлайн алаяқтар көбейді
Онлайн алаяқтар көбейді
Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері ел тұрғындары көп уақытын үйде өткізуде. Жайшылықта жұмыстан қолы босамайтын бұқараның бүгінде бос уақыты жетерлік. Карантинде халық немен шұғылданарын білмей, әйтеуір әр нәрсеге сенгіш те болып алды. Осыны ұтымды пайдаланған онлайн алаяқтар үйде отырған ағайынды алдап, қаржы жымқырудың жаңа әдісіне көшті. Мәселен, күні кеше тараздық тұрғынның әлеуметтік желі арқылы қыздардың атына не­сие рәсімдеген алаяқтық әре­кеті белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желі арқылы қыздардың сеніміне кірген жігіт олардың атына несие рәсімдеп, талайды сан соқтырған. Облыстық Полиция депар­таменті криминалдық полиция басқармасының іздестіру шара­ларынан кейін 37 жастағы азамат қолға түскен. Ол әлеуметтік желі ар­қылы қыздармен басқа адам­ның атымен танысып, сеніміне кір­геннен кейін, айлық жалақысын аудару үшін қыздардың банк карточкасының нөмірін сұраған. Махаббатқа масайған бикештер есепшоты туралы барлық деректерді беріп, соңында бармақ тістеген. Күдікті 5 қыздың атына бас-аяғы 1 069 000 теңге көлемінде несие рәсімдеген. Ұсталған азамат қазір өзінің кінәсін толық мойындап отыр. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амал­дары басталды. Бұдан бөлек, Жамбыл облы­сында мұндай 5 факті тіркелді. «Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Полиция департаменті криминалдық поли­ция басқармасы қызметкерлерінің күшімен жеке мәліметі мен есеп­шотын қолдана отырып, 39 жастағы қала тұрғынының атына 120 000 теңге несие рәсімдеген алаяқ құ­рық­талды. Сонымен қатар 33 жас­тағы Тараз қаласының тұрғыны да «Тенго» интернет-қосымшасы арқылы несие рәсімдетемін деп, 40 000 теңгеге алданып қалған. Полиция қызметкерлері аталған іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тағы бір жайт, Instagram әлеуметтік желісінде оқырманы көп аккаунт парақшасын сатпақ болған 31 жас­тағы азамат та 40 000 теңгесін ин­тернет алаяққа беріп, опық жеп отыр.  

Ақша салу бар, шығару жоқ

Карантин кезінде алаяқтықтың тағы бір түрі – электронды ойын автоматтары. Қазір қай әлеуметтік желі парақшасын ашсаңыз да, «Вулкан», «Фараон», Pin-Up, «Чемпион казино», Admiral, Joycasino, Eldorado сынды ойын автоматтарының жарнамасынан көз сүрінеді. Олар еш қымсынбай, электронды құмар ойындарын қып-қызыл ақшаға жүргізуде. Жал­пы, бұл көлеңкелі бизнестің тынысы мен табысын білу мақса­тында «Вулкан» онлайн кази­но­сына арнайы тіркеліп көрдік. Ең алдымен аты-жөнің мен элек­трон­ды поштаңды енгізгеннен кейін сайт сізді негізгі бөлімге бағыттайды. Онда оннан аса ойын түрлері мен электронды казиноға дейін бар. Тіпті, бір бөлімінде сен сияқты тіркелгендермен покер ойы­нын да ойнауға болады. Бір сөз­бен айтқанда, аталған сайттың ішінде Лас-Вегаста жүргендей сезі­несің. Ал енді осы ойын ав­томат­та­рының бірін ойнау үшін шо­­тыңды тол­тыруың қажет. Ол үшін сайт­тың жоғары жағында орна­ласқан «пополнить» яғни, тол­тыру батырмасын басу қажет. Бөлімді таң­дағаннан кейін алды­ңыз­дан ақша аударудың сан түрі ашылады. Ұялы телефон нө­мірінен, QIWI кошелектен не­месе банк карточкасынан деген бір­­неше нұсқа ұсынылады. Біз банк карточкасынан деген бөлімді таңдап едік, онда есепшоттың 16 санымен қоса, карточка иесінің аты-жөнін толтыру туралы нұсқама шықты. Белгіленген жолдарды толтырып ақша аудардық. Ойын­дарды ойнап көріп едік, бас­тапқыда қолымыз жүрді. Тіпті, 10 000 теңге төңірегіндегі ұтысқа ие болдық. «Бұл не қылған батпан құйрық?» деп қаржыны қайта есеп шотымызға аударуға әрекет етіп едік, сайт «Сіз­дің шотыңызда ақша жеткі­ліксіз» деп бұғаттап тастады. Сөйтсе, олардың талаптары бо­йын­ша шешетін ақшаң 17 000 тең­геден кем болмауы керек екен. Алайда сағаттап ойнасақ та, жеке шотқа аударуға белгіленген 17 000 теңгеге жете алмадық. Бір күнде бұл әрекетімізді екі-үш мәрте қайталап көріп едік, жоғарыда атап өткен сценарий айна-қатесіз қайталанды. Демек, бұл ойын автоматтарынан ұтысқа ие болу мүмкін емес. Ақша салу бар да, оны шығаруға жол жоқ. Біріншіден, аталған құмар ойын автоматтары Үкіметке салық төлеп жатыр ма? Екіншіден, елімізде құмар ойындарға тек Қапшағайда рұқсат етілгенін ескерсек, бұлар­дың бизнесі қаншалықты заңды? Үшіншіден, сайтқа тіркелу ке­зінде және ақша аударуда толтыр­ған жеке деректер мен есеп шот­тың нөмірі жоғарыда атап өтке­німіз­дей алаяқтық мақсатта қолданыл­майтынына кім кепілдік бере алады? Бұл сауалдармен Жамбыл облыстық Экономикалық тергеу департаментіне қайырылдық. Мұндағы мамандардың айтуынша, аталған сайттардың барлығы Ресей мемлекетінде тіркелген екен. Сон­дықтан оларды құрықтау мүмкін емес көрінеді. «Министрліктің күшімен біреуін жаптық дегеннің өзінде, ертесіне басқа атаумен жұмысын жалғастыра береді. Егер «Вулкан.kz» болып тіркелсе, біз оны тексере аламыз. Алайда онлайн казинолардың барлығы ru, яғни ресейлік сайт ретінде тіркелген. Әрине, бұлардың жұмысы заңсыз. Алайда біздің қолдан келер шара жоқ. Сондықтан ел тұрғындарына мұндай сайттарға тіркелмеуге және онлайн казино ойнамауға кеңес береміз» дейді мамандар.   P.S.  

Байқап тұрсақ, аталған сайт­тардың жұмысы заңсыз екен. Алайда оларды құрықтап, Қазақстан аумағында таралмауына тосқауыл қоятын мекеме болмай тұр. Бір қызықты жайт, біз онлайн казиноға тіркелгенде, шотымызға қаржыны рубль емес, теңгемен аудардық. Демек, сайттың біздің валютамен жұмыс істейтін елімізде жүйесі бар деген сөз. Міне, осы тұстан құзырлы орган өкілдері мықтап ұстап, теңгемен ақша аударымына тосқауыл қойса, түйткілдің түйіні табылар ма еді? Бәлкім, бұған банк өкілдерін де жұмылдырып, тұтынушының есеп шотынан онлайн казиноларға ақша аударуға шектеу қою керек шығар? Бұл сауалдарды сүзгіден өткізіп, зер салып зерделеуді құзырлы органдардың құзырына қалдырдық. Әйтеуір, онсыз да қиын кезеңде карантинде жатқан тұрғындарды онлайн автоматтар алдап соқпаса екен дейміз. Ол үшін халық та мұндай күмәнді сайттардан аулақ болғаны абзал. Біздікі ескерту, ал одан қоры­тынды шығару өз еріктеріңізде.        

     width=   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы