Кез келген шекара сызығынан елдің мәдени әлемі басталады. Мемлекеттік шекарадан өтіп, сол елге кірген адам бірінші кезекте мәдениет шеңберіне бас сұққанын ұғынуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, қазір қай мәдениетке басымдық беруіміз керек? Қазақстан халқы, ең алдымен, қазақ мәдениеті аясында өмір сүріп, сол мәдениет өлшемімен қатар тыныстағаны керек.
Қазақтың этномәдениеті құндылығы баршылық. Халқымыздың тарихи-шаруашылық, тұрмыс-тіршілік болмысына қатысты мәдени байлықтарымызды қаншалықты білеміз? Темір, ағаш, тері, жүн өңдеуге қатысты қолөнері мен зергерлік өнері, аңшылығы, саятшылығы тұрғысында қаншама дүние бар. Әсіресе, халқымыздың сәндік-қолданбалы өнері – ғасырлар бойғы эстетикалық талғамды қалыптастырған этномәдениет қайнар көзі. Бұл саладағы өткенгі және қазіргі қолөнер бұйымдары, халқымыздың көркем-шығармашылық дәстүрлері мен рухани-материалдық мәдениетінің құндылықтарын сақтауға, игере отырып байыта түсуге жетелейді.
Осы ретте елордада 31 мамыр мен 2 маусым аралығында алғаш рет Nur-Sultan Ethno Fest ірі этномәдени мерекесі өтеді деген хабарға елеңдеп қалдық. Шараны Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Қазақстанның этноспорт қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. «Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алаңында киіз үйлер тігіліп, қазанаттар мен қыран құстар көрмесі болады екен. Мұнда келушілер қыш-құмыраны илеп жасау әдісімен танысып, ортағасырлық стильдегі этнобазарды аралайды. Осы этноауыл аумағында орналасқан киіз үйлердің жанынан ұлттық кәдесыйлар сататын жәрмеңке болады.
Мұндағы басты мақсат – қалың қауымды қазақ халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен мейлінше көбірек таныстыру. Қазіргі урбанизация заманында қалалық қазақтарды былай қойғанда, ауыл тұрғындарының өзі көп нәрсені ұмытып қалды. Мәселен, кигіз үйді қалай тігуді білмейтін адам көп. Отырықшылық өмір бізді қазақтың этномәдениетінен тым алыстатып жіберді. Жекелеген мүдделі азаматтар болмаса, былайғы жұрт қазір қамшыгерлік, арқан өру, қамшы өру мен шаңырақ көтеру секілді бұрын кез келген қазақ оп-оңай атқарған тірліктерді жасай алмайды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшкүндік фестиваль аясында ақындар айтысы, мерекелік концерт сияқты шараларды тамашалап, найза лақтыру, қол күресі, мас-рестлинг, садақ ату және серке көтеру жарыстарында күш сынасады. Фестиваль шеңберінде өтетін басты шара ат үстінде отырып садақ атудан «Алтын жебе» бірінші Әлем чемпионаты болмақ. Жарысқа әлемнің 20 мемлекетінің мергендері қатысады. «Алтын жебе» алғашқы Әлем чемпионатына қатысатындарын Орталық Азия елдерінен өзге Малайзия, Оңтүстік Корея, Иордания, Румыния, Финляндия, Польша, Мажарстан және тағы басқа елдердің өкілдері растапты. Мұның бәрі қуанышты, әрине.
Этномәдениет бастауында – халықтың тілі тұр. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұр. Жас ұрпақ осы мәдениетке анда-санда өткізілетін шаралар арқылы емес, күн сайын жақындап, көзбен көріп, құлақпен естіп өсетін болса, көп жоқтың есесі түгенделер еді.