31 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, елдегі төтенше жағдайға байланысты Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Осы орайда, Мемлекет басшысы пандемия індетінің кесірінен жұмыссыз, табыссыз қалған азаматтарға берілетін 42 500 теңге әлеуметтік көмек алатындар санатын кеңейту керегін ескертті. Аталған тізімге салық төлеушілерден бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар да енді. Қазіргі кезде жұмыс орындары уақытша тоқтап, қалада карантин жарияланған кезде адамдардың көпшілігі қолда барды қанағат тұтуда. Ал мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаражат тұрғындардың күнделікті тұрмысына үлкен қолдау болып отыр. Олар үшін 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің көмегі зор. Бүгінде Алматыда аталған әлеуметтік жәрдемақыны 361 548 адам алып үлгерген. Оларға жалпы 15,4 млрд теңге берілді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы өтініш білдіргендер саны – 830 315 адам. Бұдан бөлек, Алматыда төтенше жағдай режимі кезінде 62 мыңға жуық азаматқа әлеуметтік көмек берілген. Бұл көмекті алғандар қатарында І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар, жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған азаматтар бар. Ал Атырау облысында 107 мың адам 42 500 теңге алды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, 42 500 теңгенің әлеуметтік төлемін алуға 141 037 адам өтініш берген. Соның ішінде 118 996 азаматтың өтініші мақұлданған. Бүгінге дейін 107 340 адамның есепшотына аталған сомадағы әлеуметтік төлем қаржысы түскен. Қазіргі уақытта төтенше жағдай мерзімінің ұзартылуына байланысты әлеуметтік төлем алуды ресімдеу әлі де жалғасуда. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем алу үшін шымкенттік 471 971 азаматтан өтініш түскен. Алайда 42 500 теңге 228 223 тұрғынға тағайындалған. Қалалық әкімдіктің дерегінше, 216 379 тұрғынның өтініші тағайындалуға жатпайтыны анықталып, кері қайтарылды. Сонымен қатар әлеуметтік төлем алатын азаматтардың 12 549-ына проактивті түрде көмек тағайындалған. Қорыта айтқанда, бүгінге дейін жалпы саны 210 684 адамға 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем төленген.
Әбілмансұр ЖАСАН