Ескерткішті QR кодпен бақылайды
Ескерткішті QR кодпен бақылайды
265
оқылды
Алматы облысындағы ар­хеологиялық, монумен­талды, қала құрылысы және сәулет ескерткіштерін қорғау, оны жаңғырту – аса маңызды мін­деттердің бірі. Алматы облыстық тарихи, мә­дени мұраларды қорғау орталы­ғының директоры Ғалымжан Оспановтың айтуынша, өткен жыл облыстық тарихи, мәдени мұра­ларды қорғау орталығы үшін та­бысты кезең болды. Өңірдегі ескерт­­кіштердің саны көбейіп, оны қорғау шаралары да күшейе түскен. Қазір облыста 2 363 тарихи, мәде­ни ескерткіш бар. 2018 жылы облыс­та 13 ескерткіш ашылса, өткен жылы тағы да жеті ескерткіш мемле­кеттік комиссияның қарауына ұсы­нылып, қолдау тауып, ресми түрде ел на­зарына ұсынылған екен. Ұйғыр ауданында Сәдіғожа Мошанұлы мен Мөрден Таиповқа, Алакөл ауданында Абай Құнанбаев­қа, Қарасай ауданында Қарасай батырға, Ақсу ауданында Ілияс Жансүгіровке, Талдықорған қала­сында Жұмахан Балапановқа, Іле ауданында Тұрғанбек Қатаевқа қойылған ескерткіштер ел-жұрт­тың қолдауына ие болды. Ескерткіштерді орнатумен қатар оны қорғау, абаттандыру ісі де естен шыққан жоқ. Былтыр сәуір айының 10-18 күндері аудан, қала әкімдіктері тарапынан ескерткіштердің ай­наласын абаттандыру, тазалау жұ­мыстары жүргізіліп, гүл шоқтары қойылып, танымдық-тарихи іс-шаралар флешмоб түрінде өткізілді. Үкіметтің «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында, «Ескерт­кіштерге QR кодтар орнату» жо­басының аясында Ақсу, Жамбыл, Панфилов, Ескелді, Көксу, Қара­тал аудандарындағы 143 тарихи, мәдени ескерткішке QR кодтар қойылды. Облыстық тарихи, мәдени мұ­раларды қорғау орталығы өңірдегі мемлекет қорғауына алынған ес­керт­кіштердің жай-күйін анықтау, енді анықталған ескерткіштермен тізімді толықтыру, санын нақтылау мақсатында Еңбекшіқазақ, Алакөл, Жамбыл, Панфилов, Талғар ау­дандары әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыстар жүргізді. Соның нәти­жесінде тізімге енбей қалған 321 ескерткіш анықталды. Мемлекет қор­ғауында тұрған 112 ескерткіштің жағдайының өте нашар екені белгілі болып, тізімнен шығаруға ұсыныс жолданды. Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында, Талғар мен Қарасай ауданда­рын­дағы Үлкен Алматы айналма жолы­ның бойында орналасқан архео­ло­гиялық ескерт­кіштерге жүргізіліп жат­қан ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­мен танысып, олардың апатты жағдайда тұрғанын анықтап, олар­ды мемлекет қор­ғауын­дағы ескерт­кіштердің тізі­мінен шығару қарас­тырылуда. Қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер орталық ар­қылы М.Тынышпаев атындағы об­лыстық тарихи-өлкетану му­зейіне өткізілді. Әрине, атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен, кейбір ке­леңсіз жағдайлар да болмай қал­мады. Нақты айтқанда, облыс ау­мағында бірнеше тарихи-мәдени ес­керт­кіштерді пайдалануда заң­бұзу­шылықтар орын алған. Атап айтсақ, Панфилов ауданы Көктал ауылын­дағы Абай атындағы орта мектептің ауласына Абай Құнан­баев ескерткіші рұқсатсыз орна­тылса, Жамбыл ауданы, Талап ауыл­дық округіне қарасты «Қастек қала­­шығына» Ә.Марғұлан атында­ғы археология инс­титутының қыз­меткері заңсыз қазба жұмысын жүр­гізгені белгілі болды.    

Болат АБАҒАН, Алматы облысы