Дәрігерлердің өзі науқасқа айналды
Дәрігерлердің өзі науқасқа айналды
147
оқылды
COVID-19 індетімен күрес оңай болмай тұр. Пандемия қазір экономиканы, қоғам­дық қатынасты, адам­дардың жүйкесін ғана емес, тұтас сала­ларды сынақ­қа алып тұр­ған жайы бар. Әсі­ресе, ден­саулық сақтау сала­сын­дағы сынақ тым тегеурінді болып тұр. Өйткені елімізде коронавирус жұқтырған ме­ди­цина қызметкерлерінің саны жаһандағы орташа көр­сет­­кіштен жоғары. Соңғы деректерге қарағанда, елімізде 537 медперсонал коро­навирус жұқтырған. Бұл мөлшер елімізде коронавирус жұқтырған адамдардың жалпы санының 27,5 пайызын құрайды. Ал әлемде бұл көрсеткіш әлде­қайда төмен. Тіпті, ДДСҰ вирус жұқтырған дәрігерлер үлесінің 10 пайызға жеткені үшін дабыл қаққаны бар. Ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус медперсоналдың вирус жұқтыруын дабыл қаға­тын мәселе ретінде айтып, «Біз ме­дицина қызметкерлері арасын­да вирус жұқтырғандардың кө­бейе бастағанынан алаңдап отыр­мыз. Кейбір мемлекеттерде медперсоналдың вирус жұқтыру деңгейі 10 пайызға дейін жеткені жөнінде мәлімет бар. Бұл – алаңдататын үрдіс» деген еді. Ал бізде сөз басында айтқанымыздай, 27 пайыздан асып кеткен. Са­лыстырар болсақ, сәуірдің басында Түркияда медперсонал арасында коронавирус жұқтырғандар саны 601-ге жетіп еді. Ол кезде Түркияда індетке шалдыққандар 15 679 адам болған-ды. Демек, түрік дәрігерлерінің вирус жұқтыру деңгейі 3,8 пайыз болған. Біздегі көрсеткіштен шамамен 7,1 есеге аз. Әрине, соңғы кездері түріктер медицина қызметкерлерінің қаншасы індет жұқтырғанын айтпай отыр. Ал елде жалпы саны 86 мыңнан астам адам сырқатқа шалдыққан. Бұл өз кезегінде мед­персоналдың да індет жұқтыру ықтималдығы өскенін аңғартары сөзсіз. Бірақ қалай болғанда да өзге елдерде дәрігердің вирус жұқтыру деңгейі біздегіден төмен. Айталық, сәуірдің басында Испанияда бұл көрсеткіш – 14 пайыз, Италияда 8 пайыз болды. Ал індет алғаш рет тіркеліп, пандемиямен күрестің алғашқы ауыртпалығын көрген Қытайда дәрігердің індет жұқтыру деңгейі 3 пайыздан аспады.  

Саладағы салғырттық па, не дейміз?

Медицина қызметкерлерінің өздері күресіп жатқан індетті жұқтыруына әзірге нақты баға беру қиын. Дегенмен біздің пайым­дауымызша, бұл жағдай еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы олқылықты анық байқатып тұр. Сонымен қатар пандемиямен күрес тәжірибеміздің болмауы да салқынын тигізіп тұрғанға ұқсайды. Алдымен саладағы сал­ғырт­тыққа тоқталар болсақ, әу бас­та дәрігерлерге тиісті қорға­ныс жабдықтарының, атап айт­қанда бетперденің, тиісті киім-кешек­тің жеткілікті деңгейде беріл­мегенін атап өткен жөн. Бір­қатар аймақтарда медицина меке­ме­лерінің басшылары індет­пен күресуге даяр болмағанын байқаймыз. Мәселен, жамбыл­дық Толқынай Ордабаева есім­ді дәрігердің қоғамды дүр сілкін­дірген мәлімдемесін тексеру ба­ры­сында медицина мекемесі бас­шы­сының қызметкерлерді тиісті керек-жарақпен қамтамасыз ете алмағаны белгілі болған-ды. Одан бөлек, қоғам белсенділері Алматыда індет жұқтырған дәрі­герлердің әу баста сақтық шарасын жасауға мүмкіндігі болмағанын айтады. Белсенді азамат Нұраддин Садықов Facebook парақшасында Алматыдағы И.Жекенов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің мәселесін көтер­гені бар. Ол әлеуметтік желіге «Коро­навируспен аяусыз күрес жүргізіп жатқан Алматыдағы И.Жекенов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының «Оты­рар» қонақүйінде жатқан 60 қызметкері (дәрігер, медбике, мейір­бике, санитарлар) расында өз ақшаларына тамақ сатып алып, жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынап барады екен!» деп жазды. Рас, кейін мәселе шешілді. Онда да қоғам белсенділерінің шу шығаруының арқасында жағдай реттелді. Алайда аталған оқиға денсаулық сақтау саласындағы менед­жменттің олқылығын ашық көрсетті. Кейін Алматыдағы №12 аурухана дәрігерлерін айыптаған қаланың сол кездегі бас санитар дәрігерінің сөзі осы сөзімізге та­ғы бір дәлел. Қаланың бұрынғы бас санитар дәрігері Айзат Мол­дағасымова медперсоналдың жаппай вирус жұқтыруының себебі ретінде дәрігерлердің қажетті қауіпсіздік шарасын сақтамауы мүмкін екенін айтқан. Өз кезе­гінде аурухана қызметкерлері А.Молдағасымованы жала жап­ты деп айыптап, Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған-ды. Тағы бір мысал ретінде дәрігер Ғабит Нұрханұлының әлеуметтік желідегі пікірін келтіруге болады. Әу баста өздерінің тиісті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілмей жатқанын жазып келе жатқан астаналық дәрігер 19 сәуір күні «Шыдам берсін, медиктер бірінен соң бірі алдыңғы шепте жалаң қолмен жауға қойғандай мұрттай ұшып жатыр. Берген костюмі дым қорғамайды, өткен сменде ауыр науқас қабылдап едік, үйінде отырған қарт кісі, қыздары келіп жұқтырған, қайтыс болды. Сол аралықта біздің бір медбике қызға жұқтырып үлгерді» деп жазды. Мұның өзі дәрігерлерді керек-жарақпен қамтамасыз етуде олқылықтар бар екенін көрсетеді. Екіншіден, бұл кемшіліктердің барлығы сөз басында айтқаны­мыздай, еліміздегі тиісті мекеме­лердің пандемиямен күресте тәжірибесінің жоқтығын, бұл ба­ғытта тиісті даярлық жүргізіл­мегенін аңғартып тұр. Әрине, болуы мүмкін төтенше жағдайға қатысты бұрын түрлі жаттығу өтіп тұратын. Бірақ олардың көбі өрт, зілзала, су тасқыны, қар көшкіні тәрізді апаттың зардабын жоюға бағытталатынын көзіміз көріп жүрді. Әрі төтенше жағдайдың алдын алу мен зардабын жоюға қатысты оқу-жаттығуды көбіне ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің құрылымдары ұйым­дастырып жататын. Ал эпидемияға қарсы күреске байланысты жат­тығу өткізілгенін естімеппіз. Бәлкім, дәрігерлер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, барыс-келіс жасаған да шығар. Ол жағы бізге беймәлім. Алайда COVID-19 елімізде дәрігерлер ғана емес, тұтас қоғамның төтенше жағдайға даяр емес екенін көрсетті. Біз SARS вирусы, доңыз тұмауы тәрізді індеттің зардабын тартқан Азия елдерінің тәжірибесін ескер­­мегеніміз байқалып қалды. Шамасы жаһанды шарпитындай пандемия тарала қоймайды деп ойласақ керек.      width=Нұраддин САДЫҚОВ, қоғам белсендісі: – Әрине, бұл менің жеке көзқарасым. Дегенмен өз басым басты қателік менеджменттен кеткен деген пікірдемін. Оны жасырудың қажеті жоқ. Яғни, дайындық жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Алматы қаласында дәрігерлерге вирустың көп жұғуы тікелей басшылықтың қателігі. Қарапайым қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Оған түрткі болған қажетті медициналық жабдықтың, бетперденің, халаттың жетіспеуі. Атырауда, Маңғыстауда, басқа жерде де солай. Дәрігерлердің салғырттығынан болған жағдай да кездескен шығар. Бірақ көп жағдайға жабдықтардың жетіспеушілігі себеп болды. Мәселен, бір рет киетін киімді, бетпердені бірнеше рет қолданған жағдай кездесті. Қысқасы, сондай жағдайдың кесірі тиді. Одан бөлек, бұл аурумен бетпе-бет кездесіп отырғандықтан нақты нұсқаулық болмады-ау деп ойлаймын. Төтенше жағдай жарияланбай тұрып дәрігерлер, лаборанттар және өзге де қызметкерлер өздері барып қан, анализ алу процесін жүргізген. Қоғамдық көлікпен жүрген. «Отырар» қонақүйінде жатқан қызметкерлердің арнайы көлікпен оқшауланып, тасымалданбауы, №12 ауруханадағы жағдай, қысқасы олқылықтың барлығы менеджменттің қателігі деп білемін.    

Санадағы бейқамдық та әсер етті

Дәрігерлердің вирус жұқ­тырып алуына біздің ойымызша, дүние­таным мен стереотип әсер еткен тәрізді. Өйткені қоғам әу баста коро­навирусты тым қауіпті деп санамағанын байқаймыз. «Ет жегендерге жұқпайды», «мұсыл­мандарға жұқпайды» деген қауесет бұқараның арасында желдей есті. Қарапайым бет­перденің вирустан қорғап, қор­ғамайтынына қатысты әң­гіме көп тарады. Одан соң мед­персоналдың қоғамдағы кез кел­ген сала мамандары тәрізді өз басшыларына қарсы келе ал­майтыны, атқамінерлердің қы­сым жасауынан сескенуі, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етуді талап ете алмауы да қапы қал­дырған тәрізді. Осы тұста ойлау жүйеміз бен «бір шекпеннен шық­қанымыздың» ұқсастығын Ресейден де байқауға болады. Көрші елде де дәрігерлердің арасында вирус жұқтыру деңгейі өршіп келеді. Айталық, жақында ғана Екатеринбург қаласындағы №1 аурухананың 78 пациенті мен дәрігері вирус жұқтырды. Әлеуметтік желілерде ондағы сақтық шарасының да нашар екенін айғақтайтын видео толып жүр. Демек, посткеңестік елдерде дәрігердің вирус жұқтыруы «біз­дің медицина мықты, вирустың таралуы саясат» деген ойдың сана түпкірінде жатқанын байқа­татын тәрізді. Ал қоғамда ішінара айтылып қалатын «дәрігерлер вирусты мемлекет бөлетін қар­жыны алу үшін жұқтырып жатыр» деген әңгіменің еш қисыны жоқ. Өйткені бұл саланың мамандары кез келген дерттің «орыс рулет­касы» екенін жақсы біледі. Сон­дықтан «әдейі жұқтырды» деген уәжді бірден жоққа шығарамыз.   Түйін:

Қазақстандық дәрігерлердің вирус жұқтырып алғаны һәм жал­пы ауырғандар санының бестен біріне жеткені алаңдататын мә­селе. Өйткені олар індетпен күрестің алғы шебінде жүр. Әрі індет жұқтырғандарды емдеуге тиіс мамандардың өздері ауы­рып қалар болса, оларды алмас­тыра қояр дәрігер табу да оңай емес. Сон­дықтан осы жағдай сала басшы­ларын мықтап ойландыруы тиіс.

 

 width=   Амангелді ҚҰРМЕТ