«Жетісу бөрісі» темір тұлпарды тізгіндеді
«Жетісу бөрісі» темір тұлпарды тізгіндеді
218
оқылды

Аламаны елді елеңдетіп, жыл сайын қазақ күресінің миллиондаған жанкүйерінің делебесін қоздырып, осынау белдесу түрін таңдаған мықтылардың намысын қайрайтын «Қазақ барысы» республикалық турниріне аймақтардан қатысатындарды іріктеу бәсекелі болып тұр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі жолындағы ақтық сынға қатысу құрметіне ие болу жолындағы жарыстарда жасындай жарқылдап, арыстандай арпалысқан апайтөс жігіттердің Жетісу жеріндегі сынағы да шиеленістігімен жұрт жадында қалды. «Жетісу бөрісі» атанып, облыс атынан «Қазақстан барысы» турнирінде өнер көрсету үшін болған бозкілем үстіндегі жан алып, жан беріскен белдесулерге 40 балуан қатысты. Аудан, қалалардағы жарыстарда оза шапқан жігіттердің осалы болмады.

«Жастар» спорт сарайында жа­лауын көтерген жарысты Ал­ма­ты облыстық дене шынықтыру жә­не спорт басқармасының бас­шы­сы Нұрбақыт Теңізбаев ашып, ел есімін жатқа білетін Әлімғазы Райым­беков атамыз ақ батасын бер­ді жұлқынып тұрған жүйрік­тер­ге.

Жеребе қорытындысы бойын­ша екі топқа бөлініп белдескендер ара­сынан көзге шалынғандар жан­күйерлерінің қолдап-қол­паш­тауына арқаланып, әрбір бел­десуді өзгеше өткізуге тырыс­ты. Шын мықты қарсылас шы­дат­­пайды екен. Өз топтарында қа­ра үзген, қарсылас шақ кел­тір­ме­ген кербұлақтық Мұхит Қой­шы­ман мен алакөлдік Ернар Қаб­долдаев жартылай финалға шықты. Осы белдесудің нәтижесі финалға жол ашып қана қоймай, «Қа­зақстан барысына» жолдама беретінін ескерген жігіттер ше­шу­­ші айқаста сақтыққа салынып, асық­пай күресті. Қара күшке емес, айла-тәсілге баса назар ау­дарған Ернар ақыры қарсыласын қапы қалдырды. Кезек-кезек ұпай­лар алмасып отырған белде­су­­дің қорытындысында қарсы­ла­сын қапы қалдырды.

Екінші топтан озық шыққан тал­дықорғандық Жәнібек Дүй­сен­баев пен текелілік Нұрсұлтан Аманжол арасындағы тайталаста Жәнібектің айы оңынан туып, жеңіске жетті.

Осылайша, екі топтан суыры­лып алға шыққан Ернар мен Жә­ні­бек ақтық айқас барысында боз­кілемнің үстінде қазақ күре­сінің небір айла-тәсілдерін паш етті. Алғашқы сәттерде алыптар тай­таласында кімнің асығы ал­шы­­сынан түсері белгісіз еді. На­ғыз мықтылар белдесуінің не­гізгі кезеңі тең жағдайдағы тайталаста өтті. Дегенмен өзін аса сақ ұстап, ретсіз қимылдарға жол бермеуге барын салып, оңтайлы сәтті са­бырмен күткен Ернар соңғы сәтте шалт қимылдап, тамаша әдіспен таза жеңіске жетті. Алакөлдік ар­да азамат бұған дейінгі жарыстар­да­ғы өкінішінің орнын толтырды. Биылғы «Жетісу бөрісі» атағын ие­ленді. Оған қоса чемпионға ар­­­­налған алтын белбеуді беліне та­ғынып, темір тұлпардың кілтін ал­ды. Екінші орынға ие болған Жә­нібек Дүйсенбаевқа 1 миллион теңгенің сертификаты тапсы­рыл­ды. Үшінші орын үшін болған бел­десуде Мұхит Қойшыманнан ба­сым түскен Нұрсұлтан Аман­жол­дың бағы жанды және
500 мың теңгелік сертификатқа ие бол­ды.

Елордада өтетін «Қазақстан ба­рысы» турнирінде Алматы об­лысының атынан Ернар Қаб­дол­данов пен Жәнібек Дүйсенбаев сынға түсетін болды.

 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы