Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарында үсік жүреді
Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарында үсік жүреді
© inform.kz
Сәуірдің 25-інен бастап еліміздің орталық және солтүстік облыстарында түнде -5 градусқа дейін суық болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазгидромет» РМК гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы айтты. «Ауа райының жылынуына байланысты таудағы қар ериді. Мұндай жайт Алматы облысында сел жүру қаупін тудырады. Бұған қоса, мамыр айында ауа температурасы нормадан жоғары болмақ әрі су тасқыны қаупін ұлғайта түседі. Мамырдың ауа райы болжамына тоқталсам, бұл айда елдің оңтүстік-батыс бөлігінде күн жылы, жауын-шашын аз түседі. Ал солтүстік-шығыс бөлігінде салқын болып, нормамен шамалас немесе одан көп жауын-шашын күтіледі. Сонымен қатар екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғуы ықтимал», - деді ол. Оның дерегінше, сәуірдің 25-іне дейін бүкіл ел аумағында күн жылы болады. Одан кейін 25 сәуірден бастап еліміздің орталық және солтүстік облыстарында түнде -5 градусқа дейін суық түседі. «Ал одан кейін біртіндеп күн жылына бастайды», - деді Дидар Жәнібекұлы.