Мемлекет басшысы экономиканы тұрақтандырудың кейбір шаралары туралы Жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысы экономиканы тұрақтандырудың кейбір шаралары туралы Жарлыққа қол қойды
© сурет интернеттен алынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы тұрақтандырудың кейбір шаралары туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге: 1) заңды тұлғаларға банктік шоттардан күнтізбелік ай ішінде алуына рұқсат етілетін қолма-қол ақша сомасының шекті мөлшерін; 2) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген талап қолданылмайтын заңды тұлғалардың санаттарын; 3) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес айқындалған заңды тұлғаларды қоспағанда, заңды  тұлғалардың  банктік  шоттардан қолма-қол ақшаны алу, оның ішінде осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес белгіленген шекті мөлшерден артық қолма-қол ақшаны алуды регламенттейтін тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне заңды тұлғалардың осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес белгіленген шекті мөлшерден артық қолма-қол ақшаны алуы туралы ақпаратты ұсыну тәртібін айқындасын. 2. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын қаржы ұйымдары заңды тұлғалардың банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алуының осы Жарлықтың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген тәртібін сақтауын бақылауды жүзеге асырсын. 3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. 4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.     Қазақстан Республикасының                  Президенті                                                                                                                               Қ.Тоқаев  

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 21 сәуір

                      № 308