COVID-19 індетімен күрес оңай болмай тұр. Пандемия қазір экономиканы, қоғамдық қатынасты, адамдардың жүйкесін ғана емес, тұтас салаларды сынаққа алып тұрған жайы бар. Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы сынақ тым тегеурінді болып тұр. Өйткені елімізде коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны жаһандағы орташа көрсеткіштен жоғары. Соңғы деректерге қарағанда, елімізде 537 медперсонал коронавирус жұқтырған. Бұл мөлшер елімізде коронавирус жұқтырған адамдардың жалпы санының 27,5 пайызын құрайды. Ал әлемде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Тіпті, ДДСҰ вирус жұқтырған дәрігерлер үлесінің 10 пайызға жеткені үшін дабыл қаққаны бар. Ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус медперсоналдың вирус жұқтыруын дабыл қағатын мәселе ретінде айтып, «Біз медицина қызметкерлері арасында вирус жұқтырғандардың көбейе бастағанынан алаңдап отырмыз. Кейбір мемлекеттерде медперсоналдың вирус жұқтыру деңгейі 10 пайызға дейін жеткені жөнінде мәлімет бар. Бұл – алаңдататын үрдіс» деген еді. Ал бізде сөз басында айтқанымыздай, 27 пайыздан асып кеткен. Салыстырар болсақ, сәуірдің басында Түркияда медперсонал арасында коронавирус жұқтырғандар саны 601-ге жетіп еді. Ол кезде Түркияда індетке шалдыққандар 15 679 адам болған-ды. Демек, түрік дәрігерлерінің вирус жұқтыру деңгейі 3,8 пайыз болған. Біздегі көрсеткіштен шамамен 7,1 есеге аз. Әрине, соңғы кездері түріктер медицина қызметкерлерінің қаншасы індет жұқтырғанын айтпай отыр. Ал елде жалпы саны 86 мыңнан астам адам сырқатқа шалдыққан. Бұл өз кезегінде медперсоналдың да індет жұқтыру ықтималдығы өскенін аңғартары сөзсіз. Бірақ қалай болғанда да өзге елдерде дәрігердің вирус жұқтыру деңгейі біздегіден төмен. Айталық, сәуірдің басында Испанияда бұл көрсеткіш – 14 пайыз, Италияда 8 пайыз болды. Ал індет алғаш рет тіркеліп, пандемиямен күрестің алғашқы ауыртпалығын көрген Қытайда дәрігердің індет жұқтыру деңгейі 3 пайыздан аспады.
Саладағы салғырттық па, не дейміз?
Медицина қызметкерлерінің өздері күресіп жатқан індетті жұқтыруына әзірге нақты баға беру қиын. Дегенмен біздің пайымдауымызша, бұл жағдай еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы олқылықты анық байқатып тұр. Сонымен қатар пандемиямен күрес тәжірибеміздің болмауы да салқынын тигізіп тұрғанға ұқсайды. Алдымен саладағы салғырттыққа тоқталар болсақ, әу баста дәрігерлерге тиісті қорғаныс жабдықтарының, атап айтқанда бетперденің, тиісті киім-кешектің жеткілікті деңгейде берілмегенін атап өткен жөн. Бірқатар аймақтарда медицина мекемелерінің басшылары індетпен күресуге даяр болмағанын байқаймыз. Мәселен, жамбылдық Толқынай Ордабаева есімді дәрігердің қоғамды дүр сілкіндірген мәлімдемесін тексеру барысында медицина мекемесі басшысының қызметкерлерді тиісті керек-жарақпен қамтамасыз ете алмағаны белгілі болған-ды. Одан бөлек, қоғам белсенділері Алматыда індет жұқтырған дәрігерлердің әу баста сақтық шарасын жасауға мүмкіндігі болмағанын айтады. Белсенді азамат Нұраддин Садықов Facebook парақшасында Алматыдағы И.Жекенов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің мәселесін көтергені бар. Ол әлеуметтік желіге «Коронавируспен аяусыз күрес жүргізіп жатқан Алматыдағы И.Жекенов атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының «Отырар» қонақүйінде жатқан 60 қызметкері (дәрігер, медбике, мейірбике, санитарлар) расында өз ақшаларына тамақ сатып алып, жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынап барады екен!» деп жазды. Рас, кейін мәселе шешілді. Онда да қоғам белсенділерінің шу шығаруының арқасында жағдай реттелді. Алайда аталған оқиға денсаулық сақтау саласындағы менеджменттің олқылығын ашық көрсетті. Кейін Алматыдағы №12 аурухана дәрігерлерін айыптаған қаланың сол кездегі бас санитар дәрігерінің сөзі осы сөзімізге тағы бір дәлел. Қаланың бұрынғы бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова медперсоналдың жаппай вирус жұқтыруының себебі ретінде дәрігерлердің қажетті қауіпсіздік шарасын сақтамауы мүмкін екенін айтқан. Өз кезегінде аурухана қызметкерлері А.Молдағасымованы жала жапты деп айыптап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған-ды. Тағы бір мысал ретінде дәрігер Ғабит Нұрханұлының әлеуметтік желідегі пікірін келтіруге болады. Әу баста өздерінің тиісті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілмей жатқанын жазып келе жатқан астаналық дәрігер 19 сәуір күні «Шыдам берсін, медиктер бірінен соң бірі алдыңғы шепте жалаң қолмен жауға қойғандай мұрттай ұшып жатыр. Берген костюмі дым қорғамайды, өткен сменде ауыр науқас қабылдап едік, үйінде отырған қарт кісі, қыздары келіп жұқтырған, қайтыс болды. Сол аралықта біздің бір медбике қызға жұқтырып үлгерді» деп жазды. Мұның өзі дәрігерлерді керек-жарақпен қамтамасыз етуде олқылықтар бар екенін көрсетеді. Екіншіден, бұл кемшіліктердің барлығы сөз басында айтқанымыздай, еліміздегі тиісті мекемелердің пандемиямен күресте тәжірибесінің жоқтығын, бұл бағытта тиісті даярлық жүргізілмегенін аңғартып тұр. Әрине, болуы мүмкін төтенше жағдайға қатысты бұрын түрлі жаттығу өтіп тұратын. Бірақ олардың көбі өрт, зілзала, су тасқыны, қар көшкіні тәрізді апаттың зардабын жоюға бағытталатынын көзіміз көріп жүрді. Әрі төтенше жағдайдың алдын алу мен зардабын жоюға қатысты оқу-жаттығуды көбіне ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің құрылымдары ұйымдастырып жататын. Ал эпидемияға қарсы күреске байланысты жаттығу өткізілгенін естімеппіз. Бәлкім, дәрігерлер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, барыс-келіс жасаған да шығар. Ол жағы бізге беймәлім. Алайда COVID-19 елімізде дәрігерлер ғана емес, тұтас қоғамның төтенше жағдайға даяр емес екенін көрсетті. Біз SARS вирусы, доңыз тұмауы тәрізді індеттің зардабын тартқан Азия елдерінің тәжірибесін ескермегеніміз байқалып қалды. Шамасы жаһанды шарпитындай пандемия тарала қоймайды деп ойласақ керек.Санадағы бейқамдық та әсер етті
Дәрігерлердің вирус жұқтырып алуына біздің ойымызша, дүниетаным мен стереотип әсер еткен тәрізді. Өйткені қоғам әу баста коронавирусты тым қауіпті деп санамағанын байқаймыз. «Ет жегендерге жұқпайды», «мұсылмандарға жұқпайды» деген қауесет бұқараның арасында желдей есті. Қарапайым бетперденің вирустан қорғап, қорғамайтынына қатысты әңгіме көп тарады. Одан соң медперсоналдың қоғамдағы кез келген сала мамандары тәрізді өз басшыларына қарсы келе алмайтыны, атқамінерлердің қысым жасауынан сескенуі, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етуді талап ете алмауы да қапы қалдырған тәрізді. Осы тұста ойлау жүйеміз бен «бір шекпеннен шыққанымыздың» ұқсастығын Ресейден де байқауға болады. Көрші елде де дәрігерлердің арасында вирус жұқтыру деңгейі өршіп келеді. Айталық, жақында ғана Екатеринбург қаласындағы №1 аурухананың 78 пациенті мен дәрігері вирус жұқтырды. Әлеуметтік желілерде ондағы сақтық шарасының да нашар екенін айғақтайтын видео толып жүр. Демек, посткеңестік елдерде дәрігердің вирус жұқтыруы «біздің медицина мықты, вирустың таралуы саясат» деген ойдың сана түпкірінде жатқанын байқататын тәрізді. Ал қоғамда ішінара айтылып қалатын «дәрігерлер вирусты мемлекет бөлетін қаржыны алу үшін жұқтырып жатыр» деген әңгіменің еш қисыны жоқ. Өйткені бұл саланың мамандары кез келген дерттің «орыс рулеткасы» екенін жақсы біледі. Сондықтан «әдейі жұқтырды» деген уәжді бірден жоққа шығарамыз. Түйін:Қазақстандық дәрігерлердің вирус жұқтырып алғаны һәм жалпы ауырғандар санының бестен біріне жеткені алаңдататын мәселе. Өйткені олар індетпен күрестің алғы шебінде жүр. Әрі індет жұқтырғандарды емдеуге тиіс мамандардың өздері ауырып қалар болса, оларды алмастыра қояр дәрігер табу да оңай емес. Сондықтан осы жағдай сала басшыларын мықтап ойландыруы тиіс.