Қолжетімді баспанаға қалай қол жеткіземіз?
Қолжетімді баспанаға қалай қол жеткіземіз?
226
оқылды

Баспана халыққа қолжетімді болуы үшін қандай іс-шара қажет? 2030 жылға қарай бір тұрғынды 30 шаршы метр тұрғын үймен қамти аламыз ба? Қолжетімді тұрғын үйдің экожүйесін құруда мемлекеттің рөлі қандай болуы керек? «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің ХІІ Астана экономикалық форум аясында ұйымдастырған арнайы сессиясына жиналғандар жоғарыдағы сауалдарға жауап іздеді.

Қазақстанда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарламаға сәйкес «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес компаниялары арқылы тұрғын үй құрылысы нарығында сұраныс пен ұсынысты ынталандыру үшін жұмыс істейді. Холдинг шетел тәжірибелеріне де назар аударады. Соның ішінде Сингапур, Оңтүстік Корея секілді елдердің тәжірибесіне мойын бұрып отыр. Себебі, бұл елдерде Бірыңғай мемлекеттік оператор жаппай тұрғын үй құрылысын халық үшін қажетті жеңілдіктермен іске асырады. Сессия жұмысына Кореяның Тұрғын үй кепілдік беру корпорациясының басқарма төрағасы Ли Чае Кванның шақырылуы да тегін емес. Ол өз еліндегі тұрғындарды баспанамен қамту шаралары туралы әңгімелегенде, көп нәрсені көңілге түйдік. Соғыстан кейін Корея үкіметі экономикалық өсімге назар аударып, индустрияландыру кезеңінен өтті, осы кезеңде қарқынды урбанизация жүріп, халық саны жылдам өскен, бұл халықты баспанамен қамту мәселесін туындатқан. Халықтың қалаға жаппай қоныс аударуы 1960-1970 жылдары 10-нан 57,2 пайызға өскен. Ал үкіметтің халықты баспанамен қамту көрсеткіші 84 пайыздан аса алмады. Халықтың көбейгені сондай, екі отбасы бір үйде тұруға мәжбүр болған.

Ли Чае Кван.JPG

«Осы жағдайдан кейін Корей үкіметі экономикалық дамудың жаңа саясатын бекітіп, 2 млн баспана салуды жоспарға енгізді. Сөйтіп, Сеул маңында тұрғын үйлер салына бастады. Осы жоспарды қаржыландыру үшін 1981 жыл Ұлттық тұрғын үй қоры іске қосылды», – дейді Ли Чае Кван.

Ұлттық тұрғын үй қорын Корея үкіметі басқарады, Қор активінде 163 млрд доллар қамтылған. Жалпы, Кореядағы ең үлкен әрі алғашқы қор Ұлттық зейнетақы қоры десек, онда 600 млрд доллар жинақталған. Ұлттық тұрғын үй қорының басты міндеті – тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.

«2000 жылдан кейін экономиканың дамуы бәсеңдегенде, баспана бағасы қымбаттады, сөйтіп, үкімет тұрғын үй құрылысы саясатын арендалық баспананы көбейтуге бағыттады. Себебі, ЖІӨ-нің өсімі 2017 жылы 6,9 пайыздан 2,7 пайызға дейін баяулады. Туу көрсеткіші төмендеп, халық саны азайды, 65 жастан асқандардың үлесі көбейді. Сондықтан Кореяның бүгінгі қолжетімді баспана саясаты табысы төмендер үшін арендалық үйлер салуға бағытталып отыр. Бұл ретте алдағы 5 жылда 1 млн баспана салу көзделген», – дейді сарапшы.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаевтың айтуынша, 1 қазақстандықты баспанамен қамтуды 30 шаршы метрге дейін жеткізу тапсырмасын орындау үшін жаңа баспана салуды жыл сайын 8 пайыздан түсірмеу керек. Демек, алдағы 12 жылда 220 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілуі керек. Осы міндетті жүзеге асыру үшін халықаралық тәжірибелерді зерттеген холдинг Сингапур, Оңтүстік Корея және Түркия елдерінің тәжірибесін назарға алып отыр.

Ә.Омарқожаев мемлекеттік деңгейде қолжетімді баспананың заманауи экожүйесін құру үшін, біріншіден, Бірыңғай оператор болу шарт дейді. Ол қажетті инженерлік, әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылыммен баспана құрылысы мәселелерін кешенді түрде шешеді. Бұл ретте, нысандарға заманауи коммуникация тартуға ерекше назар аударған жөн, себебі онсыз халыққа қолайлы баспананы салу мүмкін емес.

«Сондай-ақ, мемлекеттік бюджеттің шектеулі екенін ескеріп, балабақша, мектеп және аурухана құрылысына жеке бизнеспен серіктестік тетіктерін енгізу керек. Стратегиялық жоспарлау мен жобалаудан бастап, жобаны толықтай сүймелдеуге дейінгі қолдаудың кешенді тетіктері есебінен Бірыңғай оператор активтерді шоғырландырып, тиімділікті арттыра алады», – дейді холдинг басшысы.

Екіншіден, тұрғын үй құрылысындағы негізгі проблема – құрылыс салушылар үшін қор жинауды жеңілдету. Себебі, коммерциялық банктердің кепілді базаның болуын талап етуі құрылыс компаниялары үшін көп кедергі. Сондай талаптың салдарынан 2009 жылы банктер қоржынындағы құрылыстың үлесі 20 пайыз болса, бүгіндері ол 3 есе азайған. Ә.Омарқожаев бұл мәселені шешудің жолы бар дейді.

«Бәйтерек» холдингі қаржы операторы ретінде нарықтық ресурстарды тарту, ешбір «делдалсыз» құрылыс салушылар үшін қорландыруды арзандату мүмкіндігіне ие. Субсидиялау мен несиелік ресурстарға кепілдік беру тетіктері арқылы құрылыс компанияларына қолдау көрсете алады. Сонымен қатар, тұрғын үйді сату есебінен болатын алдағы табысты ескере отырып, құрылыс кезеңінде құрылыс салушыларды қорландыру тетігі де қызығушылық тудырады. Барлық тетіктерде қаржыландырудың циклы әр 2 жылда револьвер қағидаты бойынша қаржыны айналдыруға мүмкіндік береді. Осы ретте мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қажет болмайды. Алайда қаржының үнемі айналымда болуына халық сұранысын ынталандыру болған кезде ғана қол жеткізіледі», – дейді ол.

Әрине, бұл жүйе жұмыс істеуі үшін халықтың төлем қабілетін ескеріп, қолжетімді механизм жасау қажет. Өткен жылы Статистика комитеті мен Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «Өмір деңгейі мен сапасы» атты әлеуметтік сауалнама жүргізіпті. Сауалнамаға қатысушылардың 52,6 пайызы басты мәселе баспана бағасында десе, 34,5 пайызы қаржысы жетпейтінін айтса, 29,4 пайызы ипотекалық кредиттердің мөлшерлемесі тым жоғары деп жауап берген.

Омаров.JPG


«Біз сарапшылармен бірге баспананың қолжетімді индексін тексеріп көрдік. Ол үшін 3 адамдық отбасының кірісі мен 54 шаршы метрлік пәтердің нарықтағы құны ескерілді. Нәтижесінде коммерциялық банктердің ипотекасына халықтың 10 пайызының ғана қолы жететіні, «7-20-25» бағдарламасы халықтың 20 пайызына ғана қолжетімді екені белгілі болды. Ал халықтың 30 пайызы үшін ең қолжетімді баспана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын өнім болып шықты. Бұл банк салымшыларының саны 1,3 млн адамнан асады. Бұл жүйенің негізгі ерекшелігі – банк капитал нарығының сыртында қызмет етеді және өз салымшыларының жинақтары есебінен арзан қорландыруға ие. Бүгінде банктің депозит қоржыны 660 млрд теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде халықтың аз табысына қарамай, төменгі пайыздық мөлшерлемемен ипотека ұсынуға мүмкіндік береді. Осылайша тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жеке үй салушылар үшін кепілді сұранысты, ал халық үшін қолжетімді ұсынысты жасап отырған неізгі драйвер бола алады», – дейді.

Оның дерегінше, мемлекеттік деңгейде қолжетімді баспананың заманауи экожүйесін құрудағы үшінші амал – құрылыс саласын цифрландыру. Ұлттық банк болжамы бойынша, биыл экономикалық өсімінің қарқыны 2,7 пайыз болады. Экономикамыздың негізгі драйвері ішкі тұтынушылық сұраныс десек, бірінші кезекте, ЖІӨ-нің 6 пайызын құрайтын тұрғын үй құрылысына сұраныс жоғары. Бұл салаға инвестициялық белсенділікті арттыру цифрлы технологияны енгізуге мүмкіндік береді.

«Сарапшылар болжамынша, 2025 жылға қарай Қазақстанда интернетке қосылған құрылғылар 100 миллионнан асады. Бұл мобильді байланыс нарығынан 3,5 есе көп. Аталған нарықтың көлемі алдағы 6 жылда елімізде 250 млн долларға жетпек. Демек тапсырыс беруші мен жеткізуші арасын делдалсыз жалғайтын «Онлайн Маркетплейстер» платформасын қолдану тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым нысандарының бағасын арзандатады деуге болады. Бұл тараптардың операциялық шығындарын орта есеппен 20 пайызға төмендетеді. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді оффтейк-келісімдерді енгізу де үй құрылысы комбинаттары мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді жұмыспен қамтиды. Егер құрылыстың өзіндік құнындағы материалдар үлесі 55 пайыздан жоғары екенін ескерсек, онда құрылыс бағасының 1 шаршы метрі 10 пайызға төмендейді», – дейді холдинг басшысы.

Бұл тұрғын үй бағасының айтарлықтай арзандап, қолжетімді бола түсуін қамтамасыз етеді.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Айтжан МҰРЗАНОВ (ФОТО)