Биыл елімізде автожолдардың әр шақырымын салу бюджетке шамамен 71,5 миллион теңгеге түспек. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа «Нұрлы жол» мембағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Пандемия және төтенше жағдай шектеулерінен әуетасымалы қатты зардап шеккені мәлім: ішкі рейстер 100%, халықаралық бағыттағы ұшулардың 98%-ы тоқтатылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов соған қарамастан, 2020 жылдың 1-тоқсанында жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болғанын айтады: 1,7 млн жолаушы тасымалдап үлгеріпті. Бұл 2019 жылғы 3 айдан 5,2%-ға артық. – Биыл Түркістандағы жаңа халықаралық әуежайды және Шымкент әуежайының жаңа жолаушылар терминалын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастаймыз. Қаржы бөлінсе, Өскемен және Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағын қайта жаңартамыз. Алдағы 5 жылда елде 13 аэродром салынады. Әзірге жергілікті әуежелілерінің 3 әуеайлағы жұмыс істейді, – деді министр. Әуетасымалы тоқтатылған кезге дейін Қазақстанның 26 шетел мемлекетімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуеқатынасы болған. «Жақын арада біз қалыпты жұмыс режиміне оралып, барлық ұшуларды қалпына келтіреміз, азаматтық авиация саласында жоспарланған барлық міндетті орындаймыз деген үміттеміз. Жалпы, Қазақстанның азаматтық авиациясы өкілдерінің болжамынша, авиация саласындағы операциялық кірістің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгеге жетуі мүмкін», – деді Б.Атамқұлов. Тұтастай алғанда, 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» жалпы құны 5,5 трлн теңге тұратын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды қарастырады. «Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолды салу және реконструкциялау, сондай-ақ республикалық желідегі 11 мың шақырым автожолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Автожол саласына жалпы көлемі 3,5 трлн теңге шығындалады. Бағдарлама арқасында 5 жылда республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100%-ға дейін жеткізіледі. Қазақстанда ақылы жолдардың үлесі 45%-ға дейін ұлғайтылады», – деді Бейбіт Атамқұлов. Оның айтуынша, 2020 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөнделеді: автожол саласының биылғы бюджеті 680 миллиард теңге. Оның ішінде республикалық желіге – 421 млрд, ал жергілікті желіге – 259 млрд теңге бағытталады. Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым республикалық автожолды салу және реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылатынын атап өтті. – Осы жылы пайдалануға берілетін республикалық маңызды жолдар көлемі былтырғыдан 4 есе артық. 2020 жылы 3,5 мың шақырым жергілікті маңызы бар жол жөндеуден өтеді. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымды жұмыс жүргізілмеген. Яғни, рекорд. Ендеше біздің міндетіміз – осы жоспарды толығымен орындау. Барлық күшті соған жұмылдыру қажет, – деді Үкімет жетекшісі.
Елдос СЕНБАЙ