Нұр-Сұлтанда айыппұл тұрағына 1 мыңнан астам машина жіберілді
Нұр-Сұлтанда айыппұл тұрағына 1 мыңнан астам машина жіберілді
© Сурет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтынан
Карантин режимін бұзғаны үшін қалада 1 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына жіберілді, – деп хабарлады елорда әкімдігінің сайты. Дереккөздің мәліметінше, бұл үшін қосымша 4 айыппұл тұрағы ашылды. Полиция қызметкерлері бақылауды күшейтті. Олар тәулік бойы қалада кезекшілік жұмыстарын атқарып жатыр. Мобильді топтар, жаяу нарядтар жұмылдырылды. Өткізу-бақылау бекеттеріндегі жағдай дрон арқылы қадағаланып жатыр. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 2 700-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 200-ге жуық адам қамауға алынды, 1800-ден астам адамға айыппұл салынды.
"Карантин режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылды. Тәртіпбұзушылық  қатаң жауапкершілікке тартылады. Қалада себепсіз қатынаған тұрғындардың көлігін айыппұл тұрағына, ал істі сотқа жібереміз! Полиция қызметкерлері аулаларды да тексеріп жатыр. Адамдарға көшеде жүруге қатаң тыйым салынады. Коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де бар. Өз уақытыңыз бен біздің уақытымызды зая кетірмеңіз. Барлық шаралар сіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды", - деп атап өтті қалалық полиция департаменті.
Естеріңізге сала кетейік, тұрғындарға жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне/дәріханаға, медициналық қызмет алу үшін және қызметі рұқсат етілген жағдайда жұмысқа бару үшін үйден шығуға рұқсат.