«Балық жаны суда» – Жайықта қырылған балыққа оттегі жетпей жатыр ма?

«Балық жаны суда» – Жайықта қырылған балыққа оттегі жетпей жатыр ма?

Атыраулық тұрғындар әлеуметтік желіде өлі балықтардың теңізден Жайыққа қарай құйылатын ағынды су бетінде қалқып жүргені анық көрінетін бейнетүсірілім таратып жүр. Приморск каналы деп аталатын жерде өлі және шалажансар балықтардың өзен бойымен ағып бара жатқаны туралы ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің әлеуметтік желі парақшасында жария етті. «2020 жылғы 21 сәуірде сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін теңіз арқылы Жайық өзеніне қарай Приморский каналына өлген балықтар ағылып келді. Ағылып келген балықтардың ішінде ірі ақтабан және жетілген торта балықтары анықталды. Лабораториялық зерттеулер үшін бірнеше жерден судың сынамасы алынды. Экспресс-талдау әдісі арқылы судағы оттегінің концентрациясы анықталды: Жайық өзенінде 9,7 мг/л, Жайық өзені мен Приморский каналының тоғысатын жерінде 3,5 мг/л және Приморский каналының ортасында 1,5 мг/л. Жайық өзеніне ағып келген өлі балықтың көбісі қайта тіріліп, суда жүзіп кетті. Өлген балықтар жиналып, қазіргі таңда көлемі анықталуда. Өлген балықтардың сынамалары алынып, балықтардың қырылуын анықтау үшін ветеринарлық инспекцияға зерттеуге жолданды. Қырылған балықтар анықталған жерде ақтабан және торта балықтарының бірнеше данасы алынып, ішек-құрылысы зерттелді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, торта балығының көбісі уылдырық шашу кезеңінен кейін, ал ақтабан балықтары жыныстық жетілудің 4 сатысында болып шықты. Балықтардың қырылу себебі лабораториялық зерттеулердің қорытындысынан кейін белгілі болады» деп жариялады. Жергілікті мамандардың айтуынша, балықтардың каналға өту сәтінде оттегі жетіспеушілігі болуы мүмкін. Бұны бейнетаспада көріп тұрғандай шалажансар балықтардың Жайық өзені аумағына түскеннен-ақ еркін жүзіп кетуі айғақтап тұр.

Тұрсын Жұмабекқызы, Атырау облысы.

https://www.youtube.com/watch?time_continue=22&v=rA6aTrYM4TQ