Қазақстандық Steppe and World баспасы ағылшын ғалымдары мен неміс иллюстраторы Аксел Шэффлердің балаларға арнап дайындаған коронавирус туралы кітабын қазақ тіліне аударды. Баспаның мәліметінше, кітапта коронавирус деген не, одан қалай қорғану керек, үйден шықпай отырған неліктен маңызды екені балаларға түсінікті, жеңіл тілде баяндалады. Балалар үйде отырғанда жабығып, мұңайып қалмауы үшін көңіл көтеретін ойнақы тілде жазылған. Айта кету керек, кітапты дайындауға қатысқан мамандар жұмысына ақы алған жоқ. Steppe and World баспасы да тегін аударып, тегін таратып отыр. Ағылшын тілінен аударған – Назгүл Қожабек, қазақша нұсқасын құрастырған – Райса Сайран Қадыр. Кітапты мына сілтеме арқылы жүктеп алып, оқуға болады. Еңбекті әлем балаларының сүйікті кейіпкеріне айналған Груффалоны салған Аксел Шэффлер және Англияның жұқпалы ауру кафедрасының мамандары Nosy Crow баспасында әзірлеп шығарды.