Карантин кезінде ауызашарға баруға бола ма?
Карантин кезінде ауызашарға баруға бола ма?
© сурет интернеттен алынды
194
оқылды
Еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты ағымдағы жылдың 24-ші сәуірінде басталатын Рамазан айы жылдағыдан ерекше болып өтеді. Атап айтар болсақ, мешіттерде жамағатпен бірге намаз оқылып, құлшылық жасалмайды. Пітір-садақаны мобильді қосымшалар арқылы өзіңіз тұратын өңірдегі мешіт есебіне аудара аласыз. Ал дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне ораза ұстауға бола ма, қасиетті Қадір түні биыл қай күнге түседі, ауызашарға туыстар үйіне кімдер бара алады деген сұрақтарға еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. ҚМБД төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, карантин жағдайындағы Рамазан кезінде жамағатпен намаз оқу мүмкін емес.
«Жамағатпен оқылатын намазға уақытша шектеу қойылады. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Әрине, бұл уақытша сынақ. Алайда жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай: «Мұсылманның ниеті амалынан қадірлі». Онлайн режимде насихат тыңдап, сауаптармен ортақтасуға болады», - деді ол.
Журналистерге арналған брифинг барысында Бас мүфти ҚМБД тарапынан жамағат игілігі үшін Рамазан айында жүзеге асырылуға тиіс жобалар жоспары ұсынылды.
  • ҚМБД «Mүфтият.кз» сайтынан «Рамазан» энциклопедиясы қосымша парақшасы қосылып отыр. Бұл парақшада толық Рамазан жөнінде ақпарат алуға болады.
  • Еліміздегі облыс орталығы мен аудан, қала, кенттердің Рамазан кестесі қазақ және орыс тілдерінде «Мүфтият.кз» сайтында орналастырылды.
  • «Hikmet.tv» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдар мен ұстаздарымыздың «30 күнге 30 уағыз» атты онлайн дәрістері жүргізіледі.
  • «Hikmet.tv»студиясы арқылы күн сайын республикалық Әзірет-Сұлтан мешітінің қабырғасында күніне 1 сағат арнайы онлайн Хатым оқылып, қасиетті қадір түнінде хатым дұғасы жасалады.
  • Сондай-ақ Instagram-дағы «Muslim.kz» парақшасында имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттенген жамағаттың иглігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап күнделікті әр 15 минут сайын «Батамен ел көгерер» атты онлайн режімде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылатын болады. Қайтыс болған кісілерге құран бағыштаймыз,  пітір-садақа берген кісілердің пітірі қабыл болсын деп имамдарымыз дұға жасайтын болады.
Сондай-ақ, ҚМБД төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров көпшілікті алаңдатқан бірнеше сауалдарға жауап берді. Қадір түні қашан болады? Мамыр айының 19-нан 20-на қараған түн мың айдан да қадірлі болатын қасиетті Қадір түні. 24-ші мамыр күні Ораза-айт намазы оқылады. 2020 жылғы пітір садақа құны қанша? Мобильді қосымшада онлайн жүйе арқылы садақа беруге болады. Рамазан айында берілетін зекетті «Каспий банк», «Халық банкі» және «Qiwi» мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады. Айта кетейік, ҚМБД басқа да банктермен келісім жүргізуде. Мобильді қосымшаларға әр облыс пен  республикалық маңызы бар қалалардағы Орталық мешіттердің есепшоттары енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотын пітір-садақасы мен зекетін үйден шықпай, онлайн-режімде аудара алады. Айта кетсек, ҚМБД-ның төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адамға берілетін пітір-садақа мөлшері - 370 теңге деп бекітілді. Пітір-садақаның құны 2 келі ұнның республика бойынша нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір-садақаны мейіз немесе құрманың құнымен берсе болады. Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі, күміс-нисабына жеткен, яғни, 127 мың теңгесі бар адам өзі және жанұясы үшін пітір-садақа беруі міндет. Коронавирустан қорғану үшін антисептикалық құралдар пайдалану Оразаны бұза ма?
«Бұзбайды. Қазір біз жәй жағдай емес, төтенше жағдайдамыз ғой. Сондықтан бұл кезде адам өзі қорғануы үшін денсаулығына зиян тигізбейтін, қайта денсаулығына зиян тигізбейтін дүниелерді біздің шариғатымыз қолдайды», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жақын маңда тұратын туыстың үйіне ауызашарға баруға бола ма? Бас Мүфтидің жауабы:
«Құрметті ағайын, жақындарымызды үйге шақырғымыз келеді. Бірақ біз ағайынның, көршінің амандығы үшін карантиндегі талаптарды орындауға шақырамыз. Әзірше оқшауланғандарыңыз дұрыс. Күн жақсы болған кезде, бір-бірімізді қонаққа шақырамыз».
Дәрігерлер мен полицей қызметкерлеріне ораза ұстауға бола ма? Біреудің өміріне жауапты дәрігерлер, ұшқыш немесе ауыр қызмет иелері, кенші-металлург сынды қауіпті нысанда істейтін адамдар ораза ұстай алмаса, оны кейінге қалдыра алады. Сонымен қатар, елдің қарулы күштері бейбітшілік жағдайынан соғыс жағдайына көшірілген кезде ораза тұту әскердің қырағылығы мен жауынгерлік даярлығын әлсіретуге алып барса, оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі. Оның орнына басқа күні ауыз бекітуге болады. Коронавируспен ауыратындардың 70%-ында ауру белгілері білінбей өтеді. Дәрігерлер оразаның басында адам иммунитетінің төмендейтінін айтуда. Осыған қатысты ҚМБД былай деп пәтуа берді:
«Мұндай жағдайда сенімді дәрігер белгілі бір ағзаның зақымдануы, жаңа бір аурудың пайда болуы және аурудың асқынуы қаупінің күшейетініне қатысты кеңес берсе, ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Ораза қазасын басқа күндерге өтеуге ғалымдар тарапынан рұқсат берілген».